ҚазАқпарат-Анонс: қыркүйектің 17-сі мен 19-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Қыркүйектің 17-сінде «Интерконтиненталь» қонақүйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың қатысуымен Қазақстанның ІТ-кәсіпорындарының екінші съезі өтеді.

Қыркүйектің 17-сінде Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Иордания Премьер-Министрі келісімге қол қояды.

Қыркүйектің 17-сінде Премьер-Министр К.Мәсімовтың қатысуымен Иордания сауда орталығының ашылу рәсімі өтеді.

Қыркүйектің 17-сінде «Риксос» отелінде К.Мәсімовтың қатысуымен Қазақстан-Иордания іскерлік кеңесінің 4-ші мәжілісі өтеді.

Қыркүйектің 17-сінде Президенттік мәдениет орталығында Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммедтің қатысуымен ғалым Г.Н.Потаниннің 175 жылдығына арналған шара өтеді.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев қыркүйектің 29-ында Ереван қаласында өтетін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жоғары қаржы бақылау органдары басшылары кеңесінің X сессиясының жұмысына қатысады.

ПАРЛАМЕНТ

СЫРТҚЫ САЯСАТ

Қыркүйектің 9-ы мен 25-і аралығында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының «Бейбіт мақсат-2010» оқулары өтеді. Жетінші рет өткізілейін деп отырған оуларға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстанның 5 мыңнан астам әскери қызметкерлері қатысады.

Қазан айының 20-23-і аралығында ТМД-ның Қаржылық-банктер кеңесі мен Әзірбайжанның Халықаралық банкі Достастықтың Атқарушы комитетінің қолдауымен Бакуде халықаралық конференция өткізеді.

Қыркүйектің 16-17-сі күндері Венада «ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерде электронды дауыс беруді қолданудың қазіргі жағдайы мен перспективасы» деген тақырыпта семинар өтеді.

ҚОҒАМ

Қазақстанның цирк әртістері қыркүйектің 16-сы мен 21-і аралығында Петерборда өтетін «Жаңа туындылар жәрмеңкесі» І Дүниежүзілік цирк режиссурасы фестиваліне қатысады.

Қыркүйектің 17-сінде өтетін ТМД Экономикалық кеңесінің кезекті мәжілісі өтеді

Қыркүйектің 17-сінде Санкт-Петербургта Достастық елдерінің Ішкі істер министрлерінің кеңесі кезекті жиналыста бас қосады. Мәжілістің күнтәртібіне қылмыспен, адамдарды құлдыққа сатумен күресуге, Интерполмен өзара іс-қимылдарға, адамның құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты мәселелері қойылып отыр. Министрлер сондай-ақ дактилоскопиялық мәліметтер базаларының және телекоммуникациялық байланыс жүйелерінің автоматтандырылған біртұтас желісін құру мәселесін де талқыламақ.

Қазан айының 29-ы күні Петербордағы Таврия сарайында ТМД Парламентаралық ассамблеясының ұйытқы болуымен «Жолдардағы қауіпсіздік - өмір қауіпсіздігі» атты ІІІ халықаралық конгрес өтеді.

СПОРТ

Қыркүйектің 9-19-ы күндері Барбодостың Бриджтаун қаласында бокстан Әлем чемпионаты өтеді, оған еліміздің бокстан ұлттық құрамасы қатысады.

Үндістанның Калькутта қаласында қыркүйектің 17-20-сы күндері волейболдан Орталық аймақ елдерінің ІІІ Азия чемпионаты өтеді.

Қыркүйектің 17-19-ы күндері Астанада Қазақстан мен Швейцария теннис командаларының арасына «Дэвис кубогы» әлемдік тобының плей-офф кезеңінің ойыны өтеді.

Қазақстандық боксшы Михаил Криницын қыркүйектің 18-і күні Ташкентте Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) Азиялық бокс кеңесінің бос тұрған чемпиондық атағы үшін ресейлік Максим Власовпен 12 раундтық жекпе-жек өткізеді.

Қыркүйектің 19-ы мен 25-і аралығында Қытайдың Тайсанг қаласында әйелдер командалары арасында II Азия кубогы үшін жарыс өтеді.

АСТАНА

Қыркүйектің 17-19-ы күндері Астанада Қазақстан мен Швейцария теннис командаларының арасына «Дэвис кубогы» әлемдік тобының плей-офф кезеңінің ойыны өтеді.

Қыркүйектің 17-сінде «Бейжі Палас» қонақүйінде «Нұр Отан» ХДП Халықтық тұғырнамасының жүзеге асырылу барысы туралы» ғылыми-тәжірибелік семинар өтеді.

Қыркүйектің 17-сінде Астана әкімдігінде «Мемлекеттік тіл: бүгін және ертең» деген тақырыпқа арналған «дөңгелек үстел» отырысы болады.

Қыркүйектің 17-сінде Сыртқы істер министрлігінде БҰҰ паспорттарын визалық талаптардан босату туралы келісімшартқа қол қойылады.

АЛМАТЫ

Қыркүйектің 16-17-сі күндері Алматыда «Орталық Азиядағы жеңіл және атыс қаруының заңсыз айналымымен күрес» тақырыбында семинар өтеді. Шараны ҚР Қорғаныс министрлігі ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси өлшемі міндеттерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығымен бірлесіп өткізгелі отыр.

Алматыда қыркүйектің 16-17 күндері «Мұнайгаз кешенінің ғылыми-техникалық дамуы» атты VІІІ халықаралық Нәдір Нәдіров ғылыми оқулары өтеді.

Қыркүйектің 18-інде Астанада Қазақстан футбол клубтарының дәрігерлеріне арналған семинар болады. Оны әлемге танымал неміс маманы, доктор Томас Пфайфер өткізеді. Шараны Қазақстан футбол федерациясы мен «Локомотив» футбол клубы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Семинардың басты мақсаты - отандық спорт саласындағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру.

Алматыда қыркүйектің 21-25-і күндеріаралығында өтетін VI-шы Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында Француз киносының бірінші фестивалі өтеді.

АЙМАҚ

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН

Қыркүйектің 18-інде Оралда дәстүрлі қала күні аталып өтіледі.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 17-І, ЖҰМА

Америка Құрама Штаттарының Конституция және Азаматығы күні.

2001 жылы АҚШ Президентінің бұйрығымен 17 қыркүйек АҚШ-тың Конституция және Азаматығы күні болып жарияланды.

Украинада құтқарушылар күні.

Украина Президентінің 2008 жылғы 12 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген, жыл сайын қыркүйек айының екінші сенбісінде атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

290 жыл бұрын (1720) Павлодар қаласының негізі қаланды.

1720 жылы қала кішігірім Коряковский негізінен бастау алады. Қазіргі атауын 1861 жылы ІІ Александрдың жаңа туған ұлының құрметіне алған, сол кезде оған Коряковтың ірі татар, орыс және қазақ кәсіпкерлері кірген көпестер қауымының сұрауы бойынша берілген.

Павлодар қаласы Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, Ертіс өзенінің бойында, Павлодар облысының әкімшілік орталығы. Қаланың құрамына Ленинск кенті, Мойылды, Павлодарлық ауылдары және Кенжекөл ауылдық округы кіреді. Қаланың жалпы ауданы 637,8 мың шаршы метрді құрайды. Қала тұрғындарының саны - 331700 тұрғын (2009).

Павлодарда мұнай өндеуші, химия, алюминь, электролиз, металлургиялық, картон-рубероид, машина жасау және трактор зауыттары жұмыс істейді.

80 жыл бұрын (1930) аудандық газет ретінде «Колхоз жолы» деген атаумен қазіргі «Көкшетау» қалалық газеті шыға бастады. Газет облыстың экономикалық, әлеуметтік саладағы жетістіктерін насихаттағаны үшін үш мәрте Бүкілодақтық шығармашылық байқаудың лауреаты атанған. 1980 жылы газет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 1990 жылдың қаңтар айынан бастап «Көкшетау» деген атпен шыға бастады.

6 жыл бұрын (2004) Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джон Ордвэй сенім грамотасын тапсырды.

6 жыл бұрын (2004) Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абдел Маугуд Ахмед Махмуд әл-Хабаши сенім грамотасын тапсырды.

3 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы «Каспий, «Тобыл» және «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын құру және олардың қызметтерін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

ЕСІМДЕР

130 жыл бұрын (1880-1919) ақын САБАЛҰЛЫ Ақылбек дүниеге келді.

Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында туған. Ахмет Риза мектебінде оқып, парсы, араб, түрік тілдерін жетік білген.

Ақындық өнерде Абайды ұстаз тұтқан. Шығыс әдебиетінің қисса-хикаяларын аударып, қазақ жазба әдебиетінің тақырып көлемін кеңейткен, оқиғалы поэма-дастандар жазып байытқан. «Таһир - Зуһра», «Бозжігіт», «Ибраһим», «Хикмет Ниғмет», «Қырық уәзір», «Алтын балық», «Дандан ғашық» қиссалардың, «Мағшұқнаме» - жастық-махаббат жайындағы өлеңдер, «Назым», «Сұм заман», «Ғибратнама», «Сәтбек батыр» атты шығармалардың авторы. Өз қолынан жазған еңбектерінен үш қолжазбасы бар.

Өлең-жырларының негізгі тақырыбы адамгершілік, адалдық, әділеттік, өнер-ғылым мәселелері. Оның кітаптары Мәскеу, Санкт-Петербор, Қазан қалаларының үлкен кітапханаларында сақталған. Бейіті Жалқайың баурайындағы Сарыой деген жерде.

125 жыл бұрын (1885-1948) әзірбайжан композиторы, музыка зерттеушісі, КСРО халық әртісі, Әзірбайжан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, әзірбайжан кәсіби музыкасының негізін салушылардың бірі ГАДЖИБЕКОВ Узеир Абдул Гусейн оғлы дүниеге келді.

Әзірбайжан мемлекеттік консерваториясының профессоры әрі оның директоры болған. 1945 жылдан Әзірбайжан Ғылым Академиясының Өнер институтын басқарған.

Ол тұңғыш әзірбайжан операсындағы «Ләйлі мен Мәжнүннің», «Рүстем мен Зухраб», «Асли мен Керем», «Көроғлы» операларының, «Ері мен зайыбы», «Аршин мал алан» сияқты музыкалық комедиялардың авторы. Композитор өзінің кантаталары, увертюралары арқылы әзірбайжанның симфония музыкасына үлкен үлес қосып, әзірбайжан халық аспаптар оркестрі үшін шығармалар, хорлар, әндер жазды. Сонымен қатар ол әзірбайжан халық әндері жинағының құрастырушысы.

Бірнеше ордендермен марапатталған. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1975 жылы Баку қаласында Гаджибековтің мұражай-үйі ашылды.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 18-І, СЕНБІ

Әзірбайжанның ұлттық музыка күні.

Әзірбайжандағы ұлттық музыка күні жыл сайын 18 қыркүйекте, Әзірбайжанның кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушы Узеир Абдул Гусейн оғлы Гаджибековтің туған күнінде атап өтіледі.

Арменияда астрономдардың күні.

Арменияның Халық батыры, армян ғалымы, астрофизика саласының негізін салушы Виктор Амбарцумянның туған күнінде жыл сайын аталып өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (2000) «Қазақстан Петролеум» қауымдастығы «Мұнай және газ геологиясы туралы ағылшын, қазақ, орыс тілдеріндегі» терминологиялық сөздігін шығарды.

Сөздікті құрастыруға республикаға белгілі, мұнай және газ өндіру саласына қатысты сарапшылар қатысқан. 3 мың данада шыққан терминологиялық сөздік барлық мұнай компаниясының қызметкерлеріне тегін таратылып берілген.

5 жыл бұрын (2005) Астанада АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (ЮСАИД), «ЭксонМобил» компаниясының және Қазақстандық несиелендіру орталығының қолдауымен Кәсіпкерлікті дамыту орталығы ашылды.

ЮСАИД-тың кәсіпкерлікті дамыту жобасының шеңберінде Орталық стратегиялық консалтинг бойынша қызмет көрсетеді, Астана қаласының кәсіпкерлері арасында нарық заңдарына негізделген қағидаларды жақсартуға бағытталған қаржы менеджменті, маркетинг және кадрларды басқару бойынша тренингтер өткізіледі.

3 жыл бұрын (2007) Ақмола облысы Бұланды ауданының әкімшілік орталығы Макинск қаласында республикамызда тұңғыш рет минералды мақта жылытқышы бар қабырға материалдарын шығаратын орталық iске қосылды.

Аталмыш материалдар үлкен сұранысқа ие, олар әсіресе ірі құрылыс нышандарына қажет материалдарды «NOVA KSi» ЖШС өндіреді. Шикізат Теміртау қаласындағы «Миттал Стил» корпорациясынан әкелінеді.

1 жыл бұрын (2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне қол қойды.

Заң денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жүйелендіруге, оны халықаралық норма мен стандарттарға үйлестіруге, ұлттық медицинаның мәртебесін, азаматтарға сапалы медициналық көмек және медициналық қызмет көрсету деңгейін арттыруға, сапалы дәрігерлік құралдармен, медициналық бұйымдармен және медициналық техникамен қамтамасыз етуге бағытталған.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Өркениеттің болашағы және өркениеттік серіктестіктің стратегиясы» атты ІІІ Өркениет форумында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Стратегия радикального обновления глобального сообщества и партнерство цивилизаций» атты кітабының таныстырылымы өтті.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1945) Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы Қызылорда облыстық ұйымының төрағасы, жазушы РАХМАТУЛЛА Жақсылық дүниеге келді.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген.

1979 жылдан бастап Қызылорда облысында Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы», облыстық «Ленин жолы», Сырдария аудандық «Сырдария» газеттерінде жауапты қызметтер атқарып, 1998-2008 жылдары Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы қызметін атқарған.

Әдеби дүниелері 1984 жылдан бастап республикалық баспасөздерде жарияланып келеді. Оның «Қолшатыр», «Шырағың сөнбесін», тағы басқа кітаптары жарық көрді. «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

55 жыл бұрын (1955) ғалым, өнертанушы, этнограф, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі ҚОҢЫРАТБАЙ Тынысбек Әуелбекұлы дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. Қызылорда педагогикалық институтын (Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті), Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.

Қызылорда педагогикалық институтының оқытушысы, «Өнер» баспасының редакторы, «Кітап жаршысы» газетінің редакторы, Қазақ педагогикалық институты қазақ музыкасы кафедрасының меңгерушісі, «Музыка әлемінде», «Қазақ және әлем әдебиеті» журналдарының бас редакторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры.

Қазақ музыкасының ежелгі дәуірін тұңғыш зерттеушілердің бірі. Еңбектерінде қазақ эпосы мен этнографиялық тарихын ұштастыра қарастырады.

«Қорқыт ата» атты симфониялық поэма, «Дала суреттері», т.б. соната, музыкалық пьеса, әндер жазған. Қазақ ауыз әдебиеті, әдебиет тарихының мәселелері мен күйшілік, әншілік дәстүрге арналған бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектердің, көптеген ғылыми мақалалардың авторы.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 19-Ы, ЖЕКСЕНБІ

Қазақстан Республикасы халқы тілдерінің күні.

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Қазақстанда жүзден аса ұлт және ұлыс өкілдері тұрады. Әр тілдің өзіндік тарихы, басқа да тілдердің тағдырымен байланысты өз тағдыры бар. Тіл арқылы адамдар бір-бірін тауып, рухани мәдениетті, салт-дәстүрді түсінуге үйренеді.

«Смайлдың» туған күні.

1982 жылы 19 қыркүйекте Карнеги - Меллон университетінің профессоры Скотт Фальман (Scott E. Fahlman) компьютерде терілетін мәтінге «күлімсіреп тұрған бет-әлпетті» көрсету үш қос нүкте, дефис және жабылатын жақшадан тұратын қатар келген үш символды пайдалануды ұсынды.

Алғаш рет смайликті пайдаланған хабарлама 2002 жылы пленкада сақталған хабарландырулар тақтасының мұрағатынан табылды.

25 жыл ішінде смайлик электрондық қарым-қатынастың айнымас белгісі болып қалды. Ол чат немесе электрондық поштамен қарым-қатынас жасауда дауыс интонациясы мен ым-ишараның жетіспей тұрғанын түсінді. Смайликтер әңгімелесушіні дұрыс түсінуге, оның көңіл-күйін байқауға көмектеседі, олар өте қызық және жағымды эмоция тудырады.

ОҚИҒАЛАР

55 жыл бұрын (1955) Оралда «Уралагрореммаш» зауытының негізі қаланды.

Зауыт орманды қорғау станциясының орына салынды. Кәсіпорын тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде іске қосылып, ауыл шаруашылық техникасын жөндеу саласында мамандандырылды. Сол жылдары кәсіпорын өзінің саласы бойынша республикамыздағы және Одақтағы зауыттар арасында алдыңғы қатарларға шықты. Кәсіпорын Қазақстандағы зауыттар арасында бірінші болып Ленин және Қазан көтерілісі ордендерімен марапатталды. Қазіргі уақытта «Уралагрореммаш» АҚ ауыл шаруашылық және өртке қарсы техникаларын шығарады, соның ішінде ЖВП-9 жаток маркасы мен зиянды жәндіктерді жою жұмыстарына арналған бүріккіштер бар. Кәсіпорның қуаттылығы жылдан-жылға өсіп келе жатыр, біздің республикамызда және шетелде сұраныстағы жаңа өнімдердің түрлері шығарылып жатыр. Кәсіпорында металл және темірбетон құрастырмаларын тоттан қорғайтын ыстық мырыш желісі іске қосылған. Осындай өңдеуден өткен металдар өзінің алғашқы кейпін жағымсыз экологиялық ортада 20 жылдан 60 жылға дейін сақтайды. Акционерлік қоғамның жанынан шығарылған өнімдерге қызмет көрсету мақсатымен «Казагросервис-Урал» МТС құрылған. Сонымен қатар, кішігірім трансформаторлық станцияларын құрастыратын «Казэлектрощит» ЖШС-ы «Уралагрореммаш» АҚ-ы құрылтайшысы болып табылады. Осы акционерлік қоғамның және ресейлік «Ростсельмаш» АҚ-ның негізінде «Нива-Эффект» комбайн маркаларын құрастыратын Біріккен кәсіпорын құрылған және сол техникаға қызмет көрсететін орталық жұмыс істейді.

15 жыл бұрын (1995) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен шекарасында кедендік бақылауды жою туралы» Жарлығы шықты.

9 жыл бұрын (2001) Алматыда Елбасы Н.Ә.Назарбаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ларри Нэппермен кездесті. Елші Елбасына сенім грамотасын табыс етіп, Н.Ә.Назарбаевқа, Қазақстан халқына және Үкіметіне өз елдерінде орын алған қайғылы күндерде қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Осы күні, Н.Ә.Назарбаевқа ГФР-дің Қазақстандағы елшісі Андреас Кертинг сенім грамотасын табыс етті. Кездесу барысында қазан айына жоспарланған Елбасының ГФР-ға ресми сапары, еліміздің экономикасына неміс инвестициясын тарту және экономикалық-сауда қарым-қатынасын бекіту мәселелері талқыланды.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда жаңа ақпараттық-консультациялық «Жасыл телефон» қызметі жұмыс істей бастады.

Ұйымдастырушысы және бастаушысы - ЭкоФорум ресурстық орталығы.

«Жасыл телефон» алматылықтарды табиғатты әр түрлі ластануларда және зиян келтірілген жағдайларда көмектеседі, әсіресе ағаштарды шабу, көзделмеген жердегі қоқыстар пайда болған кезде. Алматы қаласының әрбір тұрғынының таза қоршаған ортада өмір сүру құқығы бұзылған жағдайда орталыққа хабарласып тегін кеңес алады. «Жасыл телефон» операторларына түскен қоңыраулардың негізінде экологиялық тәртіпті қамтамасыз ететін қызметтерге ресми сұраныстар жіберіледі және хабарласқан азаматтарға пайда болған жағдайда қандай шара қолданылғаны туралы ақпарат беріледі.

«Жасыл телефон» орталығы Қазақстанның бес аймағында жұмыс істейді, ол аймақтың экологиялық жағдайын қадағалап жүйелі негізде нақты мәлімет жинайды және жергілікті басқарушы органдардың қоршаған ортаны қорғауға қолданылып жатқан шаралары туралы азаматтарға ақпарат таратады.

5 жыл бұрын (2005) Жамбыл облысы Шу ауданы Жаңа жол ауылында қазақтың халық батыры, дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш орнатылды.

Момышұлы Бауыржан (1910-1982) - Кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы. Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келген.

Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва үшін айқас» «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Куба әсерлері», «Ел басына күн-туса», «Ұшқан ұя», «Адам қайраты» повестері мен әңгімелерінің авторы.

Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Кеңес одағының батыры» атағы берілген.

3 жыл бұрын (2007) Алматыда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының интернеттегі сайтының таныстырылымы болды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамы 1989 жылы құрылған. Сайтқа www.kaztil.kz адресі бойынша шығуға болады.

Интернеттегі сайты «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі жасап шыққан, онда «Алаш мұрасы», «Сөз төркіні», «Іс қағаздары», «Тілдік ахуал» мен «Сөздіктер» деп аталатын айдарлар бар.

3 жыл бұрын (2007) Социалистік Еңбек Ері Қарасай Сариевтің (1907-1982) 100 жылдығына орай Оралдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

Бөкей Ордасы ауданы Бисен ауылында дүниеге келген Қарасай Сариев 1927 жылы Астрахан қаласында балық дайындау мекемесінде жұмыс жасады. Содан кейін елге оралып, ауыл шаруашылығы артелінде, Бисен ауылдық кеңесінде, «Алғашық» ұжымшарында еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы шаруашылық басқарған Қ.Сариевке 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1983) ақын ТОҚМАҒАМБЕТОВ Асқар дүниеге келді.

Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ташкент политехникумында, Мәскеу Баспа институтын бітірген.

«Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Ара» журналында қызмет істеген. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы болған.

1928 жылдан бастап өлеңдері мен поэмалары, очерктері мен фельетондары сан рет жеке кітап болып басылып шықты. Отан соғысы жылдарында жауынгерлердің майдандағы ерліктерін, халықтар достығы, соғыстан кейінгі жылдарда бейбіт өмір тынысын өз шығармаларына арқау етті. «Хат», «Бақыт кілті», «Қаскелең», «Өмірге жол», «Агроном көктемі», «Батыр Әли», «Ақын тағдыры», «Кремль сақшысы», «Ажалды жеңген алыптар», «Батырлар дастаны», «Уборщица», «Берлин көшесінде», «Испания», «Қараңғы түнде», «Рейн жағасында» поэмаларының, «Біздің Сәуле», «Қош аман бол», «Бәтиманың хаты», «Күт мені», «Сүйген жарға» тағы басқа әнге арналған өлеңдерінің, Ыбырай Жақаев өмірін бейнелейтін «Қыран тұғырдан ұшады», Қазан революциясының қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін «Ақмоншақ» (О.Бодықовпен бірге), «Қарбаласта» повестері мен романдарының, «Жыр күмбезі» атты тарихи романның авторы. «Екі заң», «Сайлау», «Алдар-көсе», «Бір семья» атты пьесалары бар. С.Айнидің «Құлдар» романын қазақшаға аударды.

Октябрь Революциясы, 1-дәрежелі Отан соғысы, үш рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

50 жыл бұрын (1960) «БТА Банк» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты САЙДЕНОВ Әнуар Ғалимоллаұлы дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, аспирантурасын және Лондон университетін бітірген.

1994-1996 жылдары - Еуропалық қайта құру және даму банкінің консультанты, банкирі. 1996-1998 жылдары - ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары. 1998-1999 жылдары - ҚР Инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитетінің атқарушы директоры, ҚР Инвестиция жөніндегі агенттігінің төрағасы. 1999-2000 жылдары - ҚР қаржы вице-президенті. 2000-2001 жылдары - «Қазақстан Эксимбанкі» ЖАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. 2000-2004 жылдары - «Қазақстан Халықтық жинақтау банкі» ААҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы. «Қазақстан Халықтық жинақтау банкі» ААҚ Директорлар кеңесі төрағасының міндетін атқарушы, төрағасы, 2004-2009 жылдары ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. 2009 жылдан «БТА Банк» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының кеңесшісі, 17 ақпаннан «БТА Банк» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің шешімімен басқарма төрағасы болып тағайындалған.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен және «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдармен марапатталаған.

Соңғы жаңалықтар