ҚазАқпарат-Анонс: қыркүйектің 27-сі мен қазанның 3-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ҮКІМЕТ

Қыркүйектің 27-сі күні сағат 10.00-да өтетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысы Интернетте тікелей көрсетілмек. Қазақстандықтар мәжілістің көрсетілімін дүйсенбі күні сағат 10.00-да «Қазақстан» телеарнасының порталында - www.kaztrk.kz немесе BNews.kz агенттігінің www.bnews.kz порталында көре алады.

Қыркүйектің 27-сінде Тәуелсіздік сарайында Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің алтыншы конференциясы өтеді. Сессия жұмысын ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Әшімов ашады.

Қыркүйектің 27-сінде Туризм және спорт министрлігінде «Astana Leisure 2010» 7-ші туристік көрмесіне арналған баспасөз мәслихаты болады.

Қыркүйектің 27-сінде Білім министрлігінде ведомствоның жаңа жауапты хатшысы Б.Әбдрасылов Еуропалық Білім Қорының директоры М.Щербанмен кездеседі.

Қыркүйектің 27-сінде Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг өтеді.

ПАРЛАМЕНТ

Қыркүйектің 27-сі, дүйсенбі күні, Мәжілісте «Тарифтік саясаттағы энергияны үнемдеу» тақырыбында Үкімет сағаты өтетіні жоспарланып отыр. Осы мәселе бойынша депутаттар алдында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов баяндама жасайды.

ҚОҒАМ

Қыркүйектің 27-сі мен қазанның 3-і аралығында Чили Республикасының Қазақстандағы Құрметті консулының қатысуымен Астана мен Алматы қалаларында Латын Америкасының апталығы өтеді.

Қазан айының 29-ы күні Петербордағы Таврия сарайында ТМД Парламентаралық ассамблеясының ұйытқы болуымен «Жолдардағы қауіпсіздік - өмір қауіпсіздігі» атты ІІІ халықаралық конгрес өтеді.

Қыркүйектің 29-ында Бакуде Достастық елдерінің көші-қон қызметтерінің басшылары бас қосады. Олар ТМД елдерінің Заңсыз көші-қонмен күресудің 2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасын орындау және 2012-2014 жылдарға арналған осындай бағдарламаны әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды талқылайды.

СПОРТ

Көкшетауда қыркүйектің 26-сы мен қазанның 1-і аралығында әйелдер командалары арасында баскетболдан 2010 жылғы Қазақстан кубогы сарапқа салынады.

Қыркүйектің 29-ы күні «Локомотив» жастар клубы халықаралық турнирге қатысу үшін Прага қаласына аттанады.

АСТАНА

Қыркүйектің 27-сі мен қазанның 2-сі күндері аралығында Астанада «Қазақстандағы Латын Америкасы апталығы» 1-ші халықаралық форумы өтеді.

Қыркүйектің 27-сі мен қазанның 3-і аралығында Еуразия ұлттық университетінде үдемелі физика мәселелеріне арналған оқыту курстары өтеді.

Қыркүйектің 27-сі мен қазанның 2-сі аралығында Астанада Азия-Тынық мұхиты аймағының Қоршаған ортаны қорғау және даму министрлерінің ҮІ конференциясы өтеді .

Қыркүйектің 27-сінде Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы басшылығының қатысуымен Латын Америкасы елдері делегация мүшелерінің баспасөз мәслихаты өтеді.

Қыркүйектің 27-сінде Ұлттық академиялық кітапханада «Латын Америкасы - Қазақстан. Ынтымақтастықтың тәжірибелік мүмкіндіктері» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Қыркүйектің 27-сінде ҚР Ұлттық мұрағатында Финляндияның Қазақстандағы Елшісі Киннунен Микко мен ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Б.Берсебаевтың кездесуі өтеді.

Қыркүйектің 28 - 30 аралығында Назарбаев Университетінде Тұрақты Даму үшін Экология жөніндегі Бірінші Орталық Азиялық Лидерлік Бағдарламасы өткізіледі.

АЛМАТЫ

Қыркүйектің 27-сінде «Қазақстан» РТРК кеңсесінде Орталық Азия елдерінің журналистеріне арналған Білім беру медиа-жобасының ашылу салтанаты болады.

Қыркүйектің 27-сінде Орталықазиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығында ШЫҰ-ның Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымы мен Орталықазиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығының арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылады.

Қыркүйектің 27-сінде М.Әуезов атындағы театрда КСРО халық әртісі Ф.Шәріпованы соңғы сапарға шығару салу рәсімі өтеді.

Алматыда қыркүйектің 28-29-ы күндері Қазақстандағы студенттік БАҚ-ның 1-ші ұлттық форумы өтеді

АЙМАҚТАР
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН

Шығыс Қазақстан облысында қазанның 1-інен бастап облыстық әкімдік жанынан Инновациялар мен жаңа технологиялар жөнінде кеңес өз жұмысын бастайды

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 27-І, ДҮЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік туризм күні.

1979 жылы Испанияның Торремолино қаласында Бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас ассамблеясы бекіткен.

Мереке мақсаты - туризмді насихаттау, оның әлемдік қауымдастық экономикасына үлесін жариялау, түрлі елдердің халықтары арасындағы байланысты дамыту.

Бұл мейрам әлем елдерінің көпшілігінде тойланады, туристер бас қосуы ұйымдастырылып, мерекелік шаралар мен фестивальдер өткізіледі.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (2000) РАТА-ТАСС агенттігі мен «Қазақстан Интерпресс» қоғамдық қоры «Қазақстан-ТАСС» агенттігін құрды.

Бұл шешім Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылдың ақпан айындағы Мәскеуге ресми сапары кезінде РАТА-ТАСС агенттігінің өкілдерімен жасаған келісім негізінде қабылданған болатын.

«Қазақстан-ТАСС» агенттігінің басты мақсаты Қазақстанның әлеуметтік, экономикаық саяси өмірі және Ресеймен жан-жақты қарым-қатынастарын насихаттауда ақпарат алмасу жұмыстарын белсендендіру және тереңдету болып табылады.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды тереңдету мақсатында құрылған Қазақстан-Германия кәсіпкерлері қауымдастығының таныстырылымы болды.

Қауымдастықтың негізгі міндеттері мемлекеттік бақылаушы органдар алдындағы өз мүдделері мен құқықтарын қорғау болып табылады.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда Ә.Қастеев атындағы мұражайда контемпорари арт (Қазақстанның қазіргі заманғы өнері) атты жаңа залы ашылды.

Залда әлемдік деңгейдегі арт-алаңдарында елімізді көрсететін барлық қазақстандық авторлардың жұмыстары жиналған. Жаңа залда мүсіндер, картиналар, суреттер қойылған. Авторлардың көптеген жұмыстарында Орталық-Азияның әлеуметтік-саяси ортасы бейнеленген.

3 жыл бұрын (2007) Алматыда Абай жолы» романының орыс тіліндегі жаңа аудармасының таныстырылымы болып өтті.

Қазақстанда туған және қазақ әдебиетімен жете таныс, сондай-ақ Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкей мен Төлен Әбдіктің шығармаларын сәтті аударып мол тәжірибе жинақтаған есімі әлемге әйгілі жазушы Анатолий Ким бұл аудармаға үлкен дайындықпен келді.

3 жыл бұрын (2007) Павлодарда ақын, қаланың Құрметті азаматы, аудармашы әрі драматург Аманжол Шамкеновтің (1927-2004) құрметіне мемориалдық тақта ашылды.

Ондаған кітап пен поэзиялық жинақтардың авторы Аманжол Шамкенов 1927 жылы Павлодарда дүниеге келді. Қазақ мемлекеттіқ университетін бітірген. Оның «Студент сыры» атты тұңғыш жинағы 1951 жылы басылып шықты. Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері мемлекеттік комитеті көркем әдебиет редакциясында, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында жемісті еңбек етті, көптеген жылдар Қазақстан жазушылары одағында балалар әдебиеті секциясына басшылық етті. Сондай-ақ, ол «Үнді әуендері» өлеңдер топтамасы үшін Джавахарлал Неру атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері.

3 жыл бұрын (2007) Семейде Қазақстандағы бірінші автобус құрастыру зауыты - «DAEWOO BUS KAZAKHSTAN» ЖШС ашылды.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1985) ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ИВАНОВ Всеволод Вячеславович дүниеге келді.

Украинаның Одесса облысында туған. Одесса мемлекеттік университетін бітірген.

1933-1984 жылдары Орал педагогикалық институтының оқытушысы, кафедра меңгерушісі болған.

Негізгі ғылыми еңбектері ботаника мәселелерін зерттеуге арналған. Каспий теңізінің солтүстігінде өсетін өсімдіктерді зерттеп, олардың биология, экология және шаруашылықта пайдаланылуы жөнінде анықтамалар жазып, осы өлкенің флорасы туралы анықтамалық кітап шығарған. «Степи Западного Казахстана в связи с динамикой их покрова» атты шығарманың авторы.

Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1950) инженер-астрономгеодезист, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Бақылау және аттестациялау комитетінің төрағасы ҚАЛАБАЕВ Найман Бөбейұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Мәскеу геодезия, аэрофототүсіру және картография инженерлері институтын бітірген.

1973-1979 жылдары - Қазақ КСР Министрлігі жанындағы Геодезиялық картография Бас басқармасының № 6 мекемесінің инженері, № 323 партия экспедициясының бастығы. 1979-1989 жылдары - Қазақ политехникалық институтының (Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), Алматы сәулет-құрылыс институтының (Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы) кіші ғылыми қызметкері, оқытушысы, аға оқытушысы. 1989-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Бас басқармасы бастығының орынбасары, бас маманы, бөлім бастығы, Экономика және қаржы бас басқармасының бастығы, ғылыми басқармасының бастығы. 1995-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің кеңесшісі, сектор меңгерушісі. 1998-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің консультанты. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары аттестациялық комиссия төрағасының орынбасары. 2001-2002 жылдары - Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Алматы филиалының директоры. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары аттестациялық комитеті төрағасының орынбасары. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қадағалау және аттестациялау комитеті төрағасының орынбасары. 2007-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қадағалау және аттестациялау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан.

Екі монографияның, 1 оқулықтың, 50 астам ғылыми жарияланымдардың авторы. 2 техника ғылымдарының докторы мен 4 кандидатын дайындаған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Грамотасымен және «Қазақстан Конститутциясына 10 жыл» медалімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1965) «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамы Қарағанды облыстық филиалының директоры ДЮСЕТАЕВ Берік Смағамбетұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында туған. Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақ тұтынушылар одағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген.

Қарқаралы қаласындағы №41 кәсіптік-техникалық училищесінің оқытушысы, комсомол комитетінің хатшысы, Қарқаралы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Қарқаралы аудандық әкімішілігінің бас маманы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1998-2000 жылдары - Қарағанды облыстық әкімшілігі аппаратында, мемлекеттік жекешелендіру комитетінде. 2000-2001 жылдары - Қарағанды облыстық қаржы басқармасының бөлім бастығы. 2001-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі аппаратында, қаржы және бюджетті жоспарлау департаментінде әр түрлі қызметтерде болып, 2002-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қарағанды облыстық Ақпарат басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің әлеуметтік технология басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2005 жылдың сәуір айынан.

«Ерен еңбегі үшін», «10 жыл Астана» медальдарымен марапатталған.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 28-І, СЕЙСЕНБІ

Атом саласы қызметкерлерінің күні.

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңының 4 бабына сәйкес бекітілді.

Қыркүйектің 28-і кездейсоқ күн емес. 1942 жылы нақ осы күні КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитеті «Уран бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы» жарлық шығарды және Ғылым академиясы жанында арнайы атом ядросы зертханасын құруды мақұлдады.

Бүкіләлемдік жүрек күні.

Бұл күні Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы мен Дүниежүзілік жүрек федерациясы денсаулық тексеру, ұйымдасқан түрдегі серуендеулер, жүгіру және фитнеспен айналысу, бұқаралық лекциялар, қойылымдар, ғылыми форумдар, көрмелер, концерттер, фестивальдер мен спорт жарыстарын қоса есептегенде, 100-ден астам елдерде шаралар ұйымдастырады.

Құтыру ауруына қарсы күрестің бүкіләлемдік күні.

Құтыру аурумен күрес жөніндегі (ARC) қайырымдылық ұйымы мен Аурулармен күрес және аурулардың алдын алу орталықтары (CDC) (Атланта, АҚШ) ұсынысымен өткізіледі.

Құтыру ауруына қарсы күрес бүкіләлемдік күні адамдар мен жануарлар құтыруының зардаптары туралы, сондай-ақ оның алдын алуға және оны қоздырушылармен шектеу орындарындағы жануарлар арасында күресе отырып, тамырына балта шабуға болатыны тиісті жұмыс жүргізсе қаншалықты жеңіл екені жайлы хабардарлықты арттыруға арналған.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (2000) Алматыда Түркістанға 1500 жыл толуы мен Мәдениетті қолдау жылына орай екі күндік «Әл-Фараби мұралары және әлем мәдениеті» атты Халықаралық конгресс өтті.

Бұл іс-шараға Ресей, Сирия, Иран, Түркия, Орта Азия елдері мен Қазақстанның әл-Фарабитану жетекші мамандары қатысқан.

Конгрессті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Философия және саясаттану институты Түркия Премьер Министрі жанындағы Түркия халықаралық ынтымақтастық агенттігінің қаржылай көмек көрсетуімен ұйымдастырған.

9 жыл бұрын (2001) Астанада Республикалық клиникалық аурухана салтанатты түрде ашылды.

Бұл еңселі медициналық кешен елбасы Н.Назарбаевтың Астанада медициналық кластер құру қажеттігі жөнінде көтерген бастамасының негізінде және тікелей тапсырмасымен салынған. Клиникада 20 бөлім жұмыс істеп, бір уақытта 240 емделушіні қабылдайды. Бөлім меңгерушілері конкурстық негізде алынған. Мұнда жасалатын барлық диагностика, емдеу жұмыстары еуропалық деңгейдегі, қазіргі заманғы ең үздік стандарттарға сай қазіргі заманғы медициналық құралдармен, зертханалармен, емдеу жабдықтарымен жарақталған. Кешеннің медициналық қызметімен Қазақстанның барлық аймағының, Астана қаласының тұрғындары пайдалана алады. Клиника жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.

5 жыл бұрын (2005) Цюрих қаласында Қазақстан-Швейцария Қауымдастығы салтанатты түрде ашылды.

Қауымдастық екі елдің саясаткерлері мен кәсіпкерлерін біріктіреді, мақсаты әр түрлі саладағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту болып табылады.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда «Қазақфильм» киностудиясының аймағында «Еуразия» кинофестивалы аллеясының іргетасы салтанатты түрде қаланды.

5 жыл бұрын (2005) Қостанайда мүгедек-балалардың қолынан шыққан көркемдік шығармашылық жұмыстарының көрмесі болып өтті.

Көрменің ұйымдастырушысы - облыстық Мәдениет департаменті және Мүгедектер қоғамы. Көрмеге көркемдік жұмыстардан басқа, қолданбалы өнер туындылары да қойылды.

1 жыл бұрын (2009) «Нұр Отан» ХДП оңтүстік қазақстандық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының бастамасымен Шымкентте «Еркін пікір» зияткерлік-пікірсайыс клубы ұйымдастырылды.

Мұнда балалар өз құрбы-құрдастарын патриоттық рухта, кәсіптік жағынан жетілдіруге, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеумен қатар, жастардың өзекті мәселелерін де талқылайды.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1940) ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Инженерлік академиясының, ҚР Минералды ресурстар академиясының, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі, КСРО мұнай өнеркәсібінің үздігі ЖОЛТАЕВ Герой Жолтайұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Балқаш ауданында туған. Қазақ политехника институтын (Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті) және аспирантурасын бітірген. 1961-1974 жылдары - Орал-Еділ мұнай барлау экспедициясының коллекторы, Қазақ КСР Ғылым академиясы Геология институтының аға коллекторы, Қазақ политехника институты мұнай факультетінің ассистенті, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары. 1974-1979 жылдары - Алжирдің мұнай, газ және химия институтының оқытушысы, профессоры. 1980-1993 жылдары - Қазақ политехника институты мұнай факультетінің деканы. 1993-2000 жылдары - Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ мұнай және газ геологиясы кафедрасының меңгерушісі. 2000-2003 жылдары Қазақ политехника институтының проректоры, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің проректоры қызметін атқарады.

«Тектоника и нефтегазоностность бортовых зон Прикаспийской синеклизы» (бірлесіп шығарған), «Геологическое строение и нефтегазоносность Южно-Тургайского бассейна» (бірлесіп шығарған ) атты еңбектердің, 140-тан астам ғылыми жарияланымдардың, 15 әдістемелік нұсқаулықтың, бір оқу құралының авторы.

Қазақстан геологтары ұлттық комитетінің мүшесі. Қазақстанның кен қойнауын барлаушы. Қазақстанның үздік ғылымдарына арналған Мемлекеттік стипендияның лауреаты.

Медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - қаржы және бюджет комитетінің төрағасы ИЩАНОВ Қайрат Қыдырбайұлы дүниге келді. Атырау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

1972-1983 жылдары - кеңшардың құрылысшы-инженері, кеме механигі. 1983-1984 жылдары - Балықшы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1984-1990 жылдары - кеңшардың бас инженері, басқарма төрағасы. 1990-1992 жылдары - Балықшы аудандық атқару комитетінің төрағасы, төрағаның бірінші орынбасары. 1992-1994 жылдары - Атырау облысы Балықшы аудандық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 1994-1999 жылдары - Жамбыл атындағы кеңшар басқармасының төрағасы. 1999-2000 жылдары - Атырау облыстық мәслихатының хатшысы. 2000-2001 жылдары - Жамбыл атындағы өндірістік кооперативтің төрағасы. 2001-2005 жылдары - Атырау облысы әкімінің орынбасары. 2005 жылдан - Атырау облысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - қаржы және бюджет комитетінің төрағасы.

Орта Азия мемлекеттері ұйымының, Литваның Сейм, АҚШ Конгрессінің, Румыния Сенатының, Италия Сенатының, Сауд Арабиясы Королдіктері Консультативтік Кеңесінің (Шура мәжілісі) Ынтымақтастық топтарының мүшесі.

«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.

50 жыл бұрын (1960) «Астанастройэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры ЕСЕНЖОЛОВ Еркеғали Темірғалиұлы дүниеге келді.

Ақмола (қазіргі Астана) қаласында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) бітірген.

1982-1991 жылдары - «Электроуралмонтаж» трестінің реттеуші-инженері, Теңіз аудандық «Ауылшаруашылықэнерго» кәсіпорынының бас инженері, директоры, Теңіз аудандық агроөнеркәсіптік бірлестігі төрағасының орынбасары, Теңіз аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Вишневский аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1991-1997 жылдары - «Красноозерный» кеңшарының директоры. 1997-1999 жылдары - «Есенжолов және компания» коммандиттік серіктестіктің директоры. 1999-2004 жылдары - Ақмола облысы Атбасар ауданының әкімі. 2004-2007 жылдары - Ақмола облысы Есіл ауданының әкімі қызеттерін атқарған. Аталған қызметінде - 2007 жылдан.

«Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Констуциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен, Қазақстан Электр энергетикасы қауымдастығының «Құрметті энергетик» белгісімен марапатталған.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 29-Ы, СӘРСЕНБІ

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (2000) Семейде «Абай күні» атты 1-інші Халықаралық поэзия фестивалі өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Түркия және Жапониядан танымал жазушылар мен ақындар қатысты.

Абай Құнанбайұлы (1845-1904) - ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған.

5 жыл бұрын (2005) Ақ ордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстандағы Корей Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ким Иль-су сенім грамоталарын тапсырды.

5 жыл бұрын (2005) 1999 жылы өткен ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша шығарылған алғашқы Аналитикалық есеп жинағы жарық көрді.

Жинақтың авторы - Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі, Қазақстан Республикасының Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің қолдауымен тұрғын халық саласындағы БҰҰ-ның қоры.

Аналитикалық есепте халықтың экономикалық белсенділігі туралы, тілдерді меңгеруі, білім деңгейі туралы мәліметтер алғашқы рет көрсетілген. Сонымен қатар, азаматтардың тұрғын үй жағдайлары, некеге отыруы, үй шаруасындағы әйелдер туралы статистикалық таудаулар жасалған.

5 жыл бұрын (2005) «Эйр Астана» әуекомпаниясының «Tengri» борттық журналының алғашқы саны жарық көрді.

Журналдың алғашқы санында мәдениет, тарих, республикамызды болып жатқан басты оқиғалар туралы мақалалары, қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі берген отандық жұлдыздардың сұхбаттары жазылған және отандық белгілі фотошеберлердің жұмыстарын тамашалауға болады.

1 жыл бұрын (2009) Елордалық «Риксос» қонақ үйінде Дархан Қалетаевтың «Қазақстан - болашаққа ұмтылған ел. Ұлттық көшбасшы факторы» кітабының таныстырылымы өтті.

Бұл шараға көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қазақстандық жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары қатысты.

Бұл еңбек Қазақстанның өткенін, бүгінгісі мен келешегін саралаудың жаңа талпынысы болып табылады және тәуелсіз республика тарихындағы Елбасының рөліне арналып отыр.

Қалетаев Дархан Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында туған. Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Ұлттық жоғары мектебін бітірген. Саясаттану ғылымының кандидаты. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық саясат жөніндегі мемлекеттік комитете, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде, Қазақстан Республикасы мәдениет, Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде әр түрлі басшылық қызметтер атқарған. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары. 2008 жылдан - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары. 2009 жылдан - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының атқарушы директоры. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Сталинизм және Қазақстандағы 1920-1940 жылдардағы репрессия» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.

Кітап «Зерде» мен Фридрих Эберт (Германия) қорларының бірлескен жобасы аясында жарық көрген.

Осы уақытқа шейін жабық мұрағат қорларында сақтап келген тергеу материалдарын негізге ала отырып қазақ байларын, ишан, имам, молдаларды, сондай-ақ ұлттық саяси басқарушы топты жою үдерісі жеке адамдардың қайғылы тағдыры арқылы көрсетілген.

Кеңестер Одағының құрамындағы қазақ қоғамы өткен ғасырдың 20-30-жылдары адамзат бұрынғы өз тарихында кездестірмеген зұламатты басынан кешіргені белгілі.

ЕСІМДЕР

50 жыл бұрын (1960) Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы КЕРІМШЕЕВ Әділ Құлманұлы дүниеге келді.

С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1992-1993 жылдары - Сарыағаш ауданаралық прокуратурасы прокурорының көмекшісі, Түркістан қаласы Шардара аудандық прокуратурасының аға тергеушісі. 1992-1993 жылдары - әл-Фараби аудандық сотының судьясы. 1993-1996 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы. 1996-2005 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық Әділет басқармасы бастығының бірінші орынбасары, басқарма бастығы, әл-Фараби аудандық сотының төрағасы. 2005-2010 жылы - Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2010 ақпанынан.

45 жыл бұрын (1965) социология және психология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары ШАУКЕНОВАЗарема Кәукенқызы дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Санкт-Петербор мемлекеттік университеті мен аспирантурасын бітірген.

1987-1997 жылдары - Қарағанды металлургия комбинатының психологы, бюро бастығы, әлеуметтік-психологиялық қызмет жетекшісі. 1997-2007 жылдары - «ЦЕССИ - Қазақстан» салыстырмалы әлеуметтік зерттеулер институтының директоры, Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті психология кафедрасының профессоры. 2007-2010 жылдары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы қызметтерін атқарған.

Қазақстан Социологиялық Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.

100-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектердің, монографиялардың және көптомдық «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» (бірлесіп шығарған) кітабының авторы.

«Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 30-Ы, БЕЙСЕНБІ

Дүниежүзілік аударма күні (Аудармашылар күні).

1991 жылы Халықаралық федерация (FIT) 30 қыркүйекті Халықаралық аудармашылар күні деп жариялады.

ОҚИҒАЛАР

186 жыл бұрын (1824) Ресей Сенатының шешімімен Көкшетау қамалы империяның бекітілген аудандар жөніндегі ресми тізіміне енгізген.

1839 жылы Көкшетауға әскери гарнизон енгізіліп, казактар стансасы құрылған. 1868 жылы әскери құрылымдардың жойылуына байланысты қамал жергілікті азаматтық қоныстарға айналған.

91 жыл бұрын (1919) Қырғыз (Қазақ) революциялық комитетінің Әділет бөлімін құру туралы шешімі қабылданды.

10 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Білім» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің қатысуымен Балқаш көлінің мәселелеріне бағытталған халықаралық экологиялық форум болып өтті.

Форумға Қытайдың, Қырғызстанның белгілі ғалымдары, экологтары, мамандары, Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімшіліктері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, барлығы 400-ден астам делегаттар қатысты.

Форумның мақсаты Балқаш көлінің мәселелеріне әлемдік қоғам назарын аудару, бірлескен іс-әрекеттің кешенді бағдарламасын құрастыруға Қазақстанның қоғамдық, үкіметтік және бизнес ұйымдардың қызығушылығын біріктіру, сонымен қатар Балқаш көлі бассейнінің барлық аумағындағы экологиялық және экономикалық ынтымақтастық аймағын құрастыру болып табылады.

5 жыл бұрын (2005) Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында керең-мылқау суретшілерінің көрмесі ашылды.

Ұйымдастырушысы - Кереңдердің мәдениет үйі. Жұмыстар әр түрлі жанрда орындалған - пейзаж, портрет, графика, комикстар. Көрмеде қылқалам өнерінен басқа, мүсіндік және сәндік өнердің туындылары қойылған. Авторлардың жасы14-тен 50-ге дейін.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1900-1996) кеңес геофизигі және астрономы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, КСРО-дағы гравиметриялық зерттеулердің негізін қалаушылардың бірі ПАРИЙСКИЙ Николай Николаевич дүниеге келді.

Санкт-Петербор қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

Мәскеу мемлекеттік университетінде, КСРО Ғылым академиясының Жер физикасы институтында қызмет істеген.

Курск және Мәскеу гравитациялық аномалияларына алғашқы жүргізілген зерттеулерге қатысты. Негізгі ғылыми еңбектері гравиметрияға, космогонияға, астрофизикаға, жердегі су тасқындарына және жер айналысына арналған. Ол 1942 жылы КСРО ҒА Қазақ филиалының Астрономия және физика институтында үш дененің шектелген гиперболалық мәселесі бойынша есептеулер жүргізді. Бұл есептеулер, Күннің маңынан басқа бір жұлдыздың өтуі кезінде Күннен бөлініп шыққан материялар ағынынан ғаламшарлық жүйе пайда болған деген Джинс гипотезасының дәйексіздігін дәлелдеп берді.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1950) «ПетроҚазақстан» АҚ компаниялар тобының вице-президенті, экономика ғылымдарының кандидаты ИСЕНҒАЛИЕВ Бақытжан Ізтілеуұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Қарабалық ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті), Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.

1979-1980 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының аға ғылыми қызметкері. 1984-1992 жылдары - Алматы халық шаруашылығы институтының оқытушысы, деканның орынбасары. В 1992-1995 жылдары - «Әлемсистем» қаржы-инвестициялық компаниясының вице-президенті. 1995-1999 жылдары - Қазақстан Республикасының Майн - Франкфурт қаласындағы консулы, бас консулы. 1999-2002 жылдары - ГФР-дағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар вице-министрі. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесшісі. 2004-2006 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ президентінің кеңесшісі. 2006-2008 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ газды жобалау блогiнiң атқарушы директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың қаңтар айынан.

«КазЭнерджи» медалінің иегері.

2010 ЖЫЛДЫҢ ҚАЗАН АЙЫ:

ҚАЗАННЫҢ 1-І, ЖҰМА

Халықаралық қарттар күні

Халықаралық қарттар күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 1991-ыншы жылғы 1 қазанда негізінде жыл сайын атап өтіледі. (қарар 45/106 1990 жылғы 14 желтоқсанда).

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990-ыншы жылғы желтоқсанның 15-індегі № 45/106 қарары негізінде жыл сайын атап өтіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 65 жастан асқандар халықтың 7,5 пайызын құраса, ал 2030 жылы 11,5 пайызын құрайтын болады. БҰҰ-ның бұл болжамы осы аумақтағы туудың төмендеуі мен ер адамдардың өлімінің жоғарылығына негізделген.

Халықаралық музыка күні

1975 жылы ЮНЕСКО-ның Халықаралық музыка кеңесінің шешімімен жыл сайын қазанның 1-інде атап өтіледі. Халықаралық күннің бекітілуінің бастаушыларының бірі ХХ ғасырдың композитор-классигі - Дмитрий Шостакович. Жыл сайын бүкіл дүниежүзінде үлкен концерттің бағдарламамен және жақсы әртістер мен көркемдік ұйымдардың қатысуымен өтеді. Бұл күні дүниежүзілік мәдениеттің асыл қазынасына кірген шығармалар оқылады.

Бүкіләлемдік күлімсіреу күні

Жыл сайын қазанның бірінші жұмасында атап өтіледі. Бұл ғажайып мейрамның болуына әлем суретші Харви Бэллуға (Harvey Ball) борышты. 20 ғасырдың ортасында ол Америкада өмір сүрді. Оның шығармашылығы ешқандай қызығушылық танытпады. Бір күні сақтандыру компаниясының өкілдері келіп, есте тез сақталатын визитка карточкасын ойлап табуын сұрады. Харви көп ойланбастан тапсырыс берушілерге, қазір барлық интернет пайдаланушылар «смайлик» деп атайтын - күліп тұрған сары бетті ұсынды. Бұл 1963 жылы болатын. Тапсырыс берушілер оның ұсынған жұмысын қабылдап, компанияның жұмысшыларына таратып берді. Сосын бұл сүйкімді бет футболкаларда, бейсболкаларда, конверттерде, ашық хаттарда, сіріңке қораптарында пайда бола бастады. АҚШ-тың почтасы осы символмен маркалар шығарды.

Дүниежүзілік күлкі күні алғашқы рет 1999 жылы атап өтілді.

ОҚИҒАЛАР

65 жыл бұрын (1945) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Самарқан елді-мекені Қарағанды қаласы аймағынан шығарылып, атауы Теміртау қаласы болып өзгерді. Бастапқыда жиырма мың тұрғыны, бір ауруханасы, екі мектебі және жиырма мың шаршы метр тұрғын үйі болды. Сол жылдардан бастап қаладағы өнеркәсіптің дамуы қарқындап, одақтас республикалардың барлығынан адамдар келе бастады. 1950 жылдары тұрғындар саны екі есе өсті. Қазір Теміртау қаласында болат, электр және жылу энергиясы, сірке қышқылы, синтетикалық каучук, кокс, минералды тыңайтқыштар, цемент, т.б. өнімдер өндіріледі. Теміртау 1971 жылы Қазақстан қалаларының ең алды болып, халық шаруашылығын және ауыр индустрияны дамытудағы еңбектері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бүгінгі таңда Теміртау - индустриялы Қарағанды қаласының сыңары, Қазақстан қара металлургиясының орталығы.

1 жыл бұрын (2009) Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты білім және ғылым мекемелерінің «Сібір ашық университеті» қауымдастығына қабылданды.

Сібір университеттер консорциумы аймақтағы жоғары білімнің зияткерлік ресурстарының басын біріктіріп, заманауи телекоммуникациялар мен қашықтықтан оқыту технологияларының негізінде ортақ ғылыми-білім кеңістігін құруды мақсат етіп отыр.

Павлодар педагогикалық университетін қауымдастыққа қабылдау туралы шешім қауымдастықтың 45 өкілінің қатысуымен Томбыда өткен жалпы жиналыста қабылданды. Олар - Ресей мен Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінің жетекшілері.

ЕСІМДЕР

115 жыл бұрын (1895-1938) Қазақстанның қоғам және саясат қайраткері КИСЕЛЕВ Андрей Дмитриевич дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Қазан облысында туған. Ленинград коммунистік университетін бітірген.

1913-1918 жылдары - Каспий теңізінде «Петроград» теплоходында, «Ермак», «Святополк» кемелерінде матрос болған. 1918-1921 жылдары - әскер қатарына алынып, Азамат соғысына қатысқан. 1927-1930 жылдары - Орал облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1930 жылы Есіл округтік комитетінің хатшысы. 1930-1931 жылдары - Златоуст қалалық БКП (б) комитетінің хатшысы. 1931-1933 жылдары - Орал облыстық БКП (б) комитетінің хатшысы. 1933-1934 жылдары - Түрксіб саяси бөлімінің бастығы. 1934-1937 жылдары - Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1937 жылдан Севастополь қалалық БКП (б) комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1938 жылғы тамыздың 28-інде ату жазасына кесілді, 1956 жылы ақталды.

100 жыл бұрын (1910-1956) шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Орталық Азияны мекендеген түркі тілдес халықтардың тарихын зерттеушілердің бірі БЕРНШТАМ Александр Натанович дүниеге келді.

Ресейдің Керчь қаласында туған. Ленинград университетін бітірген. 1936 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылып, Бернштам басқарған археологиялық экспедициялар солтүстікте Қаратау жоталарынан, оңтүстікте Памир тауларына дейінгі, шығыста Іледен, батыста Зеравшан үстіртіне дейінгі жерлерді зерттеп, Орталық Азия халықтарының көне тарихына қатысты маңызды мәліметтер жинаған. Ол 1930-1940 жылдары қазақ-қырғыз тарихына қатысты тың мәселелер көтеріп, сақ-үйсін, және түркі дәуірін зерттеуге елеулі үлес қосты. Археологиялық материалдарға сүйеніп, Теріскей Қырғыз өлкесінің қола дәуірден XV ғасырға дейінгі тарихын түбегейлі талдайды.

Оның 250-дей еңбектері мен мақалалары бар.

Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

80 жыл бұрын (1930-1995) жазушы САҚАБАЙҰЛЫ Көкей дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Алматы металлургиялық тау-кен институтын бітірген. Жезқазған, Лениногроск (қазіргі Риддер), Өскемен қалаларында мамандығы бойынша инженер болып істеген.

«Өткел ауызында», «Кенші келбеті», «Көктас», «Төлеген Тоқтаров» секілді көркем прозалық және бірнеше очерк кітаптардың авторы.

65 жыл бұрын (1945) саяси ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің политология кафедрасының профессоры, Қазақ КСР-нің ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Білім саласының құрметті қызметкері ҚАЛИЕВ Наубат Қалиұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Н.К.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын (қазіргі Семей мемлекеттік педагогикалық институты) бітірген.

1966-1972 жылдары - Абай аудандық орта мектептің мұғалімі, ҚЛКЖО комитетінің бірінші, екінші хатшысы, бөлім меңгерушісі. 1972-1973 жылдары - Семей педагогикалық институтының аға оқытушысы. 1973-1976 жылдары - Қазақ педагогикалық институтының аспиранты. 1976-1986 жылдары - Семей педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі. 1986-1991 жылдары - Семей облыстық партия комитеті лекторлар тобының жетекшісі. 1991-1992 жылдары - Семей педагогикалық институтының доценті. 1992-1996 жылдары - М.О.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің директоры. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің мүшесі. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бөлімінің бастығы, басқармасының бастығы. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты Аппараттының Бұқаралық ақпарат құралдары мен байланыс жөніндегі бөлімінің консультанты. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты Аппараттының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің консультанты, бас консультанты қызметтерін атқарған. 2004 жылдың қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты Аппараттының Ақпараттық-талдау бөлімінің бас сарапшысы. 2008 жылдың сәуірінен - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің политология кафедрасының профессоры қызметтерін атқарады.

60 ғылыми еңбектің және саясат жүйесінің проблемалары, демократия, парламент, саясат партияларының қызметі жөніндегі екі кітаптың авторы. «Қазақстан парламентаризмі: саяси талдау» атты ғылыми монографияның авторы.

«Астана» (1998) естелік медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006) мерейтойлық медальдармен марапатталған.

ҚАЗАННЫҢ 2-І, СЕНБІ

Тұңғыш ғарышкер-қазақ Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан тарихи күні

1991 жылғы қазанның 2-сінде жергілікті уақыт бойынша 11 сағат 59 минутта «Байқоңыр» ғарыш айлағынан құрамында ресейлік Александр Волков, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен австриялық ғарышкер Франц Фибек бар «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен кеңес-австрия экипажы ұшып шықты. Қазақстан мен Австрия арасында ғарышқа жол салған бұл тарихи бастаманы Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия Республикасының канцлері Франц Враницкий бақылады.

Халықаралық жәбірлемеушілік күні

БҰҰ Бас Ассамблеясы 2007-інші жылғы маусымның 27-сінде (БҰҰ-ның №A/RES/61/271 қарары) бекіткен. 2007-нші жылдан бастап жыл сайын, қазанның 2-сінде, жәбірлемеу философиясының негізін қалаушы Махатма Гандидің туған күнінде атап өтіледі.

Бас Ассамблея қарарында айтылғандай, бұл Халықаралық күннің мақсаты - бейбітшілік, шыдамдылық, түсіністік пен жәбірлемеушілік мәдениетін бекітуге талпыныс. Қарар барлық адамдарға осы дата туралы жария етіп, осы күнді атап өтуге және мерекелеуге шақырады.

ОҚИҒАЛАР

30 жыл бұрын (1980) Целиноград қаласында тың және тыңайған жердің 25 жылдығына орай (қазіргі Астана) Қазіргі заманғы өнер мұражайы ашылды. Алғашқы 500 шығармалар топтамасын Алматы қаласында өткен «Жер және адам» атты Бүкілодақтық көрме сыйға тартты. Бүгінгі таңда, мұражайда Қазақстан, Ресей және ТМД елдері шеберлерінің 3 000-нан астам өнер туындылары бар.

10 жыл бұрын (2000) «Ames Laboratory» атты американдық үкіметтік ұйымның ғалымдары қаттылығы алмастан ғана төмен жаңа өте қатты материалды жасап шығарды.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан ашық дауыс беру жолымен 2 жыл мерзімге Стандарттау жөніндегі халықаралық кеңеске сайланды.

Қазақстанның кандидатурасы ИСО Кеңесіне АҚШ, Жапония, Израиль, Австрия, Польша, Оңтүстік Африка Республикасы және тағы басқа елдердің аттарынан ұсынылды. «ИСО Кеңесінің жұмысына атсалысу біздің елімізге және орталықазиялық өңірдің барлық еліне халықаралық стандарттау саласындағы стратегияларды талдауға және қалыптастыруға, жаһандық мәселелерді шешуге қатысты өз идеяларын ұсынуға мүмкіндік береді».

Ұйым 700-ден астам халықаралық ұйыммен ынтымақтастықта және әлемнің 162 елінің басын қосып отыр. Ал ИСО Кеңесіне 18 ел кіреді.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1920-1982) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, концертмейстер, скрипкашы, педагог КОГАН Иосиф Бенцинович дүниеге келді.

Молдаваның Кишинев қаласында туған. Кишиневтің «УНРЯ» жеке меншік консерваториясын және Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.

1940-1942 жылдары Молдаван филармониясының симфониялық оркестірінің скрипкашысы және концертмейстері қызметін атқарды. 1942 жылдан Қазақ филармониясының солисі. 1954-1982 жылдары Алматы консерваториясында ұстаздық (1967 жылдан доцент) етті. Ол Қазақстанның скрипка ойнау мектебінің қалыптасуына, музыкатану саласына елеулі үлес қосты. Оның «Қазақстанның музыка өнері», «Қазақстан скрипка өнерінің дамуы», «Қазақ музыкасы тақырыбына арналған скрипкалық пьесалар жинағы», т.б. еңбектері бар. Сондай-ақ, скрипкашы ретінде жеке бағдарламамен концерттер берді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Гастрольдік сапармен еліміздің көптеген қалаларында болды.

ҚАЗАННЫҢ 3-І, ЖЕКСЕНБІ

Мұғалім күні

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1998-інші жылғы қаңтардың 20-сындағы Жарлығына сәйкес жыл сайын қазанның бірінші жексенбісінде атап өтіледі. 2003-інші жылғы қарашаның 15-інде ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстанда кәсіби және басқа да мерекелердің жаңа тізімі бекітілді. Осы Жарлыққа сәйкес мұғалім күні - қазан айының бірінші жексенбісі.

Мұғалім - тек ғылымдарға үйретуші ғана емес, сондай-ақ рухани игіліктер мен адамгершілік ізгі ниеттерді оқушылар бойына сіңіруші де. Ұстаздар айрықша азаматтық парыз - жас ұрпақты тәрбиелеу міндетін атқарады. Олардың білімі мен тәжірибесі, дәстүрлер сабақтастығы мен жаңашылдығы әрбір мектептің негізі боп қаланған. 1994-інші жылы ЮНЕСКО қазанның 5-інде аталып өтетін - Дүниежүзілік Мұғалім күнін (World Teachers' Day) бекіткен.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Грузияға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы 2006-2010 жылдарға арналған Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламаға, сонымен бірге Әуе қатынасы жөніндегі, және үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы сәйкес Хаттамаға қол қойылды.

3 жыл бұрын (2007) Атырау облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Құрманғазы ауданының Котяев ауылында орналасқан «Құрманғазы» кедендік бекетінің ашылу рәсіміне қатысты.

Аталмыш бекет шекара арқылы екі жаққа да өтетін жолаушылар мен көліктерге бір мезгілде бөлек қызмет көрсетуді, тексеру алаңдарында шекаралық, кедендік және басқа да бақылаулардың өткізілуін, автобуспен қатынайтын адамдар құжаттарының тексерілуін қамтамасыз етеді.

3 жыл бұрын (2007) Қазақстан мен Ресей Үкіметтерінің басшылары екі ел жағаларын жалғастыратын Қиғаш өзені арқылы көпірді ашты.

Рәсім барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов: «Қиғаш өзені арқылы аталмыш көпірдің ашылуы - елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынас тарихындағы атаулы оқиға. Бұл - халықтарымызды біріктіретін достық көпірі», «Аталмыш көпірдің құрылысы қысқа мерзімде жүзеге асырылды» - деп атап өтті.

Көпір - Қазақстан мен Ресейдің тепе-тең шартында салынды.

1 жыл бұрын (2009) Семейде «Оралмандарды бейімдеу және әлеуметтік ықпалдастыру орталығы» ашылды. Орталықтың негізгі жұмысы - оралмандарды бейімдеу жөніндегі қызмет көрсету, оларды кәсіптік оқыту және қайта мамандандыру болып табылады.

1 жыл бұрын (2009) Петропавлда Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Захарович Телюкке арналған мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылды.

Петр Захарович 17 жасында фронтқа атанып, онда ол ауыр жараланды. Соғыстан кейінгі жылдары ұжымшарда жұмыс істеді, қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласты. Жоғары партия мектебін бітіріп, аудандық атқарушы комитет төрағасының орынбасары, Қызылжар аудандық комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған. 1975 жылдан бастап - Солтүстік Қазақстан облыстық комитеті бөлімінің меңгерушісі болған. І дәрежелі Отан соғысы, Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және 13 медальдармен марапатталған.

ЕСІМДЕР

140 жыл бұрын (1870-1916) 1916 жылғы Қарқаралы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірі ҚАНАЙҰЛЫ Серікбай дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. 1916 жылы патша үкіметінің «маусым жарлығына» қарсы көтерілген Қарқаралы тұрғындарының Ереуілтөбедегі жиынында алғашқы 400 адамнан құралған отрядты Ұзақ, Жәмеңке батырлармен бірге басқарған. Шілденің 28-інде Қарқаралыға келген жазалаушы отряд ереуілшілерден бірнеше адамды тұтқынға алған. Солардың бірі - Серікбай. Жазалаушылар оларды Жаркент абақтысына айдап бара жатқан жолда атып өлтіреді. Серікбай - М.Әуезовтың «Қилы заман» повесінің, Бөлтірік ақынның «Ел жарыла көшкенде» толғауының бас кейіпкерінің бірі.

110 жыл бұрын (1900-1940) қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор. БАЙЗАҚОВ Иса дүниеге келді.

Павлодар облысының Ертіс ауданында туған. Орынбор қаласындағы Қазақ халық ағарту институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.

Жастайынан суырып салма ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен көзге түседі. 1919-1920 жылдары ел ішінде Бағит, Құдайберген деген ақындармен айтысып, жеңеді. Алғашқы өлеңдері 1924 жылы жарияланды. 1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш театры ашылғанда, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше-тоқалында» басты рөлдерде ойнайды. 40-тан астам халық әндерінің сөзін жаңа заманға, өмір салтына сәйкес қайта жазады. Репертуарындағы халық әндерінің көпшілігі «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларына енді. 1931-1940 жылдары Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, Жазушылар одағында қызмет етті. Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып ауыл-ауылды аралап жалынды өлеңімен, асқақ өнерімен үгітшілік қызмет атқарды. Оның атақты «Желдірмелері» (бес желдірме) халық арасына кеңінен таралды. Шығармалары бірнеше рет жеке кітап болып басылып, орыс тілінде де жарияланды. Жазушы Н.Анов «Ән қанаты» романында, осы аттас кинофильмде әнші-ақынның көркем бейнесін жасады. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

1980 жылы республикалық деңгейде алғашқы рет қазақтың халық ақыны Иса Байзақовтың туған күні атап өтілді. И.Байзақовтың 80 - жылдық мерейтойында «Беловодский» ұжымшарының Иса Байзақов атындағы ауыл болып өзгертілді. Ертіс ауданындағы Мәдениет үйінің алдында Иса Байзақовтың бюст ескерткіші орнатылды. Оның есімі аудан орталығының көшелеріне берілді. Иса Байзақовтың 100 - жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда Астана, Павлодар қалаларында және Ертіс ауданы мен оның туған жерінде атап өтілді. 2010 жылдың тамыз айында Павлодар облысында Иса Байзақовтың 110 - жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар өтті.

105 жыл бұрын (1905-1985) геолог-барлаушы, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы СЕЙФУЛЛИН Саид Шағимерденұлы дүниеге келді. Ақмола облысының Атбасар қаласында туған. Мәскеудің геология-барлау институтын бітірген.

Еңбек жолын 1929 жылы Жезқазған кенішінде бастап, 1956 жылға дейін Жезқазғанда рудниктің бас геологы, геология-барлау экспедициясының бас инженері. 1956-1978 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының Геологиялық ғылымдар институтында зертхана меңгерушісі, 1978-1985 жылдары ғылыми кеңесші қызметтерін атқарған. Оның басшылығымен жер қыртысындағы мыс кенінің орналасу заңдылықтарын ашу және өндіріске геологиялық-барлау, кен пайдалану жұмыстарын жоспарлау мен тиімді бағыттауға көмек көрсету мақсатымен бірқатар мыс кен орындарының қалыптасуының геологиялық-құрылымдық, минералдық геохимия жағдайларын одан әрі зерттеу жөнінде ғылыми жұмыстар атқарылды. Жезқазған өңірінде жаңа мыс кендерін ашты. Орталық Қазақстан жерінде құмды тақтатастарды табу жөніндегі жұмыстарға басшылық етті. «Геолого-структурные условия формирования месторождения Жезказгана» (бірлесіп шығарған), «Стратиформные месторождения меди западной части Центрального Казахстана» атты кітаптарының авторы.

Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

55 жыл бұрын (1955) Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, милиция генерал-майоры БАЙЖАСАРОВ Болат Зейноллаұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Қарағанды жоғары милиция мектебін, КСРО Ішкі істер министрлігінің академиясын бітірген.

1978-1982 жылдары - Қарағанды облысы Балқаш қаласының ішкі істер бөлімінің тергеушісі. 1983-1993 жылдары - Алматы қаласы Алатау ауданының ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесінің бастығы, Алматы қаласы Ішкі істер басқармасының тергеу басқармасы бастығының орынбасары, Ішкі істер бас басқармасы бастығының орынбасары. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1995-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары. 2001-2005 жылдары - Маңғыстау, Ақмола облыстары Ішкі істер басқармаларының,Көліктегі Оңтүстік-Шығыс Ішкі істер басқармасының жетекшісі. 2005-2007 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдан бастап.

«Ерлігі үшін», «Астана», ІІ-ші және ІІІ-ші дәрежелі «Үздік қызметі үшін», «Kұқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медальдарымен, «Милиция үздігі», «ІІМ үздік қызметі үшін», «ҚР ІІМ Еңбек сіңірген қызметкер», І-ші дәрежелі «Қайсар» төс белгілерімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар