ҚазАқпарат-Анонс: қыркүйектің 3-і мен 6-сы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ПАРЛАМЕНТ
Қыркүйектің 3-інде сағат 10.00-де Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтеді.
ҮКІМЕТ
Қыркүйектің 3-інде сағат 9.30-да Ө.Шөкеев Астана қаласын тасқын судан қорғау үшін салынып жатқан бөгетте болады.
Білім және ғылым министрлігі қыркүйектің 3-інде Үкіметтің www.e.gov.kz порталында «Мектепте білім берудің перспективасы» деген тақырыпта интернет-конференциясын өткізеді. Интернет-конференция сағат 9.00 мен 16.00-ге дейін сауалдар қабылдауға ашық болады. Сауалдарға Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев жауап береді.
БАСҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМДАР
Қыркүйектің 3-інде сағат 15.00-де Бас прокуратураның апта сайынғы брифингі өтеді.
Шілде айынан бастап қыркүйек айына дейін Кедендік бақылау комитетінің басшылары азаматтарды қабылдайды. Комитет төрағасы Козы-Көрпеш Кәрібозов азаматтарды - шілденің 11-і, тамыздың 14-і, қыркүйектің 11-і күндері қабылдайды. Азаматтар сондай-ақ, өз мәселелерімен комитет төрағасының орынбасарларына да кіре алады. Төраға орынбасары Сержан Дүйсебаев - шілденің 16-сында, тамыздың 13-інде, қыркүйектің 17-сінде қабылдаса, Жарқынбек Оспанов - шілденің 15-інде, тамыздың 12-сінде, қыркүйектің 9-ында, ал Игорь Тен - шілденің 6-сында, тамыздың 10-ында, қыркүйектің 14-інде қабылдайды. Қабылдау уақыты - сағат 16.30-18.30-дың аралығында. Мына телефон арқылы қабылдауға жазылуға болады: (8-7172) 79-45-79.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ
3-4 қыркүйекте Гаагада ЕҚЫҰның аз ұлттар мәселелері жөніндегі Жоғарғы Комиссары Кнут Воллебектің қолдауымен Қазақстан халықтар ассамблеясы, ҚР және Нидерланды басшылығы және ЕҚЫҰ институттары өкілдері қатысатын ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі тақырыбында семинар өтеді.
Семинар барысында қазақстандық делегация қоғамдық-саяси өмірдегі аз ұлттардың Нидерланды ғылыми-зерттеу және білім топтары өкілдерімен интеграциялануы саласында тәжірибе алмасу мақсатында Фрисланд Академиясында (Луварден қаласы) болып қайтпақ.
6-9 қыркүйекте Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің Еуропа істері жөніндегі орынбасары, баронесса Гленнис Киннок бастаған делегацияның Қазақстанға сапары жоспарлануда.
Сапар барысында Г. Киннок еліміздің ресми тұлғаларымен бірқатар кездесулер өткізіп, онда Қазақстан және Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мен тереңдету, сондай-ақ көп жақты құрылымдар шеңберінде екі жақты ықпалдастық мәселелері бойынша қазақстандық тараппен пікір алмаспақ
7-9 қыркүйекте Қазақстанға Эстония Республикасының Премьер-министрі Андрус Ансипа ресми сапармен келмек.
Сапар шеңберінде эстон үкімет басшысы еліміз басшылығымен кездесіп, екіжақты қатынастардың кең ауқымды мәселелері төңірегінде, нақтырақ айтқанда, көлік, білім және ғылым саласындағы өзара әрекеттестік, өзара азаматтар қатынасы, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі диалог, сонымен қатар, жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасады деп күтілуде.
ҚОҒАМ
Қыркүйектің 3-інде сағат 11.00-де Арна медианың акт залында тілдер конкурсы өтеді.
Қыркүйектің 3-інде сағат 12.00-де «Нұр Отан» ХДП үйінде (Тәуелсіздік көшесі, 12/1) «2009 жылдың бірінші жартыжылдығындағы «Жас Отан» жастар қанатының қызметі» брифингі өтеді.
Қыркүйектің 3-інде сағат 15.00-де «Электрондық партия» жобасының таныстырылымы өтеді. Іс-шара өтетін мекенжай: «Нұр Отан» ХДП ғимараты, Манас көшесі, 3.
Тамыздың 1-інен бастап жолаушылар пойыздарының плацкарт вагондарының билет құнына төсек жабдықтарының құны қосылады. Жолаушылар төсек жабдықтарын бұдан былай билет кассасында жол құжатын ресімдеу кезінде сатып ала алады. Оған қоса, қыркүйектің 15-іне дейін плацкарт вагондарда ВУ-9 түбіртектері бойынша төсек жаймаларының уақытша сатылымы рұқсат етіліп отыр. Бірақ қыркүйектің 15-інен бастап вагондарда төсек жабдықтарын сатуға тыйым салынады. Жолаушы төсектің құнын билет кассасында төлеуден бас тартса, оны вагонда сатып ала алмайды.
Тамыздың 11-і мен қыркүйектің 30-ында БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Ядролық қаруға жол жоқ» қазақстан-жапон көрмесі өтеді.
Қыркүйектің 5-11-і күндері Алматы облысында НАТО-ның қолдауымен халықаралық құтқарушылар қызметі бөлімшелерінің табиғат апатының зардабын жою кезіндегі бірлескен іс-қимылын пысықтауға арналған халықаралық жаттығу өтеді.
АСТАНА
Қыркүйектің 3-інде сағат 9.00-де Қазақстан Республикасының травматолог ортопедтерінің І съезі өтеді. Съезд өтетін мекенжай: Сол жағалау, Достық-3 көшесі, «Көрме» көрме орталығы. («Керуен» сауда орталығының жанында).
Қыркүйектің 3-інде сағат 13.00-де Ұлттық академиялық кітапханада «Таным» конкурсын жариялау» туралы баспасөз мәслихаты өтеді.
Тамыздың 25-і мен қыркүйектің 4-і аралығында елордада жол-көлік апатынан жарақаттанудың алдын алу мақсатында «Абайлаңыз, балалар!» жедел-алдын алу шарасы өтеді. Жаңа оқу жылының басында жол полицейлері «Нұр Отан» ХДП және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдерімен бірігіп, қалалық орта білім мекемелерінің айналасындағы көшелерді тексеріп шығады.
АЛМАТЫ
Қыркүйектің 3-інде сағат 09:00-де «Дағдарыс орталығының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы З.Байсақовамен сұхбат өтеді.
Қыркүйектің 3-інде сағат 12:00-де Қазақ баспасөз клубында «Азаматтық қоғам. Қоғамдық бірлестіктердің рөлі» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтеді.
Қыркүйектің 3-інде сағат 14:00-де ҚР HP Pavilionn жаңа ноутбуктердің таныстырылымына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
Қыркүйектің 3-інде сағат 14:00-де Қазақ баспасөз клубында «ҚазАгро» ұлттық қоры» акционерлік қоғамы әйелдер ұйымы альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің баспасөз мәслихаты өтеді.
Қыркүйектің 3-інде сағат 17:30-да «Каз Жол» қонақ үйінің «Керуен» мейрамханасында қазақстандық және британдық волонтерлер командаларының үш айлық жұмыстарына арналған қабылдау өтеді.
Тамыздың 5-і мен қыркүйектің 5-і аралығында Алматыда қоршаған ортаның сапасын жақсарту мақсатында «Таза ауа» айлығы өткізіледі. Айлық аясында қалаға кіре беріс жолдар мен көлік магистралдарында автокөліктерден шығатын түтін мен улы газдардың нормасына, атмосфералық ауаны ластаушы бірқатар кәсіпорындардың табиғатты қорғау қызметіне, жанармай құю стансаларында сатылатын көлік жанармайларының сапасына мониторинг жасау көзделген.
ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНДА:
ОҚИҒАЛАР
293 жыл бұрын (1716) Қайып хан елшілер Б.Екешев пен Б.Бөриевті Сібір генерал-губернаторы М.Гагаринге сапарға аттандырады. Құзіретті елшілер губернаторға Қайып ханның Ресей үкіметімен тығыз байланыс орнатуға және Жоңғар хандығына қарсы қазақ-орыс әскери одағын құруға дайындығы туралы мәліметтер жеткізеді. Қайып хан қазақтарға Сібірде еркін сауда жасауға рұқсат беруін сұрайды. Генерал-губернатор Қайып ханның ұсыныстарын мақұлдайды.
91 жыл бұрын (1918) 78-атқыштар полкі құрылды. Қоршауда қалған Орал қаласын қорғауда көзге түскен полк 1939 жылдың желтоқсанынан 1940 жылдың наурыз айларында кеңес-фин соғысына қатысқан. 1941 жылдың маусым айында Молдавияға орналастырылды. 1942 жылдың 27 ақпанында таратылды. Полкті майор Ф.Титов, подполковник Д.Голосовтар басқарған.
86 жыл бұрын (1923) Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты ұйымдастырылған. Алғашқы құжаттары 1917 жылдан басталады. Мұрағатта ревкомдардың, жергілікті кеңестер атқару комитеттерінің, ерекше әскери бөлімдердің, Ақтөбе өңіріндегі азамат соғысының барысын, армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұңғыш коммуналарды, ұжымшарларды ұйымдастыру, қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру, өнеркәсіптің, құрылыс ісінің дамуы, электр стансаларының салынуы, халық ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет салалары туралы жалпы саны 520 мыңға жуық құжаттар жинақталған. Шалқар мен Қобдада бөлімшелері, 9 аудандық мұрағат бар. Мұрағат қорларынан қажетті деректер іздеп табу үшін арнайы ғылыми-анықтамалық жүйе жасалған.
75 жыл бұрын (1934) Алматыда Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры ашылды. Театрдың шығармашылық қалыптасуының басы-қасында мынадай өнер қайраткерлері болды: өзбек режиссёрлері - А. Ибрагимов, В.Азимов, қазақ режиссёрлері - А.Исмаилов, Ә.Мәмбетов, Б.Омаров, К.Жетпісбаев, армян С.Башоян, әртістер - Тамара ханым, К.Бәйсейітова, Х.Насирова, композиторлар - Д.Мацуцин, А.Поливанов, Б.Ерзакович, Иванов-Сокольский және басқалары.
Театрдың шығармашылық тәжірибесі, оның 75 жылдық тарихы шығармашылықта неғұрлым жемісті жолдар белсенді ізденіс үстінде жүзеге асқанын айғақтайды. Сондықтан да шығармашылық таңдауды алуан түрлілікке негіздеп, одан әрі байыта түсуге бағытталған ұжым тәжірибелері, ізденістері кәміл ақталды. Жұмыс істей бастаған жылдар кезеңінде Ұйғыр театрында сахнаның тұтас бірнеше топ саңлақтары өсіп шықты. Олар Қазақстанның халық әртістері - А.Шамиев, С.Саттарова, М.Семятова, М.Бакиев, Р.Илахунова, З.Акбарова, Н.Маметова, К.Абдрасулов, М.Ахмадиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері - Ж.Асимов, Г.Жалилов, Х.Илиева, М.Зайнаудинов, А.Супиев, Р.Тохтанова, А.Акбаров, Т.Бахтыбаев, С.Исраилов, М.Рахманова, К.Закиров, Г.Саитова, Р.Саттарова, Р.Махпирова, М.Маметбакиев, А.Ақбарова, Қазақстан Республикасы өнеріне еңбек сіңірген қайраткерлер - П.Ибрагимов, И.Масимов, А.Қадыров, ҚР еңбек сіңірген қайраткер А.Айсаев. Театрмен қоян-қолтық бірлестікте КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор Қ.Қожамьяров, ҚР халық әртісі Г.Дугашев, композиторлар И.Масимов, Н.Кибиров, И.Исаев, Ш.Шаймарданова және басқалары жұмыс істеді.
1967 жылы Ұйғыр музыкалық-драма театрының атауы «Ұйғыр музыкалық комедия театры» болып өзгертілді. 1984 жылы Қазақстанның көпұлттық өнерін дамыту ісіндегі қол жеткізген шығармашылық табыстары үшін театр «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды.
68 жыл бұрын (1941) қазақтың даңқты ақыны Жамбыл қоршауда қалған Ленинград тұрғындарына «Ленинградтық өрендерім менің!» деген өлеңін арнады. Халық жыршысы онда сол кездегі біздің көпұлтты еліміздің барлық еңбекшілері бастан кешіп жатқан қиын сәттегі сезімдері мен күйзелістерін мәнді жеткізіп берді.
48 жыл бұрын (1961) «Қалқан - Щит» апталық газетінің бірінші нөмірі шықты. Бұрынғы атаулары - «На боевом посту», «Дзержинец». Ұзақ уақыт бойы ол жабық басылым болып келді. Астана қаласында қазақ және орыс тілдерінде шығады. ҚР ІІМ ішкі әскерлерінің қызметтері жайында баяндайды.
10 жыл бұрын (1999) Ерден батырдың кесенесі қалпына келтірілді. Ерден Сандыбайұлы 1808 жылы қазіргі Ұлытау ауданы, Қаракеңгір өзені бойында дүниеге келген. Қазір осы өзеннің жағасында Ерден күмбезі тұр. Ерденнің атасы Төлек батыр, әкесі Сандыбай батыр. Ерден өзі батыр, ақылды, ел қамын ойлаған ұлағатты жан. Ол 35 жасында аға сұлтан болыпты. 1843 жылы болыстықты, ел басқаруды қолына алған. Қаракеңгірге келіп қоныс тіккен. Ұлытау маңындағы арғын аталарын Арғанатыға көшіріп, орналастырған. 1862 жылы Атбасар ауданына аға сұлтандыққа сайланып, 55 жасында қайтыс болған.
8 жыл бұрын (2001) Астанада «Шежіре» қазіргі заманғы өнер галереясының тұңғыш экспозициясы ашылды. Шежіре - бір рудың түп-тамырын, терең тарихын, халықтың немесе жеке адамның генеалогиясын ашып көрсететін ғибратты туынды. Сондықтан галереяның негізгі мақсаты да - ұрпақтар арасындағы жанды қарым-қатынасты сақтап қалу, тек Қазақстан үшін ғана емес, жалпы бүкіл әлем үшін де құндылығы мол халық дәстүрлерін қастерлеу және біздің көне мәдениетімізді одан әрі өркендете түсу. Галереяда М.Бекеевтің «Дүрбелең», М.Антонюктың «Алпысыншы жылдағылар құрметіне естелік», Әлібай мен Сәуле Бапановтардың «Жиһангездік», Г.Телғазиевтің «Сәукеле», Ш.Гулиевтің «Қазақтар теңізде жүзгіш болған кезде...», апалы-сіңлілі Габолардың «Шығыс жұпар исі», тағы басқа туындылар қойылды.
4 жыл бұрын (2005) Қазан қаласында тұңғыш Халықаралық мұсылман киносының «Алтын мінбер» фестивалі өтті. Конкурсқа 20 елден 150-ден астам фильмдер ұсынылған.
ЕСІМДЕР
135 жыл бұрын (1874-1931) 30-шы жылдардағы қазақтың халық көтерілісі басшыларының бірі БАЙЫМБЕТОВ Жұмағазы дүниеге келді.
Бұқарадағы медреседе оқыған. 1930 жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған күштеп ұжымдастыруға қарсы бағытталған Қармақшы ауданы кедей-шаруалар қозғалысын басқарған. Оның басшылығымен көтеріліске қатысушылар Жосалы бекінісінен солтүстікке қарай Қазалы, Арал, Тереңөзек және Ырғыз аудандары көтерілісшілерімен Қарақұмда бірігуге аттанады. Көтерілісті басып-жаншуға Орынбор, Қызылорда мен Тәшкенттен жөнелтілген жазалаушы отрядтарымен арадағы ұрыстарда ол өзін білікті жетекші және халық болып қарсы тұрудың тамаша ұйымдастырушысы ретінде танытады. Әліби Жангелдин басқарған арнайы үкіметтік комиссиямен келіссөздер барысында ол асқан батылдықпен елдегі саяси қуғын-сүргіндерді тыюды және жергілікті халықтың діни сезімдеріне сыйластықпен қарауды талап етеді. 1930 жылдың мамырында қамауға алынады және ату жазасына кесіледі.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 1-І, СЕЙСЕНБІ
Білім күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы қаңтардың 20-сындағы Жарлығына сәйкес аталып өтеді. Бұл күні жыл сайын республикамызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен интерактивті сабақ өткізіледі.
Дүниежүзілік бейбітшілік күні. Екінші дүниежүзілік соғыстың (1939-1945 жж.) басталған күні аталып өтеді.
Ливия Араб Социалистік Ұлттық Жамахириясы ұлттық мейрамы - Төңкеріс күні. 1969 жылы Муаммар аль-Каддафидің басшылығымен бір топ офицерлер билікті басып алып, Ливияда мемлекеттік төңкеріс жасайды. Монархиялық құрылымды құлатып, олар елде Социалистік Халықтық Ливия Араб Жамахириясын жариялайды.
Өзбекстанның Тәуелсіздік күні (1991). Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылғы қарашаның 23-інен бастап орнаған.
Словакия Республикасының мемлекеттік мейрамы - Конституция күні (1992). Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1993 жылғы қаңтардың 1-інен бастап орнаған.
ОҚИҒАЛАР
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 2-І, СЕЙСЕНБІ
Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталған күні (1939-1945). Дәл осы күні 2-ші Дүниежүзілік соғыстағы небәрі үш аптаға созылған аса маңызды операциялардың бірі сәтті аяқталып, Жапонияның сөзсіз тізе бүккендігі жөніндегі Актіге қол қойылды. Ұлы Отан соғысында әбден шыңдалған Кеңес армиясы мақтаулы Квантун армиясының тас-талқанын шығарды.
Ресей Ұланының күні. 2000 жылғы желтоқсандағы РФ Президентінің Жарлығымен бекітілген. Ресей Императорлық Гвардиясы Петр бірінші билік еткен тұстарда Преображенский және Семенов полктері негізінде құрылған болатын. Бұл полктер 1918 жылы таратылып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қайта құрылды. 1941 жылы Смоленск түбіндегі ұрыстарда ерекше көзге түскен төрт атқыштар дивизиясы Сталиннің бұйрығымен гвардия атауын алды. «Гвардия» атағы кеңес Қарулы Күштерінің Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерлік көрсетіп, көзге түскен әскери бөлімдеріне, кемелеріне, құрамаларына және құрамдарына берілді. Әскери құрамалар гвардия туын, ал жеке құрамдар гвардия туы мен төс белгісін алды.
Вьетнамның Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1945). Вьетнам - Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан мемлекет. Солтүстігі Қытаймен, батысы Камбоджа және Лаоспен, шығысы мен оңтүстігі Оңтүстік-Қытай теңізімен шектесіп жатыр. Астанасы - Ханой қаласы. Мемлекеттік тілі - вьетнам тілі. Ақша бірлігі - жаңа донг.
Қазақстан Республикасы мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 29-ында орнатылды. Вьетнам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Фам Зуй Шон.
ОҚИҒАЛАР
17 жыл бұрын (1992) Карелия жерінде алпыс жылға жуық уақыт жат топырақта жатқан қазақ ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің заңғар қайраткері Міржақып Дулатовтың мәйітін Торғай облысы, Жангелдин ауданындағы өзінің есімімен аталатын ауылға әкеліп жерлеу үшін арнайы делегация алыс сапарға аттанды.
15 жыл бұрын (1994) Қазақстандағы консалтингтік қызмет нарығы көшбасшылардың біріы - «Tenir Project» ЖШС құрылды. Компания қызметінің негізгі мақсаты тұтынушыға қолданыстағы нарықтық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға, болашағы кәміл бағыттарды дамытуға, бизнестің құны мен табысын арттыруға мүмкіндік беретін шешімдерді дайындау болып табылады.
15 жыл бұрын (1994) Алматыда даңқты Райымбек батырдың кесенесі салтанатты жағдайда ашылды.
14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен жазушы М. Симашкоға (Шамис) «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді.
4 жыл бұрын (2005) Алматыда «Атамекен» Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің жалпыұлттық одағының ұйымдастыруымен «Қазақстан: табыс тарихы әлемдік қауымдастықтың көзімен» кітабының тұсаукесері болып өтті. Тұсаукесер рәсімінде белгілі ғалымдар, қоғамдық қайраткерлер, қоғамдық және кәсіби ұйымдардың басшылары сөз сөйледі. Бұл кітап - шетелдік мемлекеттер басшыларының, беделді саясаткерлердің, ғалымдардың, бизнесмендер мен журналистердің Қазақстан туралы пікірлері мен ұсыныстарының тұңғыш кең көлемді жинағы.
3 жыл бұрын (2006) Вашингтондағы Джорджтаун университетінің бір топ зерттеушілері профессор Джейн Маколиффтің жетекшілігімен 5 томдық «Құран энциклопедиясын» құрастыруды аяқтады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің Халықаралық ақпараттық бағдарламалар бюросының хабарлауынша, жаңа басылым ағылшын тілінде шығарылған жоғары сапалы анықтама болып табылады және ол мұсылмандардың қасиетті кітабы туралы батыс өкілдерінің білімдеріндегі олқылықтардың орнын толтырады.
215 жыл бұрын (1794) Одессаның (Украина қаласы) іргетасы қаланды.
175 жыл бұрын (1834) Сэмюэль Кольт револьверді патенттеді. Оған дейін мылтық ату өте қиын, әурешілігі көп шаруа болатын. Ол үшін әуелі мылтықтың өзегіне дәрі салып, оны дұрыстап бітеп, содан соң барып оқ салу керек. Егер мылтықты оңтайлы ұстай алмасаң, тіпті атылмай қалуы да ғажап емес. Аңыз бойынша, Сэм мылтық штурвалының қалай айналатынын бақылап, мылтыққа барабанның қажет екендігіне көз жеткізеді. Оның ойлап тапқан қаруы сол уақытта үлкен сұранысқа ие болды. Оны әскерилер отрядтары пайдалана бастады. Қарапайым солдаттарға револьвер қатты ұнады, олар қаруды бір рет оқтап, алты рет ата алатын еді. Бұл қаруды қара халық та, бұзақылар да, құқыққорғаушылар да сатып ала бастады. Бүгінде «Кольт» атыс қаруларын шығаратын бірден-бір компания.
120 жыл бұрын (1889) Мариупольде теңіз айлағы ашылды.
40 жыл бұрын (1969) Arpanet жүйесінің көмегімен екі электр-есептеу машинасы (ЭВМ) біріктірілді. Солардың бір жүйеге тоғыстырылуымен Интернет дәуірі басталады.
38 жыл бұрын (1971) Біріккен Араб Республикасы өзінің тарихи «Египет» атауын қайта иеленді.
13 жыл бұрын (1996) Украинада жаңа ақша - гривна енгізілді.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1929) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі ОҚАЕВ Қаби Оқаұлы дүниеге келді.
Атырау облысының тумасы. ҚазМУ-ды (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітірген. ҚазМУ-де оқытушы, деканның орынбасары, аға оқытушы болып жұмыс істеген.
1963 жылдан - Алматы Халық шаруашылығы институтында (1993 жылдан Қазақ Мемлекеттік Басқару академиясы) декан, аға оқытушы, доцент, Өнеркәсіп экономикасы кафедрасының меңгерушісі. Қ. О. Оқаев «Толық шаруашылық есеп және өнеркәсіптің негізгі қорлары», «Негізгі қор және өндірістік өнеркәсіптердің тиімділігі», «Нарық жағдайындағы өндірістік кәсіпорындардың экономикасы» сияқты бірнеше кітаптардың, 180-нен астам ғылыми мақаланың ауторы.
«Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен, Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен марапатталған.
75 жыл бұрын филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы ИСМАИЛОВ Рабик дүниеге келген.
Алматы облысында туған. Ташкент қаласындағы Орталық Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1960-1963 жж. - «Мектеп» баспасында корректор, бас редактор болып жұмыс істеген. 1992-1997 жж. - Республикалық ұйғыр мәдениеті қоғамының төрағасы. Қазіргі кезде Ұйғыр мектептерінің мәселелерін үйлестіру орталығының төрағасы болып еңбек етуде.
Ол - ұйғыр әдебиеті мен мәдениеті мәселелеріне арналған төрт монографияның, 200-ден астам мақалалар мен очерктердің, 9-ыншы және 11-інші сыныптарға арналған оқулықтардың ауторы. Тарих, жағрафия, педагогика, философия және экономика бойынша оқулықтарды ұйғыр тіліне аударған.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939-1999) филология ғылымдарының кандидаты, профессор АЙТАЗИН Қазтай дүниеге келді.
1960-1970 жж. Қазақстан Ғылым академиясының Тіл білімі институтында аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, аспирант болды. 1970-1989 жж. Алматы педагогикалық шет тілдері институтының Қазақ және жалпы тіл білімі кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, 1989-1999 жж. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті (қазіргі Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеті) Қазақ практикалық қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, профессоры болды.
1960-1972 жж. Қазақ тілінің диалектология, лексикология, лексикография салалары бойынша 20-дан астам экспедицияларға қатысып, жергілікті тіл ерекшеліктеріне, этнолингвистика, кәсіби сөздер мен ауыз әдебиетіне байланысты көлемді материалдар жинады. Профессор кәсіби лексика сапасын жақсартуға қыруар еңбек сіңірді.
Қ. Айтазинның жалпы саны 70-тен астам ғылыми-зерттеу еңбектері бар.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 3-І, БЕЙСЕНБІ
Лаңкестікпен күрестегі ынтымақтастық күні. 2005 жылғы шілдеде Ресей Федерациясының Заңымен бекітілген.
Катар Мемлекетінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1971).Катар - Парсы шығанағының Катар түбегінде орналасқан мемлекет. Астанасы - Доха қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - катар риалы. Мемлекеттің саяси құрылымы - абсолютті монархия. 1971 жылы Катар тәуелсіз мемлекет болып жарияланып, БҰҰ мен Араб мемлекеттері лигасына қабылданды. Қазақстан Республикасы мен Катар Мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас1993 жылғы шілденің 1-інде орнатылды.
Сан-Марино Республикасының құрылған күні. Сан-Марино - 301-інші жылы негізі қаланған Еуропадағы ескі мемлекеттердің бірі. «Сан-Марино Республикасы» атауы X ғасырдағы құжаттарда кездесе бастайды. Елдің қолданыстағы Конституциясы 1600-інші жылы қабылданған, оған тек 1906 жылы ғана кейбір өзгерістер енгізілген.
Гуамдағы Еңбек күні. Тынық мұхиттың батыс бөлігінде орналасқан Гуам АҚШ-тың билігінде және «АҚШ-қа қосылмаған аймақ» деген мәртебеге ие.
ОҚИҒАЛАР
81 жыл бұрын (1928) Алматы округі құрылды. Оның құрамына 21 аудан (Ленин, Талғар, Шымкент, Жаркент, Балқаш, т.б.) кірді. 1928 жылдың соңына қарай округте 33 өнеркәсіп жұмыс істеді. Округ 1930 жылы желтоқсанның 17-інде таратылды.
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «ҚР Президентінің Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығы туралы» Жарлығы жарық көрді.
10 жыл бұрын (1998) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Алматы облысы Қаскелең ауданының атауы Қарасай ауданы болып өзгертілді.
4 жыл бұрын (2005) «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы мен Қазақ мәдени орталығының қолдауымен Нью-Йоркте белгілі қазақстандық суретші, кітап безендіру шебері Ғали Мырзашевтің көрмесі ашылды. Түрлі халықаралық байқаулардың лауреаты, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографистер институтының түлегі Ғали Мырзашев американдық өнер әуесқойларының назарына «Уақыт жолдары» деген атпен өз туындыларының топтамасын ұсынды. Қазақстаннан бейтаныс американдық өнерсүйер қауым ұлттық мәдениеттің байлығы мен өзіндік бейнесіне зор қызығушылық танытты.
Ғали Мырзашев - кәсіби көкжиегі кең суретші, ол көркемсурет, сахна және кітап графикасында табысты жұмыс істеп жүрген шебер.
400 жыл бұрын (1609) ағылшын теңіз жиһанкезі Генрих Гудзон Нью-Йорк айлағын ашты.
50 жыл бұрын (1959) жапондық «Сони» корпорациясы транзисторлы радиоқабылдағыштарын шығара бастады.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1929) филология ғылымдарының докторы, профессор, әдеби сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері ЕЛЕУКЕНОВ Шериаздан Рүстемұлы дүниеге келді.
ҚазМУ (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітірген. Журналистика саласында және ғылыми-педагогикалық қызметтер атқарған. 1951-1959 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1959-1963 жылдары - ҚазМУ-дің журналистика факультетінің аға оқытушы. 1967-1971 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК-і аппаратының нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1971-1986 жылдары - Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы. 1986-1988 жылдары - Әдебиет пен өнер институтының директоры. 1988-1996 жылдары - осы институттағы орыс әдебиеті бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1997 жылдан аталған институтта бас ғылыми қызметкер және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультеті кітаптану кафедрасының профессоры.
Жазған туындылары 1946 жылдан жарық көре бастаған. Ғылыми еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына арналған.
Ш.Елеукенов «Мағжан» монографиясында ұлы ақынның шығармаларына жан-жақты талдау жасап, байыпты баға берген. Оның «Кітаптану негіздері», өзге авторлармен бірігіп жазған «Газет жанрлары», «Қазақ кітабының тарихы» кітаптары баспагерлер үшін құнды оқулықтар болып табылады.
70 жыл бұрын(1939-1991) қазақ қыпшақтанушысы, ғалым-археолог, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақстан Ғылым Академиясы сыйлығының лауреаты АҚЫНЖАНОВ Сержан дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында қызмет істеді. Отандық тарих, археология, ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан мәдениетіне арналған жүзден астам ғылыми еңбек жазды. «Ортағасырлық Қазақстан тарихындағы қыпшақтар» атты қыпшақтардың қоғамдық құрылысы, мемлекеттік құрылымдары мен мал шаруашылығы түрлері жөніндегі көлемді еңбегі жарыққа шықты. Оңтүстік Қазақстан кешенді археология экспедициясына, Шульба, Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедицияларына, сондай-ақ Қазақстан археологиясы тарихында тұңғыш құрылған қазақ-американ халықаралық археологиялық-этнографиялық экспедициясына жетекшілік етті. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының археологиялық технология зертханасын басқарған.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 4-І, ЖҰМА
Ядролық қамтамасыз ету саласының маманы күні. Ресей Федерациясы Президентінің 2006 жылғы мамырдың 31-індегі Жарлығымен бекітілді.
ОҚИҒАЛАР
56 жыл бұрын (1953) қазіргі кезде «Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті» деп аталатын Қарағанды политехникалық институты ашылды. 2002 жылы Қазақстан өнеркәсібіне жоғары сапалы мамандар даярлағаны үшін университет Өнеркәсіпке қолғабыс ассоциациясының (Франция, Париж қ.) Алтын медаліне ие болды.
17 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қазақ тілінде шығатын «Сақшы» газетінің тұңғыш нөмірі жарық көрді.
95 жыл бұрын (1914) Ұлыбритания, Франция және Ресей Германияға қарсы Лондон пактіне қол қойды.
45 жыл бұрын (1964) Жердің магниттік өрісін сәулеленуін зерттеу мақсатында америкалық орбитальді геофизикалық расытхана «ОГО-1» ұшырылды.
18 жыл бұрын (1991) Қырымның Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларация қабылданды.
18 жыл бұрын (1991) Свердловскіге тарихи «Екатеринбург» атауы қайтарылды. Қала 1723 жылы, металлургиялық зауыт құрылысы басталуына орай, В.Татищевтың ұсынысымен патшайым Бірінші Екатеринаның құрметіне негізі қаланған еді.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1934) суретші ЛАПТЕВ Александр Иванович дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған. В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркем-өнер институтын бітірген.
«Балқаш құрылысында», «Медеудегі жаттығу», «Жол үстіндегі кездесу», «Адамдар мекені» туындыларының авторы.
60 жыл бұрын (1949) Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы ГАФУРОВ Ринат Мифтахұлы дүниеге келген.
Алтай аймағында туған. Павлодар педагогикалық институтын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Қазақстан ЛКЖО Ертіс аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі - хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Павлодар облыстық комитетінің бөлім меңгерушісі, Екібастұз қалалық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. 1991-1992 жылдары - «Медполимер» біріккен кәсіпорнының цех бастығы, бас директордың орынбасары. 1992-1994 жылдары - Павлодар облыстық әкімшілігі басшысының көмекшісі. 1994-1998 жылдары - әкімшілік басшысының, Павлодар облысы әкімі аппаратының жетекшісі. 1998 жылы - Павлодар қаласы әкімінің орынбасары. 1998-2002 жылдары - «Богатырь Аксесс көмір» ЖШС-нің қызметкерлермен жұмыс және қоғамдық байланыстар жөніндегі директоры.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
45 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Ішкі бақылау басқармасының бастығы ОРМАНБЕТОВ Думан Нариманұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. Қарағанды Қызыл Ту орденді политехникалық институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінде жұмыс істеген. Осы қызметінде 2008 жылдан бастап.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 5-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
76 жыл бұрын (1933) Алматыда М.Лермонтов атындағы республикалық орыс драма театры ашылды. Бұл - Қазақстандағы байырғы, ең үлкен театрлардың бірі. Театр ұжымы алғаш Семейде ұйымдастырылып, кейін Алматыға ауыстырылған. Сахна пердесін тұңғыш рет К.Треневтің «Любовь Яровая» пьесасымен ашты. 1964 жылы орыс ақыны М.Лермонтовтың 150 жылдық мерейтойына орай театрға оның есімі берілді. Театр труппасы 1974 жылы Мәскеуге гастрольге барып, үлкен жетістікпен оралған соң, академиялық театр атағын алды.
9 жыл бұрын (2000) Атырау қаласында Дина Нұрпейісова атындағы «Бұлбұл домбыра» атты әйел домбырашылар арасында екінші республикалық байқаудың ашылу салтанаты болды. Үш күн бойы Қазақстанның шартарабынан келген 44 орындаушы халық аспабында сайысқа түсті. Осы байқау аясында Атырау қаласындағы жаңа алаңда Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды.
8 жыл бұрын (2001) Павлодар қаласында Мәшһүр Жүсіп мешітінің ашылу салтанаты болды. Мешіт сегіз қырлы, бұл Дешті Қыпшақтардың сәулет үлгісіне жатады. Оның үстіндегі 8 қырлы жұлдыз - түркі жұртының ортақ рәмізі. Күмбезі - шаңырақ үлгісінде, 4 мұнараның ұзындығы Пайғамбар жасына орай 63 метр. Бір мезгілде 1500 адам намазға жығылуға мүмкіндігі бар, ерлер мен әйелдер залы бөлек. Мұражай, кітапхана, ислам дінін насихаттайтын бейне зал, неке қию бөлмесі бар. Үлкен залдағы гауһар тасты шамның салмағы 3,5 тонна, биіктігі 16,5 метр, ені 6 метр.
3 жыл бұрын (2006) Астанада «Алатау» Спорт сарайында бірінші Қазақстан халықаралық мұнай мен газ көрмесі ашылды.
530 жыл бұрын (1479) португалдықтармен 4 жыл күрестен соң Испания Канар аралдарын иелігіне алды.
90 жыл бұрын (1919) қызыл әскер командирі, азамат соғысының батыры Василий Иванович Чапаев ақтармен ұрыста шегініп келе жатып, Жайық өзеніне суға батып кетті. Бұл оқиға Ілбішін (қазіргі Батыс Қазақстан облысының аймағы) қаласының тұсында болған. Кейін жер аты Чапаев болып өзгертілді.
30 жыл бұрын (1979) Канада алтын өндіруші кәсіпорындарды ынталандыру мақсатында алтын тиындар шығаратыны туралы жариялады.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924-1991) композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты МҰХАМЕДЖАНОВ Сыдық дүниеге келді.
Қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданында туған. Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) композиторлық бөлімін бітірген. Консерваторияда оқыған жылдары Қазақ радиосында музыкалық редактор болды және Қазақстан Мәдениет министрлігінде қызмет істеді. 1960-1962 жылдары - Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы. 1964-1968 жылдары - Қазақ филармониясының директоры әрі музыкалық жетекшісі. 1969-1972 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры қызметтерін атқарған. Мұхамеджановтың қазақ ән өнерінде Абай өлеңдеріне жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Ғашықтың тілі - тілсіз тіл» атты әндері ерекше дараланды. Шуақты лиризмге тұнған «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», «Тербеледі тың дала», «Жарқырайды Теміртаудың оттары», «Еңбек әні», «Жастар маршы», тағы басқа балалық шақ, жастық шақ, бейбітшілік, еңбекті жыр еткен көптеген әндері мен романстары ел арасында кеңінен танымал. Мұхамеджанов «Бекет», «Ақан сері - Ақтоты» операларын, «Ғасырлар үні» ораториясын жазды. Ал «Дауыл» атты бірнеше бөлім симфониясы ұлттық музыкаға қосылған елеулі үлес болды. Оның скрипка мен фортепьяноға арналған сонаталары, халық аспаптар оркестріне жазылған пьесалары, күйлері, камералық оркестрге жазылған поэмалары қазақтың аспаптық, оркестрлік, камералық шығармаларының жан-жақты дамығандығын, оның биік көркемдік дәрежесін көрсетеді. Ол «Алдар көсе», «Ботагөз», «Рәбиға», «Беу, қыздар-ай!», «Сәуле», тағы басқа спектакльдерге, «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Партизан қызы» кинофильмдеріне музыка жазған.
Қазан революциясы, Халықтар Достығы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
70 жыл бұрын (1939) экономика ғылымдарының кандидаты ӘКІМБЕКОВ Қарабек Қасымбекұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Новосібір мемлекеттік университетін бітірген. Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономикалық ғылыми-зерттеу институтында аға программист-экономист, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1981-1991 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономикалық жоспарлау және нормативтер ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік меншік жөніндегі комитет төрағасының орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік меншік жөніндегі комитеттің экономика мәселелері жөніндегі кеңесшісі. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы ТМД-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік комитеттің стратегия және ұйымдастыру бас басқармасының бастығы. 1997 жылы - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері департаментінің кеңесшісі, ТМД және Балтық елдері басқармасының бастығы міндетін атқарушы. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы және Тәжікстандағы Елшіліктерінің кеңесшісі. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Түркіменстандағы Елшілігінің кеңесшісі. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика министрлігінің Экономикалық зерттеулер институтында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған.
50-ден астам ғылыми басылымдардың авторы.
55 жыл бұрын (1954) тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ӘЛІМБАЙ Нұрсан дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Қазақстан Ғылым академиясының Тарих және этнология институтының аспирантурасын бітірген. Талдықорған педагогикалық институтында оқытушы болып жұмыс істеген. 1979 жылдан Қазақстан Ғылым академиясының Тарих және этнология институтының аға лаборанты, кіші, аға, басты ғылыми қызметкері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті секретариатының кеңесшісі қызметтерін атқарған. 1999 жылдан - Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұражайының директоры.
150-ден астам ғылыми мақалалар авторы.
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі орта білім беру департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері САНАТОВА Майра Тақауқызы дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жұмыспен қамтуды реттеу және әлеуметтік бағдарламалар департаменті әлеуметтік-еңбек қатынастары және әлеуметтік әріптестік бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Осы қызметінде 2007 жылдың мамырынан бері жұмыс істеуде.
ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 6-Ы, ЖЕКСЕНБІ
Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы қаңтардың 20-сындағы Жарлығына сәйкес қыркүйектің бірінші жексенбісінде атап өтіледі.
Свазиленд Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1968).Бұлмемлекет Африканың оңтүстік-шығысында орналасқан. Шығысында Мозамбикпен, оңтүстік-шығысында, оңтүстігінде, батысы мен солтүстігінде - Оңтүстік Африкамен шектеседі. Астанасы - Мбабане (әкімшілік), Лобамба (корольдік резиденциясы). Мемлекеттік тілдері - свази, ағылшын. Мемлекеттік құрылымы - монархия. Ақша бірлігі - лилангени.
Чили Республикасының мемлекеттік мейрамы - Ұлттық ынтымақтастық күні.
Қазақстан Республикасы мен Чили Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы тамыздың 19-ында орнатылды.
Болгария республикасының Мемлекеттік мейрамы - Шығыс Румелиямен біріккен күні. Қазақстан Республикасы мен Болгария арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 5-інде орнатылды.
Пәкістандағы Қорғаныс күні. Ресми атауы - Пәкістан Ислам Республикасы. Оңтүстік Азиядағы мемлекет. Пәкістан Британдық Индия аймағын бөлу нәтижесінде пайда болған. Оңтүстігінде аумағын Араб теңізі шайып жатса, оңтүстік-батысында Иранмен, солтүстік-батысы мен солтүстігінде Ауғанстанмен, солтүстік-шығысында Қытаймен және шығысында Индиямен шектеседі. Астанасы - Исламабад. Пәкістан - 4 провинциядан (Пенжаб, Синд, Солтүстік-Батыс шекаралық және Белужістан) тұратын федеративтік республика. Мемлекет басшысы - президент. Мемлекеттік тілдері - урду және ағылшын. Ақша бірлігі - пәкістан рупийі.
ОҚИҒАЛАР
65 жыл (1944) бұрын Қазақ КСР үкіметі мен ҚКП(б) ОК «Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдер театрын құру туралы» қаулы қабылдады, қазіргі Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер орыс театры. 1945 жылдың 7-ші қарашасында алматылықтарға Е.Шварцтың Н.Сац қойылымындағы «Қызыл телпек», Исидора Штоктың драматург әрі режиссёр Виктор Розов қойылымындағы «Лейденді қоршау» сияқты өзінің алғашқы спектакльдерін ұсынды.
1985 жылы ақпанның 24-інде Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің №50-інші Жарлығымен Қазақстан Балалар және жастар театры екі өз алдына бөлек ұжымға бөлінді: орыс театрына 1995-інші жылы Наталья Сац есімі берілді, ал қазақ театрына белгілі қазақ жазушысы және драматург Ғабит Мүсірепов есімімен аталды. 1996 жылы Н.Сац атындағы Жасөспірімдер театрына академиялық құрметті атағы берілді.
16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа тұрғын үй саясаты туралы» Жарлығы жарияланды.
16 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы тұрғын үй құрылысы Мемлекеттік банкі («Тұрғын-үй құрылыс банкі») құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы қарашаның 1-індегі Қаулысымен «Тұрғын-үй құрылыс банкі» ЖАҚ-ы болып қайта құрылды.
15 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің Қаулысымен «Қуат» холдинг-компаниясы мен британдық «Амлон Трейдинг ЛТД» фирмасы негізінде «ҚуатАмлонМунай» біріккен кәсіпорны (КАМ БК) - тұңғыш жеке мұнай компаниясы құрылды.
14 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы» Жарлығы жарияланды.
12 жыл бұрын (1997) «Қазақша күрес» ұлттық күрес түрінен тұңғыш Әлем чемпионаты болып өтті.
9 жыл бұрын (2000) Алматыда «Қазақстандағы тау-кен ісі. Жағдайы мен перспективалары» тұңғыш ғылыми-практикалық конференциясы ашылды. Ұйымдастырушысы - Орталық-азиялық кен кәсіпорны одағы. Әлемнің жеті елінің мамандары осы саланы дамыту, жаңа өндірістік және инженерлік технологиялар, жер байлығын пайдалану үдерістерін құқықтық реттеу туралы 700-ден астам баяндамаларын талқыға салды.
9 жыл бұрын (2000) Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 55-інші сессиясы аумағында - әлем мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының жаңа тарихтағы аса ірі форумы - Мыңжылдық саммиті ашылды, онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қауіпсіздік пен ынтымақтастық - жаһандық және аумақтық аспектілері» тақырыбындағы баяндамамен сөйледі.
3 жыл бұрын (2006) Астана қаласының «Электрондық Үкімет» аясында құрылған www.astana.kz ресми сайты жұмыс істей бастады. Сайт үш тілде: мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Бұл - әрқайсысы құрамына 10-нан астам бөлімше кіретін «Қала туралы», «Билік», «Бизнес және инвестициялар», «Туризм және демалыс» сияқты төрт негізгі бөлімнен тұратын сайт. Мұнда астананың тарихы туралы, оның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы, атқарушы және де басқа жергілікті органдар жайында ақпараттар, тағы басқа өзіңізді қызықтырған сұрақтарға жауап ала аласыз.
3 жыл бұрын (2006) мәскеулік «Пушкинский» кинотеатрында қазақстандық «Көшпенділер» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі болып өтті.
190 жыл бұрын (1819) Томас Бланчард токарлық станокқа патент алды.
110 жыл бұрын (1899) АҚШ Қытайға қатысты ашық есік саясатын жариялады.
73 жыл бұрын (1936) «КСРО Халық әртісі» атағы бекітілді.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1924) медицина ғылымының кандидаты ГРИБАНОВ Михаил Николаевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы.
Украинада туған. Киев медицина институтын бітірген. 1960-1962 жылдары - хирург, Ақмола аудандық ауруханасының бас дәрігері. 1962-1966 жылдары - Целиноград (Ақмола) облыстық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі. 1966-1977 жылдары - Целиноград (Ақмола) облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі. 1977-1988 жылдары - Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары. 1988 жылдан - Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларының Республикалық клиникалық госпиталінің дәрігері.
«Құрмет», Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдермен марапатталған.
50 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі халықаралық-құқықтық департаменті директорының орынбасары КОСУНОВ Азат Бектенбайұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Банк ісі жоғарғы мектебін бітірген. Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультеті комсомол комитетінің хатшысы, институт комсомол комитеті хатшысының орынбасары болып қызмет атқарған. 1991-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің бас экономисі, басқарма бастығының орынбасары, бастығы болып жұмыс істеген. 1994-1997 жылдары - Алматы қаласы сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің бірінші хатшысы. 1999-2003 жылдары - Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінің бөлім меңгерушісі, вице-президенті міндетін атқарушы, президенті. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесі басшысының орынбасары. Қазіргі қызметін 2005 жылғы қаңтардан бері атқаруда.