ҚазАқпарат-Анонс: қыркүйектің 8-і мен 12-сі аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

ЕЛБАСЫ

Қыркүйектің 8-і күні Ақордада ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков Н.Назарбаев кітабының тұсаукесерін өткізеді.

ҮКІМЕТ

Қыркүйектің 8-і күні Үкімет отырысы өтеді.

Қыркүйектің 8-і күні Парламент Мәжілісінде жалпы отырыс өтеді.

Қыркүйектің 8-і күні 2011 жылы өтетін 7-ші қысқы Азия ойындарының Бас демеушісі пакеттерін алу туралы мүдделер келісіміне қол қойылады.

Қыркүйектің 8-інде Байланыс және ақпарат министрлігінде ведомство басшысы Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен Ұялы байланыс операторлары кеңесінің мәжілісі өтеді.

Қыркүйектің 9-ы күні ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесуімен «Қазақстандағы Германия жылы» аясында Германияның Техникалық ынтымақтастық жөніндегі қоғамдастығы кәсіби білім берудің кооперативті формасы бойынша Қазақстан-Герман диалогы өтеді.

ҚОҒАМ

Тамыздың 11-інде мұсылман әлемінің маңызды мерекелерінің бірі - Қасиетті Рамазан айы басталды . Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау биыл тамыздың 11-інен қыркүйек айының 9-ына дейін жалғасады.

Тамыздың 9-ы мен қыркүйектің 9-ы аралығында Венадағы Палфи сарайында «Ұлы Жібек жолы» жобасының аясында қазақстандық реставратор-суретші Қырым Алтынбековтың археологиялық жаңартылған жәдігерлері мен шығармашылық туындылары, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі заманғы суретшілерінің көшпелі көрмесі таныстырылады.

Қазан айының 29-ы күні Петербордағы Таврия сарайында ТМД Парламентаралық ассамблеясының ұйытқы болуымен «Жолдардағы қауіпсіздік - өмір қауіпсіздігі» атты ІІІ халықаралық конгрес өтеді.

СЫРТҚЫ САЯСАТ

Қыркүйектің 7-8-і күндері Минискіде ТМД елдерінің сарапшылары табиғи және техногенді төтенше жағдайлар барысында зардап шеккен мемлекеттерге көмек көрсету жөніндегі Резерв қорын құру туралы Келісімнің жобасын талқылайды.

Қыркүйектің 9-ы мен 25-і аралығында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының «Бейбіт мақсат-2010» оқулары өтеді. Жетінші рет өткізілейін деп отырған оуларға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстанның 5 мыңнан астам әскери қызметкерлері қатысады.

Қыркүйектің 12-16-сы аралығында Қазақстан делегациясы Канаданың Монреаль қаласында өтетін ХХІ Дүниежүзілік энергетикалық конгреске қатысады.

Қазан айының 20-23-і аралығында ТМД-ның Қаржылық-банктер кеңесі мен Әзірбайжанның Халықаралық банкі Достастықтың Атқарушы комитетінің қолдауымен Бакуде халықаралық конференция өткізеді.

АСТАНА

Қыркүйектің 8-і күні Бейбітшілік және келісім сарайында «Шығыс пен Батыс: мәдениеттер мен конфессия диалогы» атты дөңгелек үстел өтеді.

Қыркүйектің 8-і күні «КАZENERGI» қауымдастығының халықаралық қызметі» атты баспасөз мәслихат өтеді.

Қыркүйектің 8-і күні Астанадағы «Көрме» көрме орталығында «AstanaZdorovie 2010» денсаулық сақтау жөніндегі көрменің ресми ашылуы болады.

Қыркүйектің 8-і күні Н.Нығматулиннің қатысуымен Жоғары Партиялық мектепте жаңа білім беру айналымының ашылуы болады.

Қыркүйектің 8-інде Астанадағы «Думан» қонақ үйінде «Болашақтың ауруханасы» атты Халықаралық Медициналық Іскерлік Форумының салтанатты ашылуы болады.

Қыркүйек айының 6-8-і аралығында Астана қаласында Беларус Республикасының Мәдениет күндері өтеді.

АЛМАТЫ

Қыркүйектің 8-і күні Алматыда Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің екінші кеңесі өтеді.

Қыркүйектің 8-і күні Оралхан Бөкей оқуларының жыл сайынғы 12-ші конкурсы өтеді.

Қыркүйектің 8-інде «Қазақстан, Украина және Ресей: дағдарыстың жаңа толқыны немесе экономкалық алға жылжудың жаңа серпіні » атты баспасөз мәслихаты өтеді «Build-2010» Халықаралық көрмесінің ашылуы болады.

Тамыздың 25-і мен қыркүйек айының 15-і аралығында Алматыда ҚР-ның сауда-өнеркәсіп палатасы қала әкімдігінің көмегімен, отандық көрме компаниялармен және басқа да бизнес құрылымдардың қолдауымен "ана өлімі" мәселесіне назар аударуға және елімізде оның көрсеткішін азайтуға бағытталған «Өмірді қолдау» атты қайырымдылық акция өткізеді.

Қыркүйектің 4-12-сі аралығында Алматыда Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының гастролі өтеді.

СПРОТ

Қыркүйектің 11-інде Санкт-Петерборда өтетін «Әйелдер ондығы» атты халықаралық жарысқа Қазақстанның желаяқ қыздары қатысады.

Қыркүйектің 9-19-ы күндері Барбодостың Бриджтаун қаласында бокстан Әлем чемпионаты өтеді, оған еліміздің бокстан ұлттық құрамасы қатысады.

ӨСКЕМЕН

Қыркүйектің 6-ы мен 7-сі күндері Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аймақаралық ынтымақтастығының VІІ форумы өтеді.

ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 8-І, СӘРСЕНБІ

Халықаралық сауаттандыру күні.

1966 жылы ЮНЕСКО Тегеранда 1965 жылдың қыркүйегінде өткен «Бүкіләлемдік сауатсыздықты жою бойынша білім министрлері конференциясының» ұсынысы бойынша жыл сайын Халықаралық сауаттандыру күнін өткізуді жариялады. Қыркүйектің 8-і - осы конференцияның салтанатты ашылған күні.

Бұл күн ЮНЕСКО іс-қимылының басты салаларының бірі болып табылатын сауаттандыруды тарату жөніндегі қоғам күш-жігерін жандандыруға шақырады.

2002 жылы БҰҰ БасАссамблеясы 2003-2012 жылдар аралығын Сауаттандырудың онжылдығы деп жария етті.

Журналистердің халықаралық ынтымақ күні (1958).

Бұл - чех журналисі Юлиус Фучикті гитлершілердің Берлин түрмесі - Плетцензеде айуандықпен өлтірген күні. Жалынды журналисті еске алу мақсатында Халықаралық журналистер ұйымының Бухаресте өткен IV конгресінің шешімі бойынша атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (2000) Алматыда Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Болашаққа сеніммен» атты фотоальбомның тұсаукесер рәсімі өтті. «Отан» партиясының ұйымдастыруымен жарық көрген альбомда Елбасының жеке мұрағатынан алынған суреттер пайдаланылған.

9 жыл бұрын (2001) Астанада ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан картасы: «Атамекен» деп аталатын жаңа этномемориалдық парктің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, оның лентасын қиды. Бұл картада Қазақстанның барлық аймақтары қамтылып, еліміз аумағында орналасқан 100-ден астам нысан түпнұсқасынан айнымайтындай етіп көрсетілген. Олардың арасында қалалар, ондағы басқару мекемелері, мәдениет ошақтары, ірі өндіріс орындары, тарихи ескерткіштер қамтылған.

6 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Австрия қарым-қатынастарын дамытуға қосқан елеулі үлесі, екі мемлекет арасындағы сан тарапты байланыстарды орнатуға тигізген ықпалы үшін Австрияның бұрынғы канцлері Франц Враницкийді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

5 жыл бұрын (2005) Астанада Қазақстан Республикасы Үкiметтiк емес ұйымдардың Ұлттық ақпараттық қор орталығының және оның ресми сайтының таныстырылымы болды.

Басты мақсат - жаңа ақпараттық технологияларды енгiзуi арқылы мемлекеттiк органдар және үкiметтiк емес ұйымдарды тиiмдi және конструктивтiк iстестiк тетiгiн әбден жетiлдiру болып табылады.

3 жыл бұрын (2007) Қобда ауданының Жиренқопа ауылында Қобыланды батырдың мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды.

Авторы - сәулетші Бек Ибраев. Қобда жағалауындағы мемориалдық кешен әскери тақырыпта салынған. Әскери бас киіміне ұқсатып жасалған дөңгелек ғимарат бұрынғы жерленген жерде бой көтерді. Мавзолейге бара жатқан жолда меңгір-тастары орнатылған, олар қолбасшының тыныштығын сақтайтын сарбаздар сияқты. Шетінде әскери жебеге ұқсатылып жасалған ғимарат, онда кішігірм мұражай және саяхаттанушыларға арналған қонақ үй бар.

3 жыл бұрын (2007) қыркүйектің 8-9 күндері Щучинск-Бурабай демалыс аумағында Қазақстан Республикасының «Білім туралы» жаңа заңына арналған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның кубогына І республикалық дебаттық турнирі болып өтті.

Шараның ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ.

1 жыл бұрын (2009) қыркүйектің 8-12 аралығында Астана мен Алматыда «Үнді мәдениеті мен асханасының апталығы» фестивалі болып өтті.

ЕСІМДЕР

75 жыл бұрын (1935) ғалым-инженер, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылым академиясының, Халықаралық аграрлық білім академиясының корреспондент-мүшесі ДЕЙНЕГА Виктор Васильевич дүниеге келді.

Қостанай қаласында туған. Челябі қаласындағы ауылшаруашылықты электрлендіру және механикаландыру институтын бітірген.

Қостанайдағы транспорт және өндірістік мекемелердің жетекші инженері, мотожөндеу зауытының бас инженері, қалалық атқару комитеті өндіріс бөлімінің меңгерушісі, Қостанай қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, «Орталық электр жүйелері» мекемесі директорының орынбасары, Қостанай ауылшаруашылық институты инженерлік техника факультетінің деканы болған. 2002-2007 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік экономикалық университетінің ректоры қызметін атқарған. 2007 жылдан - М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік экономикалық университетінің ректорының кеңесшісі қызметін атқарады.

Негізгі ғылыми еңбектерінің бағыты - гидрожылу энергетика саласы. 100-ден астам ғылыми еңбектің және 3 оқулықтың авторы.

Үкіметтік сыйлықтармен марапатталған.

40 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Қазақ ақпарат агенттігі» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы ДИЯРОВ Дәурен Кеңесұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын бітірген.

1993-1994 жылдары - «АРУС» Кәсіби футбол клубының аудармашысы, 1994-1995 жылдары - «Стройимпорт» компаниясының менеджері. 1995-1997 жылдары - «ВИА» ЖШС-ның директоры. 1997-1998 жылдары - «Рахат-Металз» ЖШС құнды қағаздар департаментінің директоры, «Центраз Файнанс Секьюритиз ЛТД» қаржы жөніндегі директордың орынбасары. 1998-2000 жылдары - «Веста» ЖШС қаржы жөніндегі директордың орынбасары. 2000-2002 жылдары «Д.Д.Д.» ЖШС-ның директоры. 2002-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бас маманы. 2003-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі жастар саясаты департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі жастар саясаты департаментінің директоры. 2004-2007 жылдары - «Қазақ ақпарат агенттігі» ҰҚ» АҚ-ның экономика және даму жөніндегі вице-президенті. 2007-2009 жылдары - «Қазақ ақпарат агенттігі» ҰҚ» АҚ-ның президенті қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың маусым айынан.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 9-Ы, БЕЙСЕНБІ

Ораза айт мейрамы (2010 жылғы қыркүйектің 9-11-і - 1431 хижра жылының 1-3-ші шәууәлі).

Рамазан айы аяқталғаннан кейін мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын ұлық мереке. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айлардың сұлтаны - Рамазанның аяқталуын білдіретін бұл ұлық мерекені ізгі істермен, жақын-жұрағаттарға деген ерекше қамқорлықпен, мүсәпір-мүскіндерге қайырымдылық көрсетумен атап өту керек.

Рамазан айының аяқталуы бойынша мейрамға арнайы таза киінген мұсылмандар таңғы айт намазына мешітке жиналады, намаз оқылып болғаннан кейін бір-бірін қасиетті мейраммен құттықтап, дастархан жайып, қонаққа шақырып, бір-біріне әлемдегі бар жақсылықты тілейді. Реніштері болса кешірім жасап, төс қағысады.

Әсемдіктің бүкілдүниежүзілік күні.

Халықаралық Эстетика және косметология комитетінің (СИДЕСКО) бастамасы бойынша атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

5 жыл бұрын (2005) Астанада Қазақстанның алғашқы Ұлттық жастар дельфий ойындары ашылды.

Дельфий ойындары - классикалық және заманауи жанрдағы өнерлердiң барлық түрін бiрiктiретiн мәдени форум. Бұл фортепиано және скрипка, баян және халық билері, эстрадалық ән салу және театр, цирк және фотосурет, плакат және теледидарлар. Шара аясында Ұлттық ойындар конкурсы 14 номинация бойынша өтті.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда Балқаш-Алакөл бассейндік кеңесінің алғашқы мәжілісі болып өтті.

Ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрлігінің Су ресурстары комитеті және Қазақстандағы су қорларын бірлесіп басқару және суды қорғау жоспарын әзірлеу жөніндегі БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының техникалық қолдауымен Балқаш-Алакөл бассейні.

ҚР Ауыл шаруашылығы мен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің аумақтық бөлімшелері, Балқаш-Алакөл бассейндік су шаруашылығы және жергілікті төтенше жағдайлар басқармаларының қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан бұл басқосуда Бассейн кеңесін құру туралы шешім қабылданып, оған мүше азаматтардың тізімі бекітілді, кеңестің ережесі мен жоспары қаралды.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда «Қауымдасқан қазақтың Қалдарбегі» атты естелік кітабы жарық көрді.

Кітап қазақтың белгілі жазушысы, Қазақтан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы алқасы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Қалдарбек Найманбаевқа (1939-2004) арналған.

Кітаптың тысында жазушының өз қолымен жазған сөздері келтірілген. Екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімінде Қ.Найманбаевтың саяси, мемлекеттiк және қоғамдық қызметiндегі зор еңбектері жазылған; екінші бөлімі жазушының шығармашылығына, қазақ ұлттық әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесіне арналған.

Қалдарбек Найманбаев шығармашылық қызметін «Лениншіл жас» газетінен бастаған. Кейінен басқа республикалық баспаларында жетекшілік қызметтерін атқарған. Жазушының шығармаларының ішіндегі ең танымал кітаптары: «Үміт өткелі», «Даңқ тұғырында», «Көктөбе», «Біз сені тосамыз, Гүлзат», «Алыс сапар». 1992 жылы Қ.Найманбаев Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы алқасының төрағасы болып сайланған және осы лауазымында өмірінің соңына дейін қызмет атқарған.

5 жыл бұрын (2005) Екiбастұзда республикадағы алғашқы базалық прокуратура құрылды.

Мұнда Павлодар және Шығыс Қазақстан облысы прокуратураларының жас қызметкерлері өздерінің кәсіби біліктілік деңгейлерін жоғарлатады.

1 жыл бұрын (2009) Астанада «2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының» таныстырылымы болып өтті.

Ұсынылып отырған ұлттық жоспар адам құқықтары жөніндегі заңнаманы, адам құқығын қорғаудың жүйесін, сондай-ақ халықтың өз құқықтары тұрғысында қорғану тетігі бойынша нақты қадамдарды қарастыратын топтастырылған бағдарлама болып табылады.

Жоспардың тұжырымдамалық бөлімінде адамның азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқығына қатысты мәселелері талданған.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1945) «Ақтөбемұнайгаз» ААҚ бас директорының аға орынбасары, техника ғылымдарының докторы, Халықаралық инженерлер академиясының корреспондент мүшесі, Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің құрметті профессоры СЕЙІТПАҒАМБЕТОВ Жеңіс Сейітпағамбетұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын (Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

1970-1978 жылдары - «Эмбімұнай» комбинатының «Кеңқияқ» мұнай құбыры басқармасының мұнай өндіруші-операторы, ауысым инженері, аудандық инженерлік-технологиялық қызмет бастығының орынбасары, өндірістік қызмет ету базасының бастығы. 1978-1984 жылдары - «Кеңқияқмұнай» мұнай өндіру басқармасының бас инженері, «Ақтөбемұнай» өндірістік бірлестігі «Кеңқияқмұнай» мұнай өндіру басқармасы бастығының орынбасары - бас инженері. 1984-1993 жылдары - басқарма партия комитетінің хатшысы, «Ақтөбемұнай» өндірістік бірлестігі «Кеңқияқмұнай» мұнай өндіру басқармасының бастығы. 1993-1994 жылдары - «Ақтөбемұнай» өндірістік бірлестігі бас директорының орынбасары - бас инженері. 1994-1998 годы - «Ақтөбемұнайгаз» ААҚ бірінші вице-президенті. 1998-2002 жылдары - «Ақтөбемұнайгаз» ААҚ бас директорының бірінші орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2002 жылдан.

Облыстық мәслихаттың депутаты.

«Құрмет», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана» медальдарымен, «Қазақстан мұнайына - 100 жыл» белгісімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1950) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, қаржы және бюджет комитетінің төрайымы ҚАРАҚҰСОВА Гүлжан Жанпейісқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1972-1994 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, профессоры. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық реформалар жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Экономикалық консультанттар кеңесінің басшысы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Құнды қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы. 1996-1997 жылдары - «Қаржы нарығы институты» қоғамдық қорының президенті. 1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің төрайымы. 2001-2007 жылдары Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың қыркүйек айынан.

«Общественные фонды потребления» (бірлесіп шығарған), «Новые формы соревнования в системе хозяйственного механизма» (бірлесіп шығарған), «Живое творчество масс», «Соревнование и перестройка», «Налоги: сущность и практика использования», «Проблемы борьбы с экономической преступностью в Казахстане» (бірлесіп шығарған), «Что нужно знать о ценных бумагах», «Теневая экономика: тенденции развития» атты кітаптардың авторы.

«Парасат», «Содружества» ордендерімен, «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

50 жыл бұрын (1960) Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданы әкімінің орынбасары МЕЙІРБЕКОВ Берік Қуанұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Шымкент педагогикалық институтын, Шымкент қаласындағы инженерлік гуманитарлық қазақ-өзбек университетін бітірген.

1982-1986 жылдары - Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі. 1987-1990 жылдары - аудандық білім бөлімінде техникалық құрал-жабдықтар бөлімінің меңгерушісі. 1990-1992 жылдары - Т.Әлімқұлов атындағы лицей-интернатының тәрбие жөніндегі орынбасары. 1992-1995 жылдары - «Мейірімділік» ЖШС-нің директоры. 1995-1999 жылдары - «Қуан» шаруа қожалығының төрағасы. 1999-2002 жылдары - «Шолаққорған» автобус паркі АҚ-ның президенті. 2002-2004 жылдары - «Тұран-энерго» филиалы Созақ аудандық электр жүйесінің бастығы. 2004-2008 жылдары «Түркістан-энерго» ЖШС филиалының Созақ аудандық электр жүйесінің бастығы, Созақ ауданы Қарақұр ауылының әкімі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың сәуір айынан.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 10-Ы, ЖҰМА

Өзін-өзі өлтірудің алдын алудың бүкіләлемдік күні (ДДҰ).

Бүкіләлемдік өзін-өзі өлтірудің алдын алу күні бүкіл әлемде өзін-өзі өлтірудің алдын алу бойынша іс-қимылды қолдауды нығайту мен көтермелеу мақсатында жыл сайын 10 қыркүйекте өткізіледі.

Осы мәселеге қолдау көрсетіп жүрген демеуші - Халықаралық өзін-өзі өлтірудің алдын алу жөніндегі қауымдастығымен бірге Дүниежүзілік денсаулық ұйымымен басқа да әріптестер өзін-өзі өлтіруге тырысқан адамдарды тиісті деңгейде емдеуді және содан кейін күтімге алуды жақтайды, сондай-ақ БАҚ-тарда өзін-өзі өлтіруді мейлінше ұстамды жариялауға шақырады.

ОҚИҒАЛАР

85 жыл бұрын (1925) сол кездегі Қазақстан астанасы (1925-1929) Қызылордада қазақтың бірінші ұлттық театры құрылды.

5 жыл бұрын (2005) Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы салтанатты түрде ашылды.

Жаңа бес қабатты кітапхана 15 мың шаршы метрді алып жатыр, оның 20 оқырмандар залына бір мезгілде 500 адам сияды. Ұлттық кітапханада 2 млн. томға жуық баға жетпес білім қазыналарымен қатар, осы заманғы электрондық ақпараттар сақталып, оқырмандарға қызмет көрсетеді.

5 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шет тілдері әскери институты салтанатты түрде ашылды.

Әскери институт - «аудармашылық iс» және «өлкетану» сияқты мамандықтар бойынша жоғарғы әскери арнайы бiлiмi бар офицерлердi дайындайтын Орталық азия аймағындағы жалғыз оқу орын.

Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қалалық әкімшілігінің, АҚШ-тың, Ресейдің, ФРГ-ның, Туркияның, ҚХР-ның, Оңтүстік Корея елшілігінің әскери атташелері және елшіліктің өкілдері, республикамыздың жетекші жоғарғы оқу орындардың ректорлары қатысты.

5 жыл бұрын (2005) Қостанай облысының Қарабалық ауданында Ауған соғысында қаза болған жауынгерлердің құрметіне ескерткіш ашылды.

Ескерткіш төрт қарабалықшылардың есімі қашалған постаменттен тұрады. Постамент - қара жауқазын және автомат гильзасы топтастырылған мүсін.

3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ақтау Морпорт» арнайы экономикалық аймақтағы тоғыз кәсіпорынын салу жұмысының басталуына арналған шараға қатысты.

3 жыл бұрын (2007) Алматыда «Шебер қол» бірінші халықтық қолөнер фестивалі болып өтті.

Шараның негізгі мақсаты - қолөнерге қолдау көрсету және оны жастардың арасында кеңінен насихаттау. Ұйымдастырушысы - Халықаралық көшбасшылық орталығының бастаушы тобы.

Шараға әртүрлі жастағы адамдар қатысып, өздерінің былғары, саз, ағаш, металл, киіз сынды материалдардан жасаған бұйымдарын ұсынды.

3 жыл бұрын (2007) Павлодарда Қазақстанның биологиялық алуандылығын сақтау қорының тұсаукесері болып өтті.

Оның қатысушылары үкіметтік емес ұйымдардың, атқарушы органдар мен коммерциялық құрылымдардың өкілдері өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді және табиғатты пайдалану, жануарлар мен құстарды сақтау жайын талқылады.

ТМД-дағы алғашқы мамандандырылған экологиялық үкіметтік емес ұйым әлем жануарларын сақтауға бағытталған жобаларды қаржыландыру тетіктерін құруға бағытталған. Алғашқы кезеңде жаңа қоғамдық ұйымға Ғаламдық экологиялық қор көмек көрсетпек.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Президенті Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жаңа цехы құрылысының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысты.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» АҚ-ның филиалы. 1943 жылы құрылған, Қазақстан қара металлургиясы саласының тұңғышы. Өзінің құрамында зауыттың үш балқыту цехы, сондай-ақ шлактарды қайта өңдеу, шихталарды даярлау, кен-байыту цехтары және басқа да көмекші нысандары бар. Өзінің газ-турбина электр стансасы жұмыс істейді.

1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе маңындағы Кирпичный кентіндегі жаңа теннис орталығын ашты.

Теннис орталығын ашудың негізгі мақсаты жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау, сондай-ақ халықтың әртүрлі жіктерінің арасында теннис спортын тарату болмақ.

Орталық құрамына төрт жабық және алты ашық теннис корты, үш орындық көрермендер мінбері, екі тренажер залы, оқу-әдістемелік сыныптар кіреді. 150 автомашинаға тұрақ, жаттықтырушыларға арналған тұрғын үйлер салынған.

ЕСІМДЕР

270 жыл бұрын (1740-1802) орыс ғалымы, табиғаттанушы, саяхатшы, Ресей Ғылым Академиясының толық мүшесі ЛЕПЕХИН Иван Иванович дүниеге келді.

Страсбург университетін бітірген. П.С.Палласпен бірге Батыс Қазақстан аймағы - Жайық өңіріне саяхат жасады. Ботаника және нумизматикаға бағалы коллекция жинады. 1769 жылы Жайық қалашығында болып, Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан бірқатар форпостарды аралады. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайын сипаттап, пайдалы қазбалар өндірісі жөнінде болжам жасады, жергілікті тұрғындар этнологиясы, т.б. туралы мәліметтер жинақтады. Көптеген еңбектері неміс тіліне аударылған.

105 жыл бұрын (1905-1986) филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ағарту ісінің үздік қызметкері ҚОҢЫРАТБАЕВ Әуелбек дүниеге келді.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Ташкент педагогикалық училищесін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасын бітірген.

1921 жылы Ә.Диваевтың фольклор экспедициясына қатысқан. 1922-1924 жылдары Ташкенттегі алғашқы комсомол газеті «Жас қайратты» шығаруға атсалысты. 1925 жылы Қызылордада «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істейді. Астана Алматыға көшкенде, Қызылорда округтік ауаткомының жауапты хатшысы болады. 1929 жылы «Сыр бойы» газетінде партия бөлімінің меңгерушісі, «Екпінді балықшы» газетінің редакторы, 1930 жылы Алматыға оралып, республикалық «Колхоз» газетінің редакторы болады. 1932-1934 жылдары Мәскеу Комвузында оқиды. 1934-1937 жылдары аралығында БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінің аппаратында нұсқаушы болып қызмет атқарады. 1944-1948 жылдары Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет істей жүріп, бірқатар фольклорлық экспедицияларды басқарады. 1945 жылы М.О.Әуезовтің басшылығымен А.Құнанбаев шығармаларының академиялық жинағын шығарысып, оның «түсініктемелер» бөлімін жазады. 1948 жылы М.Әуезовпен бірігіп «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының лиро-эпос бөлімін жазып шыққан. Бұдан кейінгі жылдары монографиясын, балаларға арналған поэма, әңгімелер жинағын, қазақ әдебиетін оқытудың әдістемелігін, оқулықтарын шығарды. «М.Әуезовтің типтендіру өнері», «Қазақ эпосы және оның түркология мәселелері» сияқты ғылыми еңбектер жазып, оғыз қыпшақ дәуірінен қалған «Қорқыт ата кітабын» қазақ тіліне аударды. 40-жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ мемлекеттік университетінде фольклордан дәріс оқыды. 1950 жылдан өмірінің соңына дейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педогогикалық институтының профессоры болды.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 11-І, СЕНБІ

Украина киносының күні.

Украина Президентінің 1996 жылғы 12 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген, жыл сайын қыркүйек айының екінші сенбісінде атап өтіледі.

Аргентинада мұғалімдер күні.

Ұлы ағартушы, елдің бұрынғы президенті Доминго Фаустино Сармьентоның (1811-1888) қайтыс болған күніне орай жыл сайын атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

13 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы құрылды.

3 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шоқан Уәлиханов» желкенді кемесіне қазақстандық тұңғыш экспедицияның дүниежүзілік теңіз саяхатына жолдама берді.

Мемлекет басшысы экипаж мүшелеріне Қазақстан туын табыс етті. Бұдан кейін Қазақстанның Әнұраны орындалып, кемеде мемлекетіміздің туы көтерілді. Президент дүниежүзілік саяхатқа шыққан экипаж мүшелеріне сәт-сапар тіледі.

3 жыл бұрын (2007) Елбасы Каспийдегі жаңа «Ақтау Сити» қаласының алғашқы іргетасын қалады.

«Ақтау Ситиде» 4 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынады. Тәуелсіздік аллеясы бой көтереді. Көптеген мәдениет және білім беру нысандары, бизнес орталықтар, қазіргі заманғы кәсіпорындар салынады.

Жобаның ашылу салтанатына Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрі шейх Абдулла бин Заид әл-Нахайан, Әбу-Даби Мәдениет басқармасының төрағасы шейх Сұлтан бин Тахнун әл-Нахайан қатысты.

3 жыл бұрын (2007) Астанада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп шығарылған «Туған тіл» журналының тұсауы кесілді.

Бұл басылым алғаш рет араб, латын және қазақ тілдерінде шығарылып отыр. Журналды шығару шет елдік қандастарымызға деген қамқорлықтың көрінісі.

3 жыл бұрын (2007) Павлодар облысының Шалдай ауылының орталығында өрт сөндіру кезінде қаза болған «Ертіс орманы» табиғи резерват қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш орнатылды.

2006 жылы Шалдай орманында күшті өрт болды. Өрт сөндіру кезінде орман шаруашылығының төрт қызметкері қайтыс болды. Төрт ай өткен соң ормандағы өртті сөндіру кезінде тағы да екеуі өмірлерімен қоштасты.

Ескерткіштің мәрмәр тасында орман шаруашылығы инспекторларының суреттері мен есімдері қашаланып жазылған.

3 жыл бұрын (2007) Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 75-жылдығына орай мерекелік медаль шығарылды.

Медальдың айналасы шеңбермен қоршалып, жоғарғы жағы «БҚМУ» деген әдемі жазумен өрнектелген классикалық үлгіні аңғартады. Араб үлгісіндегі әріптер шашыраңқы, отшашу түрінде берілген. Жетпіс бес деген жазу бір-бірімен жалғасып, ерекше сән беріп тұр. Композицияның нақ ортасына аспандағы жұлдыздар тәріздес асыл тас салынған. Университеттің туған жылы асыл тастармен безендірілсе, медальдың шет жағы қырдың қызғалдағымен әсемделген. Бұл да кең даланың, студенттік жастық шақтың белгісі іспеттес.

М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті 1932 жылғы 1 қазанда Орал қаласында педагогикалық институт ретінде құрылған, ол республикамыздың екінші педагогикалық институты болды. Институтқа КСРО халық ағарту комитетінің орынбасары М.Н.Покровскийдің, 1937 жылдан бастап институт А.С.Пушкиннің есімі берілді. Соғыстан кейінгі жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты жылына 18 мамандығы бойынша 700 түлекті шығаратын ірі жоғары оқу орнына айналыды. 1996 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты А.С.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық институты болып өзгертілді. 2000 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жарлығымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылды, ал 2003 жылы оған Махамбет Өтемісұлының есімі берілді.

1 жыл бұрын (2009) қыркүйектің 11-12 аралығында Павлодарда «Эльпида» достарын жинайды» деген атпен Грек мәдениетінің фестивалі өтті.

Бұл шара Павлодардың Ертіс жағалауында өмір сүріп жатқан 500-ден астам гректің басын қосып отырған облыстық «Эльпида» этномәдени құрылымының 10-жылдығына арналып отыр.

Шараға республикамыздың басқа облыстарының, Ресей Федерациясының және Грекияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысты.

1 жыл бұрын (2009) Ақтөбе облысы Алға ауданының орталығында мүгедек балаларды сауықтыру орталығы ашылды.

Оның негізгі мақсаты - тірек-қозғалу аппараттары зақымданған, психикалық дамуы тежелген, церебральды сал ауруына шалдыққан және т.б. зардап шеккен 3-тен 15 жас аралығындағы мүгедек балаларды медициналық сауықтыруға және әлеуметтік бейімдеуге көмек көрсету. Орталық облыстың барлық аудандарынан және Ақтөбе қаласынан келген 40 баланы бір мезгілде емдеуге есептелген.

ЕСІМДЕР

45 жыл бұрын (1965) режиссер, сценарист ҚАРАҚҰЛОВ Әмір Болатұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік театр көркемсурет институтын (қазіргі Т.К.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы), С.М.Киров Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематографиялық институтын бітірген.

«D'Arcy» жарнама агенттігінде креатив директоры, «Қазақфильм» киностудиясындағы «Дебют-реклама» жетекшісі, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы қызметтерін атқарған.

«Разлучница», «Голубинный звонарь», «Последние каникулы», «Жылама», «Нереальная любовь» фильмдерін түсірген.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ 12-І, ЖЕКСЕНБІ

Фашизм құрбандарын еске алу күні.

«Фашизм құрбандарын еске алу күні» мейрамы қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Бұл күннің басты мақсаты - фашизмнің қайта жаңғыртылған идеологиясын ұлтаралық бірлік пен халықтар достастығы идеологиясына қарама-қарсы қою.

Бұл күн 1962 жылы белгіленген. Қыркүйек айының таңдалуы бекер емес, өйткені бұл айда Екінші дүниежүзілік соғыспен байланысты екі атаулы күн бар. 1939 жылғы қыркүйектің 1-і - соғыстың басталуы, ал 1945 жылғы қыркүйектің 2-і - соғыстың аяқталуы.

ОҚИҒАЛАР

9 жыл бұрын (2001) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздің Премьер-министрімен және күш-қуат ведомстволарының басшыларымен кездесіп, Қазақстан аумағындағы АҚШ азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы есептерін тыңдады.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда қазақ және орыс тілдерінде «Алматы тарихы» атты кітаптың 1-, 2-томдары, «Алматы энциклопедиясы», «Жетісудың ортағасырлық астаналары», «Алматы - мың жылдық тарих» атты шығармалардың таныстырылымы өтті.

Кітаптарды Ұлттық Ғылым Академиясының Марғұлан атындағы Археология, Сүлейменов атындағы Шығыстану, Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттарының мамандары бірлесіп дайындаған. Туындыларда түрлі дерек көздері негізге алына отырып, қаланың ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі түйінді сәттері жаңа көзқараста тұжырымдалып жазылған.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Асыл Алма» атты сыйлықтың таныстырылымы болды.

Сыйлықтың ұйымдастырушысы - Алматы қаласының әкімшілігі, Алматы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, «Via Concordia» коммуникация агенттігі және салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының қауымдастығы.

Сыйлық үш номинация бойынша тапсырылады: «Компания қызметкерлерінің денсаулығын қорғауға қосқан үлесі үшін», «Тұрғындар арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесі үшін», «Әлеуметтiк мағынасы бар аурулармен күресуге қосқан үлесі үшін».

Жеңімпаздарға «Асыл Алма» құрмет белгісі, статуэткасы, грамота және диплом табыс етіледі.

Конкурсқа Алматы қаласында тіркелген барлық коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар қатыса алады.

1 жыл бұрын (2009) Семей қаласындағы Достық үйінде татар тілін оқып-үйренетін жексенбілік мектеп ашылды.

Жексенбілік мектеп заманауи оқулықтармен, тілашарлармен және сөздіктермен жеткілікті қамтамасыз етілген.

ЕСІМДЕР

55 жыл бұрын (1955-2003) қазақтың жазушысы, журналист КІРІСБАЕВ Бейсебай дүниеге келді.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1980-1982 жылдары - республикалық «Білім» қоғамының баспа бөлімінде кіші редактор. 1982-1985 жылдары - «Қазақстан пионері» газетінің әдебиет және өнер бөлімінде. 1985-1992 жылдары - «Балдырған» журналының бөлім редакторы. 1992-2003 жылдары бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

«Тамшы» атты алғашқы жинағы 1979 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген. 1982 жылы «Алты әзілкеш» атты ұжымдық жинаққа топтама өлеңдері енген. «Аппақ бақ-бақ», «Адамша кел», «Ықылық», «Жаңылтпаштар» кітаптарының авторы.

50 жыл бұрын (1960) «Қазмұнайгаз»ҰК» АҚ басқарма директоры ЕЛШІБЕКОВ Серікбек Кенесбекұлы дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті) бітірген.

1981-1983 жылдары - шаруашылық дүкенінде аға экономист, 1983-1984 жылдары - жұмыспен қамту басқармасында тексеруші, 1984-1989 жылдары - «Главриссовхозстроя» экономикалық талдау зертханасында экономист, аға экономист, 1989-1990 жылдары - Қазақ КСР-дің Су шаруашылығы және мелиорация министрлігінің экономикалық-жоспарлау басқармасында бас маман. 1990-1992 жылдары - Қазақ КСР Қаржы министрлігі шаруашылық есеп аудиторлық орталығында кеңесшілік және сараптама қызметі бөлімінде бас контролер-ревизор, бөлім бастығы. 1992-1994 жылдары - «Казахстанаудит-Коспек» акционерлік компаниясының аудиторлық және кеңесшілік басқармасының бастығы. 1994-1997 жылдары - «Казахстанаудит-Коспек» компаниясының бас директоры. 1997-1999 жылдары - «Казахконсалтинг» ҰАҚ президенті. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрлігінде әкімшілік департаментінің директоры. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының орынбасары. 2004-2006 жылдары - «ҚазТрансОйл» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі бас директордың орынбасары. 2006-2008 жылдары - «Қазмұнайгаз»ҰК» АҚ Аппарат жетекшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар