ҚазАқпарат-Анонс: наурыздың 13-і мен 15-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: наурыздың 13-і мен 15-і аралығындағы   оқиғалардың    күнтізбесі
ҮКІМЕТНаурыздың 13-інде Тәуелсіздік сарайында Үкімет мүшелері мен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Іскерлік консультациялық кеңесінің мүшелері кеңес өткізеді. Наурыздың 13- 14-де ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің Ресейге сапары өтеді.Наурыздың 13-інде Денсаулық сақтау министрлігінде ведомство активінің мәжілісі өтеді. Наурыздың 16- 18-і аралығында ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тәжин Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының және Еуропалық Одақ «үштігінің» министрлік деңгейіндегі бірлескен отырысына қатысу үшін Брюссельге барады.ҚОҒАМЕлімізде 2009 жылғы ақпанның 17-сі мен шілденің 1-і аралығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды.ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМНаурыздың 10-ы мен 21-і аралығында елордада, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Қостанай қалаларында Франкофония мерекесі өтеді. Франкофония аптасы аясында концерттер, әдеби оқылымдар, конкурстар өтіп, 5 қаланың кинотеатрларында фильмдер көрсетіледі. Сонымен бірге, осы күндері «Padam» атты Францияның танымал тобы Қазақстан бойынша эксклюзивті концерттерін беріп, Швейцария жазушысы Коринна Бий шығармашылығына арналған конференция, франкофонияның 10 сөзі бойынша фотосурет байқауы ұйымдастырылады. Франкофония апталығын Франция альянсы мен Францияның, Канаданың, Швейцарияның және Бельгияның Қазақстандағы елшіліктері ұйымдастырып отырНаурыздың 11-мен 15-сі аралығында Берлинде (ГФР) «ІТВ-2009» Халықаралық туристік биржа өтеді. Форумға қатысатын қазақстандық делегация ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан туристік қауымдастығы, Алматы, Павлодар облыстық және Астана, Алматы қалалық әкімдіктері, туристік компаниялар мен Мемлекеттік Ұлттық табиғи саябақтар өкілдерінен құралады деп жоспарлануда. Көрме ашылған алғашқы күні Германияның БАҚ өкілдері мен туристік операторлары үшін Қазақстанның туристік әлеуетінің таныстырылымы болады, мерекелік шараның соңы қазақстандық өнерпаздардың концертіне жалғасады.СПОРТ Наурыздың 12-сі мен 17-сі күндері Испанияда футболдан жасөспірімдер құрамалары арасындағы 2008/2009 жылғы Еуропа чемпионатының элиталы кезеңінің 2-ші тобының ойындары өтеді. Оған алдын-ала кезеңнің нәтижесі бойынша жолдамаға ие болған Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы да қатысады. Қазақстан Футбол федерациясының мәліметінше, біздің команда Чехия, Испания, Бельгия командаларына қарсылас атанып отыр. Жарыс күнтізбесіне сәйкес, жерлестеріміз бірінші матчын наурыздың 12-де Чехиямен, 14-де Испаниямен, 17-де Бельгиямен өткізеді. Топтан бірінші орын алған құрама финалдық турнирдің жолдамасын иеленеді. АСТАНАНаурыздың 13-інде «Есіл» қонақүйінде Тауар өндірушілер мен экспорттаушылар қоғамының жаңа Кедендік кодекс жобасына ұсынылып отырған ұсыныс-кеңестерін талқылауға арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді. Наурыздың 13-інде «Риксос» қонақүйінде саяси партиялардың арасында меморандумға қол қою рәсімі өтеді. Наурыздың 13-інде «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалында Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтеді. Наурыздың 13-інде Тәуелсіздік сарайында Үкімет мүшелері мен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Іскерлік консультациялық кеңесінің мүшелері кеңес өткізеді. Наурыздың 13-інде Астана әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Әмірхан Рахымжановтың қатысуымен Елбасы Жолдауына арналған интерактивті сабақ өтеді. Наурыздың 13-інде Ұлттық академиялық кітапханада «Жан сөзі» кітаптар акциясын жариялауға арналған баспасөз мәслихаты өтеді. Наурыздың 13-інде Ұлыбритания Елшілігінде Қазақстан Республикасында биологиялық көптүрлілікті сақтау қауымдастығының баспасөз мәслихаты өтеді.АЛМАТЫ Наурыздың 13-інде әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде Елбасы Жолдауын талқылауға арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтеді. Наурыздың 13-інде Қазақстан баспасөз клубында Дүниежүзілік банк «Қазақстанда бизнес жүргізу: жүргізіліп жатқан реформалар» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізеді. Наурыздың 15-інде Сырым Күдериннің жүлдесі үшін спорттық шыңға өрмелеуден әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ашық біріншілігі өтеді. -------------------------------------------------------------------------------------------------- АТАУЛЫ КҮНДЕР, ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАРНАУРЫЗДЫҢ 13-І, СЕНБІГренаданың ұлттық мерекесі ? Төңкеріс күні (1979). Гренада Кіші Антиль аралдар тобына жататын аралдар және Гренадина аралдар тобының оңтүстік бөлігінде орналасқан мемлекет. Астанасы ? Сент-Джорджес. Ресми тілі ? ағылшын тілі. Ақша бірлігі ? кариб доллары. 1984 жылы қабылданған Конституциясы бойынша Ұлыбритания Королевасы мемлекет басшысы болып саналады. Елді генерал-губернатор басқарады. Заң шығарушы органы ? екі палаталы (сенат және өкілдер) парламент. Атқару билігі Премьер-министр басқарған үкімет қолында.Тайландтың ұлттық символы - пілдер күні. Бұл күн пілдердің жоғалу алдында тұрғандығын есте сақтау мақсатында жыл сайын атап өтіледі. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР28 жыл бұрын (1981) Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Кенен ауылында халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды. Мұражай залында ақынның шығармашылығын, өмір жолын сипаттайтын 961 экспонат қойылған. Ақынның 13 жасында жасалған домбыра, Жамбыл Жабаев сыйға тартқан күміс белдік мұражайдың құнды экспонаттары болып табылады. 8 жыл бұрын (2001) Алматыдағы Қазақ сәулет-құрылыс академиясы студенттер жатақханасында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш тақта орнатылды. ЕСІМДЕР55 жыл бұрын (1954) заң ғылымының докторы ӘЛІБЕКОВ Сайлаубек Тынышбекұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының аға референті, бас маманы болған. 1991-1994 жылдары ? Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының іс басқарушысының орынбасары, бірінші орынбасары, іс басқарушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1995-1996 жылдары ? Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік комитетінің басқарма бастығы, Қазақстан Республикасы Кеден комитетінің басқарма бастығы. 1997-1999 жылдары ? «Әділет» жоғары құқық мектебінің аға оқытушысы, доценті. 1999 жылдан бастап Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің доценті, кафедра меңгерушісі, аға ғылыми қызметкері, профессоры болып істейді. Ғалымның 90-нан астам ғылыми жарияланымы жарық көрген. 55 жыл бұрын (1954) айтыс ақыны МҰШТАНОВА Дариға Ғазезқызы дүниеге келді. Орал қаласында туған. Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Еңбек жолын орта мектептің мұғалімі болып бастаған. Аудандық газет редакциясының тілшісі, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық атқару кеңесі төрағасының орынбасары, «Орал өңірі» газетінің тілшісі қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда Теректі лингвистикалық гимназиясының директоры болып істейді. Ол 17 жасынан ақындар айтысына қатысып, облыстық, республикалық деңгейдегі өнер сайыстарына түскен. Ақынның бірнеше өлеңдер топтамасы мен әндері бар.55 жыл бұрын (1954) коньки тебу спортынан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы АНДРЕЕНКО Борис Петрович дүниеге келді. Павлодар педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетін бітірген. Ол КСРО, Қазақстанның құрама командаларын жаттықтырған. Андреенконың шәкірттері ? Л.Прокашева және Л.Пальмаш. Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Л.Прокашева 1998 жылы конькимен жүгіруден Нагано қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған. НАУРЫЗДЫҢ 14-І, СЕНБІХалықаралық өзен, су және өмір үшін бөгеттерге қарсы күрес күні. 1997 жылы наурызда Бразилияның Куритиба қаласында ірі бөгет құрылыстарын салуға қарсы бағытталған бірінші Халықаралық конференция өтті. Конференцияның шешімімен наурыздың 14-і Өзен, Су және Өмірді қорғау үшін бөгеттермен күрес күні деп бекітіліп, жыл сайын атап өтілетін болды.Андорра Княздігінің Конституция күні. Андорра ? оңтүстік-батыс Еуропада орналасқан мемлекет. Астанасы ? Андорра-ла Велья қаласы. 1278 жылдан бері Урхель епископы мен Француз президентінің тарихи қалыптасқан қос басшылығы сақталған.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР15 жыл бұрын (1994) Қазақ мемлекеттік заң институты құрылды. 1996 жылы қарашада Қазақ мемлекеттік заң университетіне, ал 2000 жылы ақпанда Мемлекет және құқық институтымен бірігіп, Қазақ мемлекеттік заң академиясына айналды. 2001 жылы қазанда Қазақ гуманитарлық заң университеті болып қайта құрылды. 3 жыл бұрын (2006) Лондонда Қазақстанның алғашқы инаугурациялық инвестициялық саммиті өтті. Саммитті Американың Қазақстандағы сауда палатасының қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі Британияның Adam Smith Cоnferences компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған. Саммиттің мақсаты ? халықаралық ресми және іскер топтарға дамудың басым кластерлерін қоса алғандағы ҚР экономикасының барлық шешуші секторларындағы Қазақстанның жоспарларымен, міндеттерімен, даму стратегиясы және серпінімен танысуға мүмкіндік туғызу. ЕСІМДЕР80 жыл бұрын (1929) философия ғылымының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі ҚАЗЫХАНОВА Бәтіш Рахымжанқызы дүниеге келді. Семей қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясы Философия институтының аспирантурасын бітірген. Қазақ мемлекеттік университетінде, Шымкент педагогикалық институтында, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында педагогикалық қызметпен айналысқан. 1968 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясының кафедра меңгерушісі, профессоры болған. Медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.65 жыл бұрын (1944) диктор, тележурналист, КСРО телерадиосының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты ӨТЕБАЕВ Тыныс Шындәулетұлы дүниеге келді. Ташкент облысының Жоғарғы Шыршық ауданында туған. Ташкент электромеханика техникумын, Ташкенттегі Орыс тілі және әдебиеті институтын бітірген. Еңбек жолын Ташкент трактор жасау зауытында техник-электрик болып бастаған. 1967 жылы Өзбек радиосында диктор болып, тұңғыш қазақ бағдарламасы «Замандасты» ашуға ат салысты. 1971 жылдан «Қазақстан» телерадио комитетінің дикторы, бас редакторы, директоры, комитет төрағасының 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. 130 жыл бұрын (1879-1955) физик-теоретик, қазіргі физиканың негізін салушылардың бірі, Нобель сыйлығының иегері, КСРО Ғылым академиясының құрметті мүшесі ЭЙНШТЕЙН Алберт дүниеге келді. Германияның Ульм қаласында туған. Цюрихтегі политехникумды бітірген. 1902-1909 жылдары орта мектепте мұғалім, патент бюросында эксперт болып қызмет атқарды. 1909-1913 жылдары Цюрих университетінде, Прагадағы Неміс университетінде, Цюрихтегі политехникумда профессор болды. 1913-1933 жылдары Пруссия Ғылым академиясына сайланғаннан кейін Берлинде тұрды. 1933 жылдан өмірінің соңына дейін Америка Құрама Штаттарының Пристондағы Іргелі зерттеулер институтының профессоры болып жұмыс атқарды. Эйнштейннің ғылымдағы басты еңбегі ? салыстырмалық теориясы. Бұл теорияның жасалу нәтижесінде кеңістіктің, уақыттың және тартылыстың жаңа қасиеттері ашылды. Олардың бір-бірімен байланыста болатындығы дәлелденді. Салыстырмалық теориясы жарық жылдамдығына жуық жылдамдылықпен қозғалатын нысандар мен күшті тартылыс өрісінде өтетін процестерді зерттеу үшін қолданылатын теориялық негіз болды. Эйнштейн жарықтың кванттық теориясы, кездейсоқ процестер теориясы, магнетизм тағы басқа салалар бойынша да маңызды жаңалықтар ашып, зерттеулер жүргізді. Эйнштейннің салыстырмалылық теориясының тұжырымдарын сол кезде кейбір ғалымдар мойындамағанымен, қазіргі кезде ол жалпы жұртшылық мойындаған ілімге айналды. НАУРЫЗДЫҢ 15-І, ЖЕКСЕНБІВенгрия Республикасының Ұлттық мейрамы ? 1848-1849 жылдардағы Буржуазиялық-демократиялық революцияның басталуы. Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Астанасы ? Будапешт. Мемлекеттік тілі ? венгр (мадьяр) тілі. Ақша бірлігі ? форинт. Венгрия парламенттік республика. Елді Президент басқарады. Заң шығарушы органы бір палаталы Мемлекеттік жиналыс. Атқарушы билікті Мемлекеттік жиналыс құрамындағы әр түрлі партия өкілдерінен құралған үкімет жүргізеді. Қазақстан Республикасы мен Венгрия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-де орнатылды.Бүкіләлемдік тұтынушы құқы күні. 1961 жылғы жылғы наурыздың 15-де болған АҚШ Конгресінде Джон Ф.Кеннеди сөз сөйлеп, тұтынушының негізгі төрт құқын атап өтті: 1. Қауіпсіздігін сақтау құқығы, 2. Таңдау құқығы, 3. Тауар сапасы, 4. Сөзін тыңдату құқығы. Әлемдегі барлық тұтынушы құқын қорғау қоғамдары бұл сөздерді манифест ретінде қабылдады.Беларус Республикасының Конституция күні. 1994 жылы Беларус Республикасының Жоғарғы Кеңесі елдің жаңа негізгі заңын қабылдады. 1996 жылғы қарашаның 24-дегі халықтық референдум нәтижесінде БР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Беларус Республикасы Шығыс Еуропа жазығындағы Днепр, Батыс Двина мен Неман өзендерінің аңғарларын алып жатқан мемлекет. Астанасы ? Минск. Мемлекеттік тілі ? беларус тілі. Ақша бірлігі ? рубль. Діні ? православие. Мемлекет басшысы ? Президент. Жоғары заң шығарушы органы ? екі палаталы Парламент. Ол төменгі (өкілдер кеңесі) және жоғарғы (Республика Кеңесі) палатадан тұрады. Қазақстан Республикасы мен Беларус Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 16-сында орнатылды.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР мемлекеттік құпияларын қорғау жөніндегі агенттігі туралы» Жарлығы жарық көрді.7 жыл бұрын (2002) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен активтері 3,3 млрд долларға бағаланған ірі акционерлік қоғамдардың бірі «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ құрылды. ЕСІМДЕР95 жыл бұрын (1914-1995) мемлекет және қоғам қайраткері ДАЙЫРОВ Мұзаппар дүниеге келді. Саратов қаржы-жоспарлау техникумын, Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы Коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Батыс Қазақстан облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, Жаңақала аудандық партия комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы, Орда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы, Ақмола облыстық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы, Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР-нің Дайындау министрі қызметтерін атқарған. Бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. «Ленин», «Қазан төңкерісі», 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», төрт мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 60 жыл бұрын (1949) ақын МҰҚАТОВ Нағашыбай дүниеге келді. Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, Жангелдин аудандық газетінде әдеби қызметкер, Торғай, Қостанай облыстық радиоларында редактор, Қазақ радиосының Торғай облысындағы меншікті тілшісі, Қостанай теледидарының бас редакторы қызметтерін атқарған. Аудандық, облыстық ақындар айтыстарына қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз болған. 1972 жылы Шымкент қаласында тұңғыш жас ақындар фестиваліне қатысқан. Әр жылдары жарық көрген «Сөйле, жүрек», «Айналайын адамдар», «Ақбұлақ» өлеңдер, «Жанымның жасыл жапырақтары» атты лирикалық, «Күлкім келеді» сатиралық кітаптардың авторы. 55 жыл бұрын (1954) Ақмола облысы Астрахан ауданының әкімі, мал дәрігерлік ғылымдарының кандидаты ӘКІМОВ Рашит Қайыржанұлы дүниеге келді. Павлодар облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, «Фемида» заң академиясын, Витебск мал дәрігерлік институтының аспирантурасын бітірген. 1993-1994 жылдары Ақмола облысының Целиноград аудандық әкімдігі басшысының орынбасары. 1994-1997 жылдары ? «Нұра» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы. 1997-2007 жылдары Ақмола облысының Целиноград, Щуче аудандарының, Көкшетау қаласының әкімі болған. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.45 жыл бұрын (1964-1991) әйгілі көкпаршы, аударыспақшы БЕКБАСОВ Серікхан дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында туған. 1987-1991 жылдары Тбилисиде, Киевте, Краснодарда, Пятигорскіде өткен ойындардың бәрінде де аударыспақтан КСРО-ның абсолюттік чемпионы болды. Қазақстан құрама сапында көкпардан Бүкілодақтық ойындардың бірнеше дүркін жүлдегері атанды. Серікхан Бекбасовтың шеберлігіне таң қалған халық оны «көкпардың Пелесі» деп атады.