ҚазАқпарат-Анонс: сәуірдің 3-і мен 5-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ҚазАқпарат-Анонс: сәуірдің 3-і мен 5-і аралығындағы   оқиғалардың    күнтізбесі
ҮКІМЕТСәуірдің 3-інде Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметов Қостанай және Павлодар облыстарына жұмыс сапарларын жасайды. Сәуірдің 3-інде Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Қазақстаның сүт өндіру саласын индустриялық-инновациялық дамыту - оның бәсекеге қабілеттігін арттырудың негізі» тақырыбына арналған конференция өтеді.Сәуірдің 3-інде Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының дамуына 2010-2015 жылдары көмек көрсету жөніндегі БҰҰ-ның Негізгі бағдарламасына (ЮНДАФ) қол қою рәсімі болады. ПАРЛАМЕНТСәуірдің 3-і күні Мәжілісте «Босқындар туралы» заң жобасының тұсаукесері өтеді. Негізгі заң жобасымен бірге кейбір заңдарға енгізілетін түзетулер де таныстырылады. Бұл шараны Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ұйымдастырады.ҚОҒАМЕлімізде 2009 жылғы ақпанның 17-сі мен шілденің 1-і аралығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды.Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау комитетінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылғы наурыздың 30-ы мен сәуірдің 30-ы аралығында «Таза ауа» атты акция өткізіледі. Бұл акцияның басты мақсаты ? Қазақстан Республикасы заңнамасының экологиялық талаптары бойынша өрескел тәртіп бұзушыларды анықтау және тасымалдаушылар мен автокөліктерден шығатын ластаушы заттар мөлшерінің құрамы нормаларына қатаң бақылау орнату.СПОРТ Сәуірдің 4-і мен 5-і аралығында Санкт-Петерборда гимнастикадан әлем кубогының кезекті кезеңі аясында жарыс өтеді. Оған қазақстандық жеңіл атлеттер де қатысады.Алматыда сәуірдің 4-і мен 10-ы аралығында волейболдан Ұлттық лиганың ерлер командалары арасындағы «Плей-офф» ойындары өтеді. АСТАНАСәуірдің 3-інде елордадағы Конгресс-Холлда Мұхаммед пайғамбардың туған айы құрметіне «Қош келдің, Мәуліт!» салтанатты кеші өтеді. Салтанатты кеште Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны туралы уағыз айтылып, салауат оқылады, діни ән-жырлар шырқалып, тағылымдық көріністер қойылады. Бұл рухани кешті «Нұр-Астана» мешіті ұйымдастырғалы отыр.Сәуірдің 3-інде «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының кеңсесінде «Бесшатыр» Жазғы экологиялық-этнографиялық лагерін ұйымдастыру жобасын бірлесіп жүзеге асыру» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтеді. АЛМАТЫ Сәуірдің 2-3-і күндері "Балалық шақты қорғау, жағдайы, стратегиясы, жүзеге асыру жолдары" атты орталықазиялық ғылыми-практикалық конференция өтедіСәуірдің 2-3-і күндері «Ұлық имам Әбу Ханифа және бүгінгі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Мәслихатқа әлемнің 10 елінен келген дінбасылар мен танымал теолог ғалымдар қатысады. Конференция кезінде Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті мен Шет тілдер және іскерлік мансап университетінде екі күн бойы әрқилы салалар бойынша түрлі секциялар ұйымдастырылмақ. Бұл алқалы жиын сәуірдің 4-інде Республика сарайындағы Мәуліт мерекесіне жалғасады деп жоспарланып отыр. Оған қатысушыларға діни басылымдар тегін таратылмақ.Сәуірдің 3-і күні Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің концерті өтеді. АЙМАҚБАТЫС ҚАЗАҚСТАНСәуірдің 1-і мен мамырдың 1-і аралығында Орал қаласында тазалық айлығы жарияланды. Осыған орай қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері мен тұрғын үй-коммуналдық саласы кәсіпорындары ауқымды жұмыс көлемін атқармақ. Тазалық айлығы жариялануына байланысты Орал қалалық ардагерлер кеңесі үндеу қабылдады. Онда ардагерлер мекеме-кәсіпорындар, ұйымдар басшы-қызметкерлері мен қала тұрғындарын айлыққа белсенді қатысуға шақырған.Батыс Қазақстан облысында сәуірдің 4-інде көктемгі құс ату маусымы басталады. Аталмыш маусым екі аптаға, сәуірдің 18-іне дейін созылмақ. Батыс Қазақстан орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Марат Оразғалиевтің айтуынша, жабайы үйректің тек аталығын атуға рұқсат етіледі. Онда да шектеу қойылған. Өңірде төрт мыңнан астам аңшы тіркелген. -------------------------------------------------------------------------------------------------- АТАУЛЫ КҮНДЕР, ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАРСӘУІРДІҢ 4-І, СЕНБІМина қауіпсіздігі және минаны залалсыздандыруға қатысты көмектің халықаралық күні. 2006 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен атап өтіледі.Веб-бағдарламашылар күні.Сенегал Республикасының мемлекеттік мейрамы ? Тәуелсіздік күні. 1960 жылғы сәуірдің 4-де Франция Сенегалға Франция қауымдастығы шеңберінде өкілділік берді. Осы жылғы тамыздың 20-да Сенегал Тәуелсіздігін жариялады. Сенегал Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде және солтүстік-шығысында Мавританиямен, шығысында Малимен, оңтүстігінде Гвинея Республикасымен, Гвинея-Бисаумен шектеседі. Батысы Атлант мұхитымен шайылады. Әкімшілік жағынан 10 облысқа бөлінеді. Астанасы ? Дакар қаласы. Ресми тілі ? француз тілі. Ақша бірлігі ? Африка қаржы қауымдастығы франкі.Испаниядағы басклердің ұлттық мейрамы. Басклер ? Францияда, Аргентинада, Бразилияда, Мексикада тұратын халықтар, Үлкен еуропа нәсіліне жатады. Испан, француз, баск тілдерінде сөйлейді. Жазуы латын әліпбиіне негізделген. Бұл халықтардың арғы тектері ? васкон, вардул, каристи тайпалары. Қытайда Цинмян мерекесі. Сәуірдің 4-і мен 6-сы аралығындағы бір күні аталып өтіледі. Ертеректе осы күні олар өздерінің ата-бабаларын еске түсірген. «Цинмян» мерекесін сонымен қатар «Тациндзе» деп те атайды. Ол алғашқы көк шықан кезде қыдыру күні деген мағына береді. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР17 жыл бұрын (1992) Алматыда ТМД елдерінің мемлекеттік қауіпсіздік және барлау органдарының арасындағы ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге қол қойды.15 жыл бұрын (1994) «Қазақстан телеарнасы және радиосы» республикалық корпорациясы құрылды.15 жыл бұрын (1994) Корей Халықтық Демократиялық Республикасында «Сәуір көктемі» атты халықаралық фестиваль өтті. Онда «Отырар сазы» ансамблі (жетекшісі ? Нұрғиса Тілендиев) бірінші орын алды.13 жыл бұрын (1996) алғашқы Балқаш алтын құймасы алынды.12 жыл бұрын (1997) Жамбыл университетіне белгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес облыстардың тарихы жөніндегі аса құнды түпнұсқа болып саналатын «Тарих-и Рашиди», «Джаһаннаме» дастандарының авторы Мұхаммед Хайдар Дулати есімі берілді.3 жыл бұрын (2006) Мәскеудегі Чистопрудный бульварында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Абай ескерткіші ашылды. Абай ескерткіші Қазақстан халқының Мәскеу қаласына жасаған сыйлығы, жалпы құны 160 млн. 800 мың теңгені құрайды. Ескерткіш жобасын қазақстандық мүсінші М.Әйнеков пен дизайнер Т.Сүлейменов басшылық жасаған авторлық топ өрнектеген.60 жыл бұрын (1949) Вашингтонда АҚШ, Бельгия, Ұлыбритания, Голландия, Дания, Исландия, Италия, Канада, Люксембург, Норвегия, Португалия және Франция мемлекеттері Солтүстік Атлантикалық шартқа қол қойып, НАТО әскери-саяси блогы құрылды. 1952 жылы шартқа Грекия мен Түркия, 1955 жылы Германия Федеративтік Республикасы, 1982 жылы Испания, 1999 жылы Венгрия, Польша, Чехия қосылды. 2004 жылы Болгария, Латвия, Литва, Румыния, Словакия, Словения, Эстония мемлекеттері НАТО-ға мүшелікке өтті. Барлық мүше мемлекеттердің елшілері деңгейіндегі өкілдерден тұратын Солтүстік Атлантикалық Кеңес (НАТО кеңесі) НАТО-ның жоғары саяси органы болып табылады. Жылына екі рет НАТО Бас хатшысының төрағалығымен кеңесі өтеді. НАТО кеңесінің штаб-пәтері Брюссель (Бельгия) қаласында орналасқан.ЕСІМДЕР90 жыл бұрын (1919-1988) физика-математика ғылымдарының докторы КАШКАРОВ Василий Петрович дүниеге келді. Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, доценті, проректоры, кафедра меңгерушісі, физика факультетінің деканы қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері газдардағы және сұйықтардағы масса және жылу алмасу процестерін зерттеуге арналған. 80-нен астам ғылыми еңбектің авторы. 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.70 жыл бұрын (1939) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ӘЛІШЕВ Әлмәмбет дүниеге келді. Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Газет редакцияларында, аудандық партия комитетінде қызмет атқарған. 1992 жылдан Қазалы ауданды газетінің редакторы, баспа редакторы болып істеген. Қаламгердің өлең, әңгіме, очерктері 1957 жылддан бастап баспасөз беттерін көре бастаған. Оның «Ат тұяғын тай басар», «Бәйтеректің бұтағы» повестері, «Ел мен жер» романы, «Қаратау өрнектері» өлеңдер мен поэмалары, т.б. шығармалары жарық көрген. «Батыр болып тумайды» повесі латыш тіліне аударылған. «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.60 жыл бұрын (1949) философия ғылымының кандидаты, доцент СӘРСЕНОВ Рашит Темірболатұлы дүниеге келді. Көкшетау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын, қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, философия кафедрасының доценті, ғылыми-зерттеу бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1987-1992 жылдары ? Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің басқарма бастығы, министрдің орынбасары, Қазақстан Республикасы Халыққа білім беру министрінің орынбасары. 1992-1998 жылдары ? «BSB» корпорациясының президенті, «Central Asia Petroleum» (Индонезия) компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы. 1998 жылдан бастап «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. «Құрмет» орденімен марапатталған.35 жыл бұрын (1974) боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем және Олимпиада ойындарының чемпионы ЖИРОВ Василий Валерьевич дүниеге келді. Қарағанды облысы Балқаш қаласында туған. Алғашқы жаттықтырушысы ? В.Апачинский. 1989-1991 жылдары жасөспірімдер арасында Республиканың, КСРО-ның чемпионы атанған. 1993-1995 жылдары Дүниежүзі біріншілігінің күміс (Берлин), қола (Будапешт), 12-ші Азия ойындарының (Хиросима) қола жүлдегері, Орталық Азия елдерінің бірінші ойындарының, Азия құрлығының жеңімпазы болды. 1996 жылы Атланта (АҚШ) қаласында өткен 26-ші Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. 26-ші Олимпиада ойындарында ең үздік боксшыға берілетін Бэлл Баркер кубогын жеңіп алды. 1997 жылы кәсіпқой боксқа ауысты. Кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 36-ында жеңіске жеткен, оның 30-ы нокаут. Василий Жиров ІВҒ версиясы бойынша кәсіпқойлар арасындағы Әлем чемпионы. 2001 жылы Американың танымал басылымы «USA Today» «Балқаш барысы» атанған боксшыны барлық салмақ санаты бойынша ең үздік кәсіби боксшы деп атады. «Парасат» орденімен марапатталған. СӘУІРДІҢ 5-СІ, ЖЕКСЕНБІГеологтардың кәсіби мерекесі ? геолог күні. Бұрынғы Кеңес Одағының геологиялық және өндіруші ұйымдарында сәуірдің алғашқы жексенбісінде аталып өтіледі. Геологтармен қатар бұл атаулы күнді пайдалы қазбаларды іздеу және өндірумен айналысатын барлық мамандық иелері де өздерінің кәсіби мерекесі санайды.ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР139 жыл бұрын (1870) Маңғыстаудағы Иса-Досан көтерілісіне (Адай көтерілісі) қатысушылар Александровск фортына шабуыл жасап, форттың маяктарын өртеп жіберді. Бұл кезде көтерілісшілердің саны 10 мың адамға жеткен болатын.89 жыл бұрын (1920) Бурабай курорты ашылды.14 жыл бұрын (1995) баспасөзде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қылмыспен және жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық кеңес құру туралы Жарлығы жарық көрді.13 жыл бұрын (1996) Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үкімет басшылары кеңесінің кезекті мәжілісінде жанармай-энергия және су ресурстарын пайдалану, Орталық Азия аумағында газ құбырларын салу және пайдалану туралы келісімге қол қойылды.12 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мамырдың 31-ін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.12 жыл бұрын (1997) Орал қаласында Алашорда қайраткерлері Жанша мен Халел Досмұхамедовтерге мемориалдық тақта орнатылды.10 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі академик Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай номиналы 20 теңгелік шақаны айналымға шығарды.3 жыл бұрын (2006) Алматыда «Халық қаһарманы», КСРО халық әртісі Роза Бағланованың шығармашылығына арналған «Ах, Самара-қалашық» атты деректі фильм түсірілді. Фильмнің таныстырылымы басты кейіпкердің қатысуымен сәуірдің 7-сі күні «Цезарь» кинотеатрында өтті. Р.Бағланованың қазақ өнерін дамытуға қосқан үлесі және оның әні мен үні ел-халқының құлағында, көз алдында. Әсіресе, аға ұрпақ оның майдан даласында, оқ пен оттың ортасында тұрып ән салғанын әрдайым еске алады. Демек, бұл ? Р.Бағланованың шығармашылығына деген құрметтен туған фильм. Картинада әншінің өміріне қатысты мұрағаттық материалдар мен тарихи бейнетаспалар пайдаланылған. Сондай-ақ мұнда оның өнердегі серіктестері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Майя Плисецкаяның лебіздері таспаға басылған. Деректі фильм «MG PRODUCTION» продюсерлік орталығының бастамасы бойынша «Қазақстандағы аты алтынмен жазылатын тұлғалар» сериясы негізінде түсірілген. «MG PRODUCTION» продюсерлік орталығы «Алтын күйтабақ» шығарып, өнер мен мәдениетті өркендетуге қатысты бірқатар игі жобаларды қолға алып келеді.ЕСІМДЕР75 жыл бұрын (1934) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері БЕКМҰХАМБЕТОВ Ерсайын Сатыбалдыұлы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысында туған. Мәскеу жоғары техникалық училищесін бітірген. 1957-1994 жылдары КСРО Авиация өнеркәсібі министрлігінің арнаулы кәсіпорындарында инженер, аға инженер, Қазақстанның Ядролық физика институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1994 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық физика орталығы Атом энергиясы институтының зертхана меңгерушісі болып істейді. Ғалым ғарыштық ядролық-энергетикалық қондырғыдағы меншікті электр қуаты жоғары термоэмиссиялық түрлендіргіш реактордың жылу шығарушы элементтер жиынтығын зерттеудің және оларды сынақтан өткізудің жаңа ғылыми бағытын негіздеп, кешенді тәжірибелік база құрды. Реактордағы сәулелендірілген баяу балқитын металдардың шығу жұмысын өлшеудің аса дәл әдісін жасады. Жоғары температура кезінде жылу шығарушы элементтер жиынтығындағы масса тасымалдау және газ бөлініп шығу процестерінің заңдылығын анықтады. 65 жыл бұрын (1944) «Қазақалтын тау-кен металлургиялық концерні» АҚ Директорлар кеңесінің президенті, экономика ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі ҚОЖАҒАПАНОВ Тоқтархан Жұманұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында туған. Қазақ политехникалық институтын, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы академиясының Біліктілік арттыру институтын бітірген. Құрылысбанкі Қазақ республикалық кеңсесінің инженері, аға инженері, бөлім, басқарма бастығы қызметтерін атқарған. 1991-1994 жылдары ? «Тұранбанкі» жабық үлгідегі акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары. 1994-1997 жылдары ? «Тұранбанкі» жабық акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы, Бақылау кеңесінің төрағасы. 1997-1998 жылдары ? Алматы мемлекеттік университетінің профессоры. 1998-2001 жылдары ? Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, орынбасары. Қазіргі қызметінде 2001 жылдан бастап істейді. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.65 жыл бұрын (1944) еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, еркін күрестен Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы БҰҒЫБАЕВ Аманжол Күнболатұлы дүниеге келді. Алматы облысы Сарқанд ауданында туған. 1966-1973 жылдары КСРО-ның біріншілігіне жеті рет қатысып, КСРО-ның чемпионы, күміс және қола жүлделерін иеленген. 1996 жылдан еркін күрестен Қазақстан Республикасы құрама командасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарады. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.55 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің Төрайымы, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының мүшесі, Беларус Республикасының Парламентімен, АҚШ Конгресімен, Жапонияның Кеңесшілер Палатасымен, Израиль Мемлекеті Кнессетімен ынтымақтастық тобының мүшесі, Қазақстан Республикасының құрметті судьясы ЖОЛДАСБАЕВА Нұрлығайым Шалданқызы дүниеге келді. Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1977-1979 жылдары ? Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты. 1979-1995 жылдары ? Ақтау қалалық сотының халық судьясы, Атырау облыстық соты төрағасының орынбасары, Маңғыстау облыстық соты төрағасының орынбасары. 1995-2003 жылдары ? Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалған. «Құрмет» орденімен, екі медальмен марапатталған.55 жыл бұрын (1954) заң ғылымының докторы, профессор ШӘКІРОВ Кәрімжан Нұрымұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1990-1993 жылдары ? Қазақ сот сараптама ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі. 1993-1994 жылдары ? Қазақстан Республикасы Конституциялық соты төрағасы орынбасарының кеңесшісі, бөлім меңгерушісі. 1994-1995 жылдары ? Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің сектор меңгерушісі. 1995-1997 жылдары ? Қазақ мемлекеттік заң университетінің кафедра меңгерушісі. 1997 жылдан «Әділет» жоғары құқық мектебі колледжінің директоры болған. Қазір Каспий қоғамдық университетінің оқытушысы. Бірнеше кітаптың, 70-тен астам ғылыми жарияланымның авторы.115 жыл бұрын (1894-1971) саяси қайраткер, Кеңес Одағының Батыры, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері ХРУЩЕВ Никита Сергеевич дүниеге келді. Ресейдің Курск губерниясында туған.Мәскеудің Өнеркәсіп академиясын бітірген. Ол билікке келісімен ішкі және сыртқы саясатта «жылымық» басталды, партиялық-мемлекеттік жүйені өзгертуге талпыныс жасалды. Осы мақсатта партиялық және мемлекеттік аппараттардың айрықша құқықтарына шектеу жасап, біршама ашық қоғам орнады. Н.Хрущев КОКП-ның 20-шы съезінде Сталиннің жеке басына табынудың зардаптары жөнінде баяндама жасады. Осыдан кейін іле-шала саяи қуғын-сүргін құрбандары ақтала бастады. Қудалауға ұшыраған халықтардың саяси және әлеуметтік құқықтары қалпына келтірілді.1954 жылы алғашқы атом электр стансысы салынды. 1957 жылы Жердің жасанды серігі ұшырылды. 1961 жылы тұңғыш кеңестік ғарышкер орбитаға ұшып шықты. Бірақ елде демократияның дамытылуы шектеліп, социализм толық және түпкілікті, ал КОКП-ның 22-ші съезінде елде кемелденген социализм орнады деген үстірт қортынды шығарылды. Тың игеру барысында Қазақстан КП ОК-нің 1-хатшысы Ж.Шаяхметов қызметінен негізсіз босатылды. 1956 жылы Оңтүстік Қазақстанның мақта өсіруші аудандары Өзбекстанға берілді. 1958 жылы тамызда кеңестік жүйеге қарсы Теміртау жұмысшыларының көтерілісі болды.