ҚазАқпарат-Анонс: Шілденің 1-і мен 4-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

None
None
None

Елбасы

Шілденің 1-2-сі күндері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысында болады.

Шілденің 4-і күні «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекеттік туды көтеру рәсімі, сондай-ақ курсанттарға офицерлік шен табыстау рәсімі болады.

ҮКІМЕТ

Шілденің 1-і күні Қ.Саудабаевтың ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришимбомен кездесуі болады.

Шілденің 1-і күні К.Мәсімов, В.Божко, Ж.Досқалиев, А.Маминннің қатысуымен «Денсаулық» пойызы іске қосылады.

ҚОҒАМ

Маусымның 1-інен бастап елімізде жыл сайынғы «Скутер» шарасы басталып, ол шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.

Маусымның 1-інен бастап «Қазкоммерцбанк» АҚ мемлекеттік бағдарлама бойынша "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры есебінен ипотекалық несиелеуді қайта қаржыландыруды жаңғыртады.

Шілденің 1-інен бастап Кеден одағының бірыңғай сертификаты енгізіледі.

СПОРТ

Шілденің 1-і мен 7-сі аралығында Астанада тоғызқұмалақ бойынша әлем чемпионаты өтеді.

Шілденің 3-і мен 6-сы аралығында Оралда ҚР Президентінің кубогы үшін IV халықтық спорт ойындары өтеді.

Маусымның 11-і мен шілденің 11-і аралығында Оңтүстік Африка Республикасында футболдан Әлем чемпионаты өтуде.

АСТАНА

Шілденің 1-2-сі аралығында Астанада ІІІ Астаналық экономикалық форум өтеді

Шілденің 1-і күні сағат 15.00-де ІІІ Астаналық экономикалық форум аясында инновациялық конгресс өтеді.

Шілденің 1-і күні Астанада көпқызметті спорт алаңы ашылады.

Шілденің 1-і күні Астанадағы Конгресс-Холл сарайында А.Мұсақожаеваның қатысуымен брифинг өтеді.

Шілденің 1-і күні Бейбітшілік және келісім сарайында «Әлемдік опера жұлдыздарының» концерті өтеді.

АЛМАТЫ

Шілденің 1-і күні Алматыдағы Жетісу аудандық әкімдігінде ұлттық мәдени орталықтардың көшбасшы әйелдерінің кездесу өтеді.

Шілденің 1-і күні Студенттер сарайы алдындағы алаңда «Туған ел - тұғырың, туған тіл - қыдырың» әдеби-музыкалық кеш өтеді.

ШІЛДЕНІҢ 1-І, БЕЙСЕНБІ

Канада Республикасының Ұлттық мейрамы - Канада күні (1867). 1867 жылдың наурызында ағылшын парламенті қабылдаған акт, сол жылы шілденің 1-інде өз күшіне енді. Бұл акт бойынша Канада Ұлыбританияның өзін-өзі басқаратын доминионына айналды.

Қазақстан Республикасы мен Канада Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 10-да орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

75 жыл бұрын (1935) Қазақ КСР үкіметі «Колхоз-совхоз театрларын ұйымдастыру туралы» қаулы қабылдады.

17 жыл бұрын (1993) ғарышкер Талғат Мұсабаев бортинженер ретінде «Мир» ғарыш станциясына 176 күндік сапарға аттанды.

14 жыл бұрын(1996) Щучье қаласында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері құрамына кіші командирлер кадрын дайындау мақсатында Кадет корпусы ашылды. 2000 жылы осы оқу орнына қазақтың ұлы ғалымы, ориенталист, тарихшы, этнограф, географ, фольклоршы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлиханов есімі берілді.

13 жыл бұрын (1997) тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Алматыдағы Республика алаңында мектеп бітірушілердің түлектердің салтанатты кеші болып өтті. Алматының алты ауданынан жиналған оқушылар тәуелсіздік монументі алдында гүл шоқтарын қойып, аспанға ақ көгершіндер ұшырды. Осыдан кейін бұл шара жыл сайын өтетін болды.

5 жыл бұрын (2005) Қарағандыда, «Шалқыма» концерт залында Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Елшілігі Жеңістің 60-жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырған «Ортақ құндылықтарды қорғау» көрмесі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасы елшісінің орынбасары, елші-кеңесшісі Петр Ивашкевич қатысты.

Көрмеде Польшаның 80 жылдан астам уақыт бойы тәуелсіздік алуға күрескен елеулі оқиғалары көрсетілген. Жәдігерлердің арасында - агенттердің жедел хаттары, үкіметтің декларациялары, саясаткерлердің мәлімдемесі, фотосуреттер, суреттер, пошталық ашық хаттар ұсынылған. Жеке бір бөлімі КСРО-дағы Польша Әскері тарихының фотоқұжаттарынан тұрады.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстанда Халықаралық дағдарысқа қарсы бағытталған есеп-тауарлық орталығы ашылды.

Бұл тауарлардың тізбегін алмастыру шарты бойынша таңдау және аңықтау бойынша компьютерлік жүйе. Резервтегi есептеу жүйесі отандық өнеркәсiптердің өнiмдерін өткiзуге кеңейтілген мүмкiндiк бередi. Автоматтандырылған компьютерлік жүйенің ақпаратандырылған өрісі кәсіпкерлерге шикізатты қайдан сатып алатынын және дайын өнімді қайда сататынына көмек көрсетеді.

Осындай орталық жүйесі Украина мен Ресейде ойдағыдай жұмыс iстейдi. Қызметтiң төлемі мәмiле iске асқаннан кейiн барып төленеді.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекаралық қызметiнiң Бұрындайдағы ұшу базасы аумағында МТВ «Ми-8» тік ұшағының кешендi жаттығу құрылғысының таныстырылымы өттi.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы наурыздың 28-дегі «2006-2010 жылдардағы Қарулы күштердің және басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың мемлекеттiк даму бағдарламасын бекiту туралы» Жарлығына сәйкес Шекара қызметі «АВИА» Мемлекеттік емес бірлестігінен (Украина) жеткізілген МТВ «Ми-8» тік ұшағының кешендi жаттығу құрылғысымен әскерді қаруландырды.

Тік ұшақтың жаттығу құрылғысы жазғы уақытта әскери құрамның техникалық ұшуға лайық кішігірім оқу орны болып саналады. Ол авиатехника қорын және отынды үнемдеп ұстауға, құрамның бекітілген бағдарламасына сәйкес жаздық және инженерлік-техникалық жаттығуын өткізуге, басқа әуе кемелерінің ұшқыштарын кабинаның нақты интерьерiнде, аспаптардың нақты ортасында, штаттық панелдер және басқару құрылғыларын қолдануға мүмкіндік береді.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1967) жазушы, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі ТҰРСЫНБАЕВ Бәдел дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей ауыл шаруашылық техникумын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген.

1926-1967 жылдары аралығында ауылдық кеңес хатшысы, мұғалім, Семей облыстық (Шығыс Қазақстан облысы) «Екпінді» газетінің қызметкері, мектеп директоры қызметтерін атқарған.

1942 жылы тұңғыш кітабы - «Базар батыр» поэмасы жарық көрді. «Бақытты балалық шақ», «Түлкі мен бақташы», «Қуыршақтар», «Не қымбат?», «Біздің ауылдың жігіті», «Мақтаншақ қызылша жайлы хикая», «Ауыл мұғалімі», «Айнымас достар» өлеңдер мен әңгімелер жинақтарының авторы. Шығармалары, көбінесе, балаларға арналған. Оның көптеген әңгімелері мектеп оқулықтарына енгізілген.

65 жыл бұрын (1945) «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары ЕРКЕТАЕВ Мұхтар Дүйсенұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында туған. Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

Қазақстан ЛКЖО Алексеев аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, «Новорыбинский» кеңшары партия комитетінің хатшысы, Қазақстан КП Алексеев аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1988-1998 жылдары - Қазақстан КП Вишневский аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Вишневский аудандық шаруалар одағы төрағасының орынбасары, Вишневский аудандық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, Вишневский ауданы шаруа қожалығының басшысы. 1998-2002 жылдары - Астана қаласы Алматы ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Астана қаласы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары. 2002-2008 жылдары - Астана қаласының ішкі саясат департаментінің директоры, Астана қаласы Алматы ауданының әкімі, Астана қаласы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдан.

55 жыл бұрын (1955) Қарағанды облысы Жезқазған қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы ДӘРІБАЕВ Жаңбырбай Әбжәметұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Алматы экономика және статистика академиясын бітірген.

Ұлытау аудандық білім беру бөлімінің бастығы, Қарағанды облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасының Ұлытау ауданы бойынша өкілі, Ұлытау аудандық статистика бөлімінің бастығы, статистика басқармасының бастығы, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары, Ұлытау ауданының әкімі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2010 жылдың наурызынан.

35 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты ТҮРЕКЕЛДИЕВ Сүйіндік Мырзакелдіұлы дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алулар агенттігінің бас маманы, Қазақстан Республикасы Алькогольдік өнімдерді өндіру мен айналымы мемлекеттік бақылау комитетінің бас маманы, Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстары мен қоршаған ортаны қорғау министрлігі Ақпараттық-талдау орталығының бас директоры, «ҚазТрансГаз» ЖАҚ-ның «Газинсервис» ЖШС бас директорының орынбасары, «АстанаЭнергоСервис» АҚ департаментінің директоры, Оңтүстік-Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың сәуірінен.

ШІЛДЕНІҢ 2-І, ЖҰМА

Дипломатиялық қызмет күні. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2009 жылғы шілденің 1-дегі «1998 жылғы қаңтардың 20-дағы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығына толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына сәйкес атап өтіледі.

Спорт журналистерінің халықаралық күні. Спорт журналистерінің халықаралық күні 1995 жылдан бастап Халықаралық спорт баспасөз қауымдастығының бастамасымен тойланады. 1924 жылы Парижде Халықаралық спорт баспасөз қауымдастығының құрылуына орай аталып өтеді.

ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1990) Өскемен қаласында Салық комитеті құрылды.

11 жыл бұрын (1999) Астрахан қаласынан бұрғылау баржасы суға түсірілді. Бұл шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Фариза Оңғарсынова қатысып, дәстүрлі аққайнар бөтелкесін сындырды және бұрғылау баржасына «Сұңқар» есімін берді. Баржа ұзындығы - 85 метр, ені - 53, бұрғылау мұнарасын қоса есептегендегі биіктігі 50, салмағы 10000 тонна. Сұңқардың бірінші бұрғылау жұмыстары Шығыс Қашағаннан бастау алды.

3 жыл бұрын (2007) Астанада Есіл өзені арқылы өтетін М-2 автокөлік көпірі ашылды. Көпірдің салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Көпірдің ұзындығы 362 метр, ені 38,7 метр.

3 жыл бұрын (2007) Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының полицейлері өздерінің мұражайын ашты.

Онда тарихи материалдар қойылған: аудан полициясының бұрынғы қызметкерлердің сақтап қоюға тапсырған құжаттары, фотосуреттері және альбомдары.

1 жыл бұрын (2009) Астанада өткен Экономика және өнеркәсіп салаларындағы ықпалдастық бойынша қазақстандық-испандық үкіметаралық аралас комиссиясының кезекті IV отырысында Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды.

Қол қойылған құжаттар:

- Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасында Стратегиялық әріптестік туралы келісім шарт;

- Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі Үкіметтері арасында Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция;

- Испания мен Қазақстан арасында 2009-2011 жылдар кезеңіне арналған Білім, ғылым, мәдениет, жастар және спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы;

- Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Испания Корольдігінің Өнеркәсіп, туризм және сауда министрлігі арасында туризм саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

1 жыл бұрын (2009) Орал қаласындағы Достық даңғылы мен Сарайшық көшесінің қиылысында Журналистер аллеясы ашылды.

ЕСІМДЕР

105 жыл бұрын (1905-1988) эпизоотолог, малдәрігерлік ғылымдарының докторы, профессор ГРЯЗИН Владимир Иванович дүниеге келді.

Петропавл қаласында туған. Сібір (қазіргі Омбы) малдәрігерлік институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Қазақ малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі болған.

Негізгі ғылыми еңбектері эпизоотология мәселелеріне арналған. Ол ірі қараның алаөкпе, туберкулез, паратуберкулез ауруларын анықтау, олардан сақтандыру мәселелерін зерттеген.

100-ден астам ғылыми мақаланың және 8 монографияның авторы. Сонымен қатар 26 ғылым кандидатын даярлаған.

2 дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

70 жыл бұрын (1940) ғалым, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы консультативтік кеңестің мүшесі ҮШБАЕВ Кеңесбай Үшбайұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті), Львов мемлекеттік медицина институтының аспирантурасын бітірген.

Қазақтың бас дәріхана басқарма бастығының орынбасары, бастығы, Алматы мемлекеттік медицина институтының оқу ісі жөніндегі проректоры, кафедра меңгерушісі, Шымкент бөлімшесінің ректоры, Шымкент фармацевтикалық институтының ректоры, «Фармация» мемлекеттік холдингтік бірлестігінің бас директоры, президенті қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта «Компания фармация» ЖШС-ның директоры, мемлекеттік ғылыми-ақпараттық «Фармацевтический бюллетень» атты журналының бас редакторы.

Негізгі ғылыми-тәжірибелік еңбектері спазмолитикалық әсері бар дәрі-дәрмектерді фармациялық, химиялық және токсикологиялық тұрғыдан зерттеуді ұйымдастыру мәселелеріне арналған. Оның басшылығымен 28 кандидаттық және 3 докторлық диссертация қорғалған. 150-ден астам ғылыми еңбектің және 7 монография мен анықтамалықтың авторы.

50 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы ЖАҢБЫРШИН Қозы-Көрпеш Есімұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Мәскеу экономикалық-статистикалық институтын және оның аспирантурасын бітірген.

Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Басқару процесінің автоматтандырылған жүйесі ғылыми-зерттеу институтының инженері, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті Ғылым мен техника бөлімінің инженері, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті Басқару және басшылықтың экономикалық әдістемелерін жетілдіру бөлімінің аға ғылыми қызметкері, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономикалық ғылыми-зерттеулер инситутының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Экономика жөніндегі мемлекеттік комитеті экономикалық реформалар, нарықтық қатынастар мен кәсіпкерлікті дамытуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңестің экономикалық консультанттар кеңесінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық кеңесшісі, Еуропалық қоғамдастық комиссиясының Қазақстандағы Үйлестіру бюросының ұлттық директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы экономикалық консультанттар кеңесі жетекшісінің орынбасары, «ТАСИС» бағдарламасының Қазақстандағы Үйлестіру бюросының директоры, Алматы қаласы экономика жөніндегі комитетінің төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың қыркүйегінен.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

ШІЛДЕНІҢ 3-І, СЕНБІ

Беларус Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1990). 1996 жылдан бастап, Беларус Президенті Александр Лукашенко Тәуелсіздік күнін елді фашистік Германиядан азат еткендердің құрметіне орай шілденің 3-де атап өтуге Жарлық шығарды.

Қазақстан Республикасы мен Беларус Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 16-да орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

100 жыл бұрын (1910) мемлекет қайраткері Әліби Жангелдин Мәскеу қаласынан дүниежүзін жаяу аралау сапарына аттанды. Ол 1913 жылдың қантарына дейін Польша, Австро-Венгрия, Югославия, Болгария, Түркия, Сирия, Палестина, Мысыр, Месопотамия, Персия, Үнді, Сиам, Қытай және Жапония елдерінде болды.

Жанкелдин Әліби Тоқжанұлы (1884-1953) - мемлекет және партия қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату және нығайту жолындағы күресті ұйымдастырудағы көрнекті басшылардың бірі. Қазіргі Қостанай облысы Жанкелдин ауданында дүниеге келген. Торғайдағы кәсіптік училищесін, Қостанай орыс-қазақ және Орынбор діни училищесін бітірген. Қазандағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Ол туралы көптеген көркем шығармалар жазылып, кинофильм түсірілген. Қостанай облысының бір ауданына, көптеген елді-мекендер мен көшелерге, мектептерге Әліби Жанкелдиннің есімі беріліп, Ақтөбе, Алматы, Торғай қалаларында ескерткіш орнатылған.

50 жыл бұрын (1960) Қарағандыдағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылды, және сол күні қазақстанның тұңғыш шойыны алынды. Бұл күн Қазақстан Магниткасының дүниеге келген күні болып саналады.

15 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануын мәңгі есте қалдыру, қоғамды топтастыру, гуманизм, ұлтаралық татулық, қазақстандық патриотизм тәрбиелеу идеяларын көркем бейнелеу мақсатында Елбасы Н.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты.

14 жыл бұрын (1996) Венгрия Парламентінде тұңғыш рет Қазақстан мен Венгрия арасындағы ынтымақтастыққа арналған «дөңгелек үстел» болып өтті.

3 жыл бұрын (2007) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» Мемлекеттік бағдарламасына кірген жобалардың жалпыұлттық тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге 9 өңір қатысты. Негізгі 7 бағыт бойынша 900 миллиардқа жуық теңгені құрайтын барлығы 20 серпінді жобалар таныстырылды. Аталмыш тұсаукесер Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуының шын мәніндегі бастамасы болып, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруге негіз болмақ.

3 жыл бұрын (2007) Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында салынатын цемент зауыты құрылысының іргетасына Елбасының болашақ ұрпаққа жолдауы мәтіні бар капсуласы салынды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов қатысты. Зауыт жылына 1,8 миллион тонна цемент өндіреді. Бұл зауыт бүкіл батыс облыстардың сұраныстарын қамтамасыз етеді.

1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы төбесі жабық 30 мың орындық жаңа стадионның ашылу салтанатына қатысты.

Жабық стадион споршыларға қысы-жазы жаттығуларына мүмкіндік береді, ол УЕФА-ның барлық стандарттарына сай салынған.

Жасанды газон жамылғысы төселген футбол алаңы ФИФА мен УЕФА-ның стандарттарына толық сәйкес жасалған. Бұл стадионда футбол ойынынан бөлек спорттың күрес, бокс, спорттық гимнастика, дзюдо, каратэ сынды түрлерінен жарыстар өткізуге болады. Жаңа футбол стадионының ерекшелігі - 20 минуттың ішінде ашылып-жабылатын шатыры бар. Спутниктің және эфирлық антенналары бар теледидар желісімен, радиохабар эфирімен, отырыс залдары, баспасөз конференция залдары дыбыс күшейткіш және синхронды аудармасымен, таблосымен, телерадиокомментаторымен жабдықталған.

Көрермендердiң ыңғайы және сыйымдылығы үшін, мiнбе екi деңгейде орналасқан: 16 мың көрермен - астыңғысында, 14 мың - үстіңгісінде, стадионның батысында VIP-орындар орналасқан.

1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы индустриялдық парктің аумағында локомотив құрастыратын жаңа зауытты ашты.

Аталмыш локомотивтің техникалық сипаты қазіргі қолданылып жүрген машиналардан бірнеше есе жоғары. Зауыттың өнімі Қазақстанның тепловозға деген сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, болашақта таяу және алыс шетелдерге шығарылатын болады.

1 жыл бұрын (2009) Жамбыл облыстық соты өзінің Интернеттегі веб-сайтын - www.oblsot.zhambyl.kz ашты.

Сайтта әдеттегідей «Кері байланыс» және «Сұрақ-жауап» сілтемелерінен басқа сот шешімдерінің банкі, азаматтарды қабылдаудың кестесі мен уақыты және қаралатын істер орналастырған.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1920-1999) Қазақстанның еңбек сіңірген шахтері КАЧУРА Иван Васильевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Экскаватор жүргізушісі курсын бітірген.

«Қарағандыкөмір разрезінің» №4 көмір тілігінде техникалық бақылау бөлімінің ақаушысы, Қарағандының №4 көмір тілігінде, «Екібастұзкөмір» комбинатының «Орталық» тілігінде экскаватор жүргізушісі болған.

Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен және І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Шахтер Даңқы» белгісімен марапатталған.

70 жыл бұрын (1940-2000) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері КИМ Юрий Алексеевич дүниеге келді.

Алматы облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті).

Алматы-1 стансасының желілі милиция бөлімшесінде тергеуші, Алматы қаласы Түркісіб ауданының халық судьясы, Алматы қалалық атқару комитеті әділет бөлімшесі бастығының орынбасары, сот органдары басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің аймақтық саясат және мемлекеттік құрылыс сұрақтары жөніндегі комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының азаматтық бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 13-сайлаудағы депутаты.

Медальдармен марапатталған.

35 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі заңға тәуелді актілер департаментінің директоры ЖҰМАҒҰЛОВ Ерлан Әскерұлы дүниеге келді.

Көкшетау қаласында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Қарағанды облысы әділет басқармасының жетекші кеңесші, Қарағанды қаласындағы «Гирей» ЖШС-нің заңгері, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнің заңнама департаментi заң жобасы жұмыстары басқармасы заң жобаларын сараптайтын бөлiмі бас маманының мiндетiн атқарушы, заңнама департаменті директорының орынбасары, директоры, заң жүйелілік заң жобасы қызметiн үйлестiру департаментiнің директоры, заңнама департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың маусым айынан.

ШІЛДЕНІҢ 4-І, ЖЕКСЕНБІ

Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1776 жылы Томас Джефферсон «АҚШ Тәуелсіздігі декларациясына» қол қойды.

Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1991 жылғы желтоқсанның 26-да орнатылды.

ОҚИҒАЛАР

10 жыл бұрын (2000) Атырау қаласында қазақ халқының ұлы күйшісі, композитор, дүлділ домбырашы, қазақтың аспаптық музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлының (1823-1896) ескерткіші ашылды.

10 жыл бұрын (2000) Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Каспий шельфі Шығыс Қашағанда мұнай қорының ашылу салтанаты болып өтті.

Онда әлемдегі ең үлкен баржа құрастырылып, жеті мемлекеттен мамандар тартылған. Шығыс Қашағандағы «қара алтын» қоры 7 миллиард тоннаны құрайды. Осы Каспий табанындағы «қара алтын» елімізге 1 триллион доллардан астам табыс әкеледі.

5 жыл бұрын (2005) Ақтөбеде кәсіпкерлік және ішкі саясат департаменті ұйымдастыруымен облыстық әйелдердің ойлары мен тауарларынан құралған «Қанатты әйел-2» жәрмеңкесі болып өтті.

Шараға облыстың 80-нен астам қолөнерші, табысқа жеткен кәсіпкерлер, модельер мен суретші, мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері, ұйымдар мен кәсіпорынның басшы әйелдері қатысты. Жәрмеңкеге өндіріс, денсаулық сақтау, білім, қоғамдық және ғылыми-өндірістік бірлестік саласының идеялары мен өнімдері көрсетілген 60 жәдігер қойылған.

Жәрмеңкенің басты мақсаты - әйел мәртебесін жоғарлату, әйел кәсіпкерлігін көрсету және насихаттау.

1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Астанада жетім балаларға арналған 300 орынды мамандандырылған кәсіби-техникалық лицейді ашты.

Құрылысты «Қазақмыс» корпорациясы жүргізген.

Бұл оқу орнында токарь, газбен және электрмен дәнекерлеуші, экскаватор және бульдозер жүргізушісі, кранда жұмыс істеуші, электр монтері, аспаз, бармен, түрлі санаттағы жүргізуші сияқты мамандарды даярлайды. Лицейде алаңы 360 шаршы метрлік оқу-жаттығу бассейні, алаңы 180 шаршы метрлік зал және қала мектептерінің ішіндегі ең үлкен - ұзындығы 42 метрлік спортзал және 204 орындық трибуна бар.

1 жыл бұрын (2009) Ақмола облысында «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылдық қуаты 500 тонна уран өндіретін жаңа кәсіпорынды іске қосты.

Барлау және қазба жұмыстарында саладағы озық технологиялық жетістік кеңінен қолданылып, қоршаған ортаға еш зиян келтірмеу қамтамасыз етілген. Шикізатты өңдеуде «Степногор тау-химия комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өндірістік қуаты пайдаланылады.

1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Шаңырақ-1» ықшамауданында Алатау ауданының тұсау кесер рәсімі болып өтті.

2008 жылы Алматы қаласының әкімшілігі мен мәслихатының бірлескен шешімі бойынша Әуезов, Жетісу және Алмалы аудандарының аумағынан ұйымдастырылған Алатау ауданы құрылды. Жаңа ауданың аумағы 7190 гектар жерді алып жатыр. Оның құрамына «Өжет», «Красный трудовик», «Заря Востока», «Ұлжан» - 1,2, «Дархан», «Байбесік», 6-градкомплекс, «Шаңырақ» - 1, 2, 3, 4, 5, 6, «Көкқайнар», «Әйгерім» - 1, 2, «Құрылысшы», «Түркістан», «АДК», «Ақбұлақ», «Алғабас» атты қосылған ауылдар кiредi.

Жаңа әкiмшiлiк ауданды құрудың басты мақсаты қосылған ауыл тұрғындарының хал-жағдайларын жақсарту, сонымен бiрге Алматы қаласын солтүстік және солтүстiк-батыс бағыттарында әрі қарай дамыту болып табылады.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1945) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының академигі ШЕРЬЯЗДАНОВ Ғалым Бекенұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Көксу ауданында туған. Т.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті теориялық механика кафедрасының аға оқытушысы, доценті, тұтас орта механикасы кафедрасының доценті, профессоры қызметтерін атқарған. 2000 жылдан - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика кафедрасының профессоры.

Физика-математика ғылымдарының 6 кандидатын дайындады. 110 ғылыми жұмыстардың, 1 оқулық және 5 оқу құралдарының авторы.

Медальдармен, КСРО Жоғарғы оқу орындары министрлігінің «За отличные успехи в работе» және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «За заслуги в развитии науки Республики Казахстан» төс белгілерімен марапатталған. 2007 жылғы «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы» атты мемлекеттік гранттың иегері.

35 жыл бұрын (1975) Д.Қонаев атындағы Гимназия және колледж директорының орынбасары ДЮСЕНОВ Асқар Кеңесұлы дүниеге келді.

Астана қаласында туған. Қызылорда медициналық училищесін, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген.

«За будущее Казахстана» Республикалық жастар қозғалысының облыстық кеңесі бөлімшесінің төрағасы, Республикалық студенттік құрылыс отряды штабының төрағасы, Қоғамдық ұйымдарда кадрлық-ұйымдастыру мәселелері жөніндегі кеңесші, «Родители - ради детей» Қоғамдық ұйымы кеңесінің төрағасы «Дәнекер» Халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтының (Д.Қонаев атындағы университетінің бөлімшесі) тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, Д.Қонаев атындағы гимназияның директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың қазан айынан.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10-жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар