ҚазАқпарат-Анонс: Шілденің 3-і мен 4-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

Елбасы
Шілденің 4-і күні «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекеттік туды көтеру рәсімі, сондай-ақ курсанттарға офицерлік шен табыстау рәсімі болады.
ҮКІМЕТ
Шілденің 3-і күні Астанадағы Отан қорғаушылар алаңында Ішкі істер министрінің қатысуымен салтанатты ант қабылдау рәсімі болады.
Шілденің 3-і күні ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Нұрсұлтан Әбішұлы - тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы» кітабының қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқасы, «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы», «Кемеңгер» кітаптарының тұсаукесері болады.
ҚОҒАМ
Маусымның 1-інен бастап елімізде жыл сайынғы «Скутер» шарасы басталып, ол шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.
Маусымның 1-інен бастап «Қазкоммерцбанк» АҚ мемлекеттік бағдарлама бойынша "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры есебінен ипотекалық несиелеуді қайта қаржыландыруды жаңғыртады.
Шілденің 1-інен бастап Кеден одағының бірыңғай сертификаты енгізіледі.
СПОРТ
Шілденің 1-і мен 7-сі аралығында Астанада тоғызқұмалақ бойынша әлем чемпионаты өтеді.
Шілденің 3-і мен 6-сы аралығында Оралда ҚР Президентінің кубогы үшін IV халықтық спорт ойындары өтеді.
Маусымның 11-і мен шілденің 11-і аралығында Оңтүстік Африка Республикасында футболдан Әлем чемпионаты өтуде.
АСТАНА
Шілденің 3-і күні Астанада ҚР Ұлттық ғарыш орталығы салынатын құрылыс орнында ескерткіш белгі мен ескерткіштің ашылуы болады.
Шілденің 3-і күні Конгресс-Холл сарайында баспасөз мәслихаты мен Т.Мұхамеджановтың шығармашылық кеші өтеді.
Шілденің 3-і күні «Қазақстан» кино-концерт залында «Әлем балеті жұлдыздарының» гала-концерті өтеді.
АЛМАТЫ
Шілденің 3-і күні Алматыда Алатау ауданының екі жылдығы мен Астана күніне орай салтанатты шара өтеді.
Шілденің 3-і күні 28 Панфиловшылардың саябағында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты курсанттарының бітіру кеші өтеді.
ШІЛДЕНІҢ 3-І, СЕНБІ
Беларус Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1990). 1996 жылдан бастап, Беларус Президенті Александр Лукашенко Тәуелсіздік күнін елді фашистік Германиядан азат еткендердің құрметіне орай шілденің 3-де атап өтуге Жарлық шығарды.
Қазақстан Республикасы мен Беларус Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қыркүйектің 16-да орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
100 жыл бұрын (1910) мемлекет қайраткері Әліби Жангелдин Мәскеу қаласынан дүниежүзін жаяу аралау сапарына аттанды. Ол 1913 жылдың қантарына дейін Польша, Австро-Венгрия, Югославия, Болгария, Түркия, Сирия, Палестина, Мысыр, Месопотамия, Персия, Үнді, Сиам, Қытай және Жапония елдерінде болды.
Жанкелдин Әліби Тоқжанұлы (1884-1953) - мемлекет және партия қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату және нығайту жолындағы күресті ұйымдастырудағы көрнекті басшылардың бірі. Қазіргі Қостанай облысы Жанкелдин ауданында дүниеге келген. Торғайдағы кәсіптік училищесін, Қостанай орыс-қазақ және Орынбор діни училищесін бітірген. Қазандағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Ол туралы көптеген көркем шығармалар жазылып, кинофильм түсірілген. Қостанай облысының бір ауданына, көптеген елді-мекендер мен көшелерге, мектептерге Әліби Жанкелдиннің есімі беріліп, Ақтөбе, Алматы, Торғай қалаларында ескерткіш орнатылған.
50 жыл бұрын (1960) Қарағандыдағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылды, және сол күні қазақстанның тұңғыш шойыны алынды. Бұл күн Қазақстан Магниткасының дүниеге келген күні болып саналады.
15 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануын мәңгі есте қалдыру, қоғамды топтастыру, гуманизм, ұлтаралық татулық, қазақстандық патриотизм тәрбиелеу идеяларын көркем бейнелеу мақсатында Елбасы Н.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты.
14 жыл бұрын (1996) Венгрия Парламентінде тұңғыш рет Қазақстан мен Венгрия арасындағы ынтымақтастыққа арналған «дөңгелек үстел» болып өтті.
3 жыл бұрын (2007) Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» Мемлекеттік бағдарламасына кірген жобалардың жалпыұлттық тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге 9 өңір қатысты. Негізгі 7 бағыт бойынша 900 миллиардқа жуық теңгені құрайтын барлығы 20 серпінді жобалар таныстырылды. Аталмыш тұсаукесер Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуының шын мәніндегі бастамасы болып, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруге негіз болмақ.
3 жыл бұрын (2007) Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында салынатын цемент зауыты құрылысының іргетасына Елбасының болашақ ұрпаққа жолдауы мәтіні бар капсуласы салынды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов қатысты. Зауыт жылына 1,8 миллион тонна цемент өндіреді. Бұл зауыт бүкіл батыс облыстардың сұраныстарын қамтамасыз етеді.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы төбесі жабық 30 мың орындық жаңа стадионның ашылу салтанатына қатысты.
Жабық стадион споршыларға қысы-жазы жаттығуларына мүмкіндік береді, ол УЕФА-ның барлық стандарттарына сай салынған.
Жасанды газон жамылғысы төселген футбол алаңы ФИФА мен УЕФА-ның стандарттарына толық сәйкес жасалған. Бұл стадионда футбол ойынынан бөлек спорттың күрес, бокс, спорттық гимнастика, дзюдо, каратэ сынды түрлерінен жарыстар өткізуге болады. Жаңа футбол стадионының ерекшелігі - 20 минуттың ішінде ашылып-жабылатын шатыры бар. Спутниктің және эфирлық антенналары бар теледидар желісімен, радиохабар эфирімен, отырыс залдары, баспасөз конференция залдары дыбыс күшейткіш және синхронды аудармасымен, таблосымен, телерадиокомментаторымен жабдықталған.
Көрермендердiң ыңғайы және сыйымдылығы үшін, мiнбе екi деңгейде орналасқан: 16 мың көрермен - астыңғысында, 14 мың - үстіңгісінде, стадионның батысында VIP-орындар орналасқан.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы индустриялдық парктің аумағында локомотив құрастыратын жаңа зауытты ашты.
Аталмыш локомотивтің техникалық сипаты қазіргі қолданылып жүрген машиналардан бірнеше есе жоғары. Зауыттың өнімі Қазақстанның тепловозға деген сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, болашақта таяу және алыс шетелдерге шығарылатын болады.
1 жыл бұрын (2009) Жамбыл облыстық соты өзінің Интернеттегі веб-сайтын - www.oblsot.zhambyl.kz ашты.
Сайтта әдеттегідей «Кері байланыс» және «Сұрақ-жауап» сілтемелерінен басқа сот шешімдерінің банкі, азаматтарды қабылдаудың кестесі мен уақыты және қаралатын істер орналастырған.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920-1999) Қазақстанның еңбек сіңірген шахтері КАЧУРА Иван Васильевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Экскаватор жүргізушісі курсын бітірген.
«Қарағандыкөмір разрезінің» №4 көмір тілігінде техникалық бақылау бөлімінің ақаушысы, Қарағандының №4 көмір тілігінде, «Екібастұзкөмір» комбинатының «Орталық» тілігінде экскаватор жүргізушісі болған.
Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен және І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Шахтер Даңқы» белгісімен марапатталған.
70 жыл бұрын (1940-2000) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері КИМ Юрий Алексеевич дүниеге келді.
Алматы облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті).
Алматы-1 стансасының желілі милиция бөлімшесінде тергеуші, Алматы қаласы Түркісіб ауданының халық судьясы, Алматы қалалық атқару комитеті әділет бөлімшесі бастығының орынбасары, сот органдары басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің аймақтық саясат және мемлекеттік құрылыс сұрақтары жөніндегі комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының азаматтық бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 13-сайлаудағы депутаты.
Медальдармен марапатталған.
35 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі заңға тәуелді актілер департаментінің директоры ЖҰМАҒҰЛОВ Ерлан Әскерұлы дүниеге келді.
Көкшетау қаласында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Қарағанды облысы әділет басқармасының жетекші кеңесші, Қарағанды қаласындағы «Гирей» ЖШС-нің заңгері, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнің заңнама департаментi заң жобасы жұмыстары басқармасы заң жобаларын сараптайтын бөлiмі бас маманының мiндетiн атқарушы, заңнама департаменті директорының орынбасары, директоры, заң жүйелілік заң жобасы қызметiн үйлестiру департаментiнің директоры, заңнама департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың маусым айынан.
ШІЛДЕНІҢ 4-І, ЖЕКСЕНБІ
Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1776 жылы Томас Джефферсон «АҚШ Тәуелсіздігі декларациясына» қол қойды.
Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1991 жылғы желтоқсанның 26-да орнатылды.
ОҚИҒАЛАР
10 жыл бұрын (2000) Атырау қаласында қазақ халқының ұлы күйшісі, композитор, дүлділ домбырашы, қазақтың аспаптық музыкасының классигі Құрманғазы Сағырбайұлының (1823-1896) ескерткіші ашылды.
10 жыл бұрын (2000) Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Каспий шельфі Шығыс Қашағанда мұнай қорының ашылу салтанаты болып өтті.
Онда әлемдегі ең үлкен баржа құрастырылып, жеті мемлекеттен мамандар тартылған. Шығыс Қашағандағы «қара алтын» қоры 7 миллиард тоннаны құрайды. Осы Каспий табанындағы «қара алтын» елімізге 1 триллион доллардан астам табыс әкеледі.
5 жыл бұрын (2005) Ақтөбеде кәсіпкерлік және ішкі саясат департаменті ұйымдастыруымен облыстық әйелдердің ойлары мен тауарларынан құралған «Қанатты әйел-2» жәрмеңкесі болып өтті.
Шараға облыстың 80-нен астам қолөнерші, табысқа жеткен кәсіпкерлер, модельер мен суретші, мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері, ұйымдар мен кәсіпорынның басшы әйелдері қатысты. Жәрмеңкеге өндіріс, денсаулық сақтау, білім, қоғамдық және ғылыми-өндірістік бірлестік саласының идеялары мен өнімдері көрсетілген 60 жәдігер қойылған.
Жәрмеңкенің басты мақсаты - әйел мәртебесін жоғарлату, әйел кәсіпкерлігін көрсету және насихаттау.
1 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Астанада жетім балаларға арналған 300 орынды мамандандырылған кәсіби-техникалық лицейді ашты.
Құрылысты «Қазақмыс» корпорациясы жүргізген.
Бұл оқу орнында токарь, газбен және электрмен дәнекерлеуші, экскаватор және бульдозер жүргізушісі, кранда жұмыс істеуші, электр монтері, аспаз, бармен, түрлі санаттағы жүргізуші сияқты мамандарды даярлайды. Лицейде алаңы 360 шаршы метрлік оқу-жаттығу бассейні, алаңы 180 шаршы метрлік зал және қала мектептерінің ішіндегі ең үлкен - ұзындығы 42 метрлік спортзал және 204 орындық трибуна бар.
1 жыл бұрын (2009) Ақмола облысында «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылдық қуаты 500 тонна уран өндіретін жаңа кәсіпорынды іске қосты.
Барлау және қазба жұмыстарында саладағы озық технологиялық жетістік кеңінен қолданылып, қоршаған ортаға еш зиян келтірмеу қамтамасыз етілген. Шикізатты өңдеуде «Степногор тау-химия комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өндірістік қуаты пайдаланылады.
1 жыл бұрын (2009) Алматыда «Шаңырақ-1» ықшамауданында Алатау ауданының тұсау кесер рәсімі болып өтті.
2008 жылы Алматы қаласының әкімшілігі мен мәслихатының бірлескен шешімі бойынша Әуезов, Жетісу және Алмалы аудандарының аумағынан ұйымдастырылған Алатау ауданы құрылды. Жаңа ауданың аумағы 7190 гектар жерді алып жатыр. Оның құрамына «Өжет», «Красный трудовик», «Заря Востока», «Ұлжан» - 1,2, «Дархан», «Байбесік», 6-градкомплекс, «Шаңырақ» - 1, 2, 3, 4, 5, 6, «Көкқайнар», «Әйгерім» - 1, 2, «Құрылысшы», «Түркістан», «АДК», «Ақбұлақ», «Алғабас» атты қосылған ауылдар кiредi.
Жаңа әкiмшiлiк ауданды құрудың басты мақсаты қосылған ауыл тұрғындарының хал-жағдайларын жақсарту, сонымен бiрге Алматы қаласын солтүстік және солтүстiк-батыс бағыттарында әрі қарай дамыту болып табылады.
ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1945) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының академигі ШЕРИЯЗДАНОВ Ғалым Бекенұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Көксу ауданында туған. Т.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті теориялық механика кафедрасының аға оқытушысы, доценті, тұтас орта механикасы кафедрасының доценті, профессоры қызметтерін атқарған. 2000 жылдан - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика кафедрасының профессоры.
Физика-математика ғылымдарының 6 кандидатын дайындады. 110 ғылыми жұмыстардың, 1 оқулық және 5 оқу құралдарының авторы.
Медальдармен, КСРО Жоғарғы оқу орындары министрлігінің «За отличные успехи в работе» және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «За заслуги в развитии науки Республики Казахстан» төс белгілерімен марапатталған. 2007 жылғы «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы» атты мемлекеттік гранттың иегері.
35 жыл бұрын (1975) Д.Қонаев атындағы Гимназия және колледж директорының орынбасары ДҮЙСЕНОВ Асқар Кеңесұлы дүниеге келді.
Астана қаласында туған. Қызылорда медициналық училищесін, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген.
«За будущее Казахстана» Республикалық жастар қозғалысының облыстық кеңесі бөлімшесінің төрағасы, Республикалық студенттік құрылыс отряды штабының төрағасы, Қоғамдық ұйымдарда кадрлық-ұйымдастыру мәселелері жөніндегі кеңесші, «Родители - ради детей» Қоғамдық ұйымы кеңесінің төрағасы «Дәнекер» Халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтының (Д.Қонаев атындағы университетінің бөлімшесі) тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, Д.Қонаев атындағы гимназияның директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың қазан айынан.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10-жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.