ҚазАқпарат-Анонс: Тамыздың 27-сі мен 29-ы аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ЕЛБАСЫ
Тамыздың 27-28-інде Астанада ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналған «Конституция - мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оған Елбасы Н.А.Назарбаев, Парламент депутаттары, орталық билік органдарының басшылары, халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушы институттардың, шетелдік парламенттердің, конституциялық бақылау және сот органдарының өкілдері, т.б. қатысады.
ҮКІМЕТ
Тамыздың 27-сінде Сыртқы істер министрлігінде ҚР Мемлекеттік хатшысы- сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-президенті Киммо Кильюненмен кездесуі болады.
Тамыздың 27-сінде «BNews.kz» порталында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Қазақстандағы білім беру: мүмкіндіктері, келешегі, инновациялар» тақырыбында Online-конференция ( Online-бейне хабар тарату www.bnews.kz порталында ) өткізіледі.
Тамыздың 27-сінде Денсаулық сақтау министрлігінде Конституция күніне арналған жиын өтеді.
ПАРЛАМЕНТ
Қыркүйектің 1-інде ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы шақырылды.
Тамыздың 27-28-інде Астанада ҚР Конституциясының 15 жылдығына арналған «Конституция - мемлекеттік демократиялық дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оған Елбасы Н.А.Назарбаев, Парламент депутаттары, орталық билік органдарының басшылары, халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушы институттардың, шетелдік парламенттердің, конституциялық бақылау және сот органдарының өкілдері, т.б. қатысады.
ҚОҒАМ
Тамыздың 11-інде мұсылман әлемінің маңызды мерекелерінің бірі - Қасиетті Рамазан айы басталды . Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау биыл тамыздың 11-інен қыркүйек айының 9-ына дейін жалғасады.
Тамыздың 9-ы мен қыркүйектің 9-ы аралығында Венадағы Палфи сарайында «Ұлы Жібек жолы» жобасының аясында қазақстандық реставратор-суретші Қырым Алтынбековтың археологиялық жаңартылған жәдігерлері мен шығармашылық туындылары, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі заманғы суретшілерінің көшпелі көрмесі таныстырылады.
Тамыздың 21-і мен 27-сі аралығында «Дала қыраны-2010» арнайы-әдістемелік бітімгерлік жаттығулары өтуде.
ТМД
Тамыздың 26-сында ТМД Атқару комитетінде Ұйымның жарғылық және басқа да органдарындағы Достастық елдерінің тұрақты өкілдерінің мәжілісі өтеді. Онда гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы басымдық шаралардың 2011-2012 жылдарға арналған жоспарының жобасын талқыланады.
Тамыздың 26-27-сі күндері ТМД-ның Атқарушы комитетінде Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Экономикалық қауіпсіздік туралы конвенциясының жобасына түзетулер енгізу жөніндегі сарапшылар тобының мәжілісі өтеді.
СПОРТ
Тамыздың 19-ы мен 28-і аралығында Өскемен қаласында ерлер командалары арасында шайбалы хоккейден Қазақстан кубогі жолындағы жарыс өтіп жатыр. Турнирдің А тобында Қарағандының «Сарыарқа», Рудныйдың «Горняк», Көкшетаудың «Арлан», Астананың «Барыс» командалары, В тобында Атыраудың «Бейбарыс», Өскеменнің «Қазмырыш - Торпедо», Павлодар қаласының «Ертіс-Павлодар» және Сәтпаевтің «Қазақмыс» клубтары күш сынасатын болады.
Тамыздың 25-26-сында Астана қаласында Қазақстан Конституциясының 15 жылдығына арналған ҚР Бас Прокурорының Кубогы үшін прокуратура органдарының арасындағы мини-футбол чемпионатының ақтық ойындары өтуде.
АСТАНА
Маусымның 29-ы мен қыркүйектің 1-і аралығында ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Назарбаев және Қазақстан» атты көрме өтеді.
Тамыздың 10-ы мен қыркүйектің 30-ы аралығында Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арнап «Қазақстан Республикасының Конституциясы - тұрақтылық, келісім, өрлеу» атты құжаттық көрме өтуде.
Тамыздың 27-сінде «Мемлекеттік авиациялық орталық» РМК Қазақстан Республикасының Конституция күнін тойлау аясында БАҚ-дың өкілдері үшін кәсіпорынның оқыту-ұшу базасына баспасөз шеруін өткізеді. Баспасөз шеруі барысында ұшулар ұйымдастырылады.
Тамыздың 27-сінде Бейбітшілік және келісім сарайында «Конституция - мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты халықаралық конференция өтеді.
Тамыздың 27-сінде Rixos қонақүйінде «Ұлттық компаниялардың инновациялық саясаты» мәселесіне арналған «Самұрық-Қазына» АҚ қоры топтары басшыларының бірінші саммиті өтеді.
Тамыздың 27-сінде Астана қаласының Ішкі істер департаментінде Конституция күніне арналған салтанатты шара өтеді.
Тамыздың 27-сінде «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында республикалық БАҚ басшылары мен журналистеріне арналған шеберлік сабағы өтеді.
АЛМАТЫ
Тамыздың 25-і мен қыркүйек айының 15-і аралығында Алматыда ҚР-ның сауда-өнеркәсіп палатасы қала әкімдігінің көмегімен, отандық көрме компаниялармен және басқа да бизнес құрылымдардың қолдауымен "ана өлімі" мәселесіне назар аударуға және елімізде оның көрсеткішін азайтуға бағытталған «Өмірді қолдау» атты қайырымдылық акция өткізеді.
Тамыздың 27-сінде Жазушылар одағы үйінде Коституцияның 15 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш өтеді.
Тамыздың 27-сінде Қазақстандық баспасөз клубында АҚШ елшілігінің Мәдени мұраларды сақтау қоры бөлген грантты үкіметтік емес ұйымдарға тағайындау тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
Тамыздың 27-сінде Алматы қаласы тарихына арналған мұражайда Конституцияның 15 жылдығына арналған көрме және «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Тамыздың 27-сінде «Нұр Отан» партиясының Алматы филиалында «Балаларды мектепке жинайық» атты қайырымдылық акциясы өтеді.
Тамыздың 27-сінде «Іле» оқу орталығында «Дала қыраны-2010» жаттығуының жабылу рәсімі болады.
Тамыздың 27-сінде «Астана» қонақүйінде «Ержан Тәтішев Қоры» қоғамдық қоры тағайындаған 2010-2014 жылдарға арналған білім гранттарын табыс ету рәсімі болады.
Тамыздың 28-30-ы аралығында Алматы маңындағы Медеу шатқалында орналасқан "Тау күні" сауықтыру демалыс орнында Х-шы халықаралық «Тау жаңғырығы-2010» атты авторлық ән фестивалі өтеді
Тамыздың 29-ында Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ -да түсірілген «Қызғылт қоян туралы аңыз» атты жаңа фильмнің премьерасы болады. Премьераға елімізге белгілі мәдениет қайраткерлері, танымал актерлар мен режиссерлар, продюссерлер мен отандық шоу-бизнестің жұлдыздары, сонымен қатар, фильмнің түсіру тобы мен киностудияның басшылары қатысады.
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
Тамыздың 26-сында Ғ.Жұбанов атындағы Ақтөбе облыстық филармониясында «Нұр Отан» Халықтық Демокартиялық партиясы Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы құрметіне орай Ақтөбе қаласында халық әртісі Бибігүл Төлегенованың мерекелік концертін өткізеді.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН
Тамыздың 29-30-ы күндері Өскеменде халықаралық мүшәйра өтеді. Бұл халықаралық фестиваль Ата Заңымыздың қабылдануының 15 жылдығына, ұлы Абайдың 165 жылдығына және Өскемен қаласының 290 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өткелі отыр.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ТАМЫЗДЫҢ 27-СІ, ЖҰМА
Молдава Республикасының тәуелсіздік күні. Молдава Республикасы Парламенті 1991 жылғы 27 тамызда Тәуелсіздік жөніндегі Декларацияны қабылдады.
ОҚИҒАЛАР
3 жыл бұрын (2007) Ақтауда жоспарланып отырған Ақтау-Сити құрылысының аумағында сексеннен астам тарихи құнды ескерткіштері бар 28 тарихи-археологиялық кешен табылды.
Энеолит және қола дәуіріндегі тұрақтар және қола, темір және орта ғасырлардағы қорымдар табылды. Олардың арасында Қазақстан аумағында мал шаруашылығының тараған дәуіріндегі Қосқұдық-1 және Қосқұдық -2 тұрақтары орналасқан.
Археологиялық қазбалар кезінде Басқұдық-1 діни-қабірлеу орнының қалдықтары табылды. Қалдықтарды тазалау кезінде 11-12 ғасырға жататын қыпшақ бозбаласының қорымы, 12-13 ғасырға жататын мұсылмандардың қорымы табылды.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Павлодардағы Бұхар жырау атындағы облыстық мұражайда тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы туралы әңгімелейтін көрме ашылды.
Көрмеге байырғы қазақ қоғамының қажетін өтеуге толық лайықталған және араб жазуымен жазылған Әз-Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», фотосуреттер мен Конституцияға арналған материалдарды, Ата заңның қабылдануына жетекшілік жасаған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың суреттері, Елбасы жазған кітаптар, Қазақстанның жаңа тарихы туралы баяндайтын журналдар, құқықтанушы-ғалымдардың материалдары қойылған.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1925-2009) мүсінші, ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның өнер қайраткері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі НАУРЫЗБАЕВ Хакімжан Есімханұлы дүниеге келді.
Қостанай облысының Меңдіқара ауданында туған. Харьков көркемдік институтын бітірген.
1952-1954 жылдары - Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы. 1961-1965 жылдары - Лениндік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі. 1959-1965 жылдары - КСРО Суретшілер одағы басқармасының мүшесі. 1952-1966 жылдары Алматы көркемөнер училищесінде оқытушы болған.
Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Мәншүк Мәметова, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ескерткішінің авторы. «Амангелді Иманов», «Құрманғазы», «М.Хакімжанова», «Сәкен Сейфуллин», «Шоқан Уәлиханов» атты ескерткіштерінде пропорция, ритм заңдылықтарын, тиімді пайдалану арқылы образдарды шынайы кескіндеді әрі ұлттық колоритке жіті назар аударды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайында, сондай-ақ Қ.Сәтбаев, Ы.Жақаев, А.Жұбанов, Т.Тәжібаев, Ж.Саин, Д.Нұрпейісова, Т.Жароков, Х.Есенжанов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Жамбыл тұлғаларын жасады.
«Парасат», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
ТАМЫЗДЫҢ 28-І, СЕНБІ
Украинада авиация күні. Украина Президентінің Жарлығына сәйкес тамыз айының соңғы сенбісінде атап өтіледі.
ОҚИҒАЛАР
14 жыл бұрын (1996) Венгрияда Қазақ мәдениетінің күндері болып өтті.
9 жыл бұрын (2001) Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» кітабының тұсаукесері өткізілді.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда www.atameken-asr.com қазақ тіліндегі жаңа веб-сайт құрылды.
Тәуелсіздік жылдары ресми ақпарат көзі бойынша республикамызға 650000 оралмандар қоныс аударды. Көші-қон саясаты мемлекеттік саясаттың бірден-бірі болып табылады. Құрылған сайт көші-қон саласының жетістігіне және Қазақстанда ақпараттық технологиялардың дамуына ықпал етеді.
1 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы көп бейінді «Абу Даби Плаза» кешені құрылысының іргетасына капсула қалады.
2009 жылғы шілденің 7-де Қазақстан Республикасының Заңымен еліміздің Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында аталған кешеннің құрылысы бойынша келісім бекітілген болатын. Жобаны «Алдар ЕуроАзия» ЖШС-і жүзеге асырады. Оның жұмысына Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы жобасының авторы британдық сәулетші Норман Фостердің бюросы тартылып отыр.
«Абу Даби Плаза» жобасы бойынша нысанның биіктігі 382 метр болатын 88 қабатты құрайды. Аталған кешенде жоғары және орта сыныптағы 450 пәтер мен 2 қонақ үй салынатын болады.
Жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден тұратын кеңселік орын-жайлардың құрылысы қарастырылған. Оның аумағында 4,5 мың автокөлікке арналған тұрақ орналасады. Жобаның құны 1 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыға бағаланып отыр. Нысанның бірінші кезеңінің құрылысын 2013 жылдың қыркүйегінде тапсыру жоспарланған. Ал екінші кезегі 2014 жылдың аяғына қарай пайдалануға берілмек.
1 жыл бұрын (2009) тамыздың 28-і мен 30-ы аралығында Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында Конституция күніне орай 1600 шақырымдық қашықтыққа алаумен жүгіру шаралары өтті.
Петропавлдық «Үміт» желаяқтар клубының мүшелері қатысқан бұл жорықтың бағыты облыстың барлық аудандарын қамтыды. Олар Солтүстік Қазақстан облысында алғаш өткен «Ақбидай» IV республикалық ауыл ойындарында тамыздың 15-інде жағылған алаумен жүгіруде.
Қатысушылардың ең үлкені Алик Әзмұхаметов - 69 жаста, ең жасы - 18 жаста. Жүгіру Конституция күні Петропавлда мәреге жетті.
ЕСІМДЕР
90 жыл бұрын (1920-1985) қоғам және мемлекет қайраткері, экономика ғылымының кандидаты, Ұлы Отан соғысына қатысқан ҚАШАҒАНОВ Екейбай дүниеге келді.
Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Алматы педогогикалық техникумын. Қазақстан КП ОК жанындағы жоғары партия мектебін, КОКП ОК жоғары партия мектебін бітірген.
Луговой ауданы партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 2- және 1-хатшы, Жамбыл облысының партия комитетінде бөлім меңгерушісі, хатшы, Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы, Семей обкомының 2-хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері. 3 рет Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі, Халықтар Достығы, І- және ІІ-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз ордендерімен, 6 рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
60 жыл бұрын (1950) футболшы, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті БАЙШАҚОВ Сейілда Икрамұлы дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Қазақ дене шынықтыру және спорт институтын бітірген.
«Қайрат» футбол командасында және КСРО ұлттық құрама командасында ойнады.
«Қайрат» Футбол клубы» АҚ вице-президенті, Қазақстан Республикасының мини-футбол Қауымдастығының президенті, Дене шынықтыру және спорт клубы төрағалық комитетінің төрағасы, Дене шынықтыру және спорт клубының вице-президенті, Қазақстан футбол федерациясының балалар мен жасөспірімдерге арналған футболының жетекші маманы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2007 жылдың тамыз айынан.
30 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті төрағасының орынбасары ЩЕГОРЦОВА Анастасия Геннадьевна дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын «Конгресс духовного согласия» халықаралық Қоғамдық Қорының филиалында бастады. Астана қаласы ішкі саясат департаментінде бас маман, Мәдениет және ақпарат министрлігі талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директор орынбасары, талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2010 жылдың сәуір айынан.
ТАМЫЗДЫҢ 29-Ы, ЖЕКСЕНБІ
Шахтер күні.
Тамыз айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1947 жылғы 10 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген.
Қазақстанның көмір өнеркәсібі еліміз экономикасының ең ірі салаларының бірі болып табылады. Көмір қоры бойынша Қазақстан әлемде 8 орынға ие, республикамыздың кенді қойнауында бүкіләлемдік қор көлемінің 4 пайызы жинақталған. Көмір өнеркәсібі ел электр энергиясының 80 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр.
Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні.
2009 жылғы 30 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне Қазақстан 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстан ұсынған қарардың бірлескен авторлары 26 мемлекет болды, оның ішінде Армения, Беларус, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Монғолия, Араб Әміршілігі, Тәжікстан, Түрікменстан және Жапония.
ОҚИҒАЛАР
290 жыл бұрын (1720) Өскемен қаласының негізі қаланды.
Өскемен қаласы ұлы мәртебелі І Петр патшалық құрып тұрғанда қамал-бекініс ретінде салынған еді. 1868 жылы Өскеменге қала мәртебесі берілді. Қалада сауда, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары дами бастады, айлақ (пристань) құрылысы басталды. Кейіннен жеңілөнеркәсіп, теміржол құрылысы салына бастады. Ұлы Отан соғысы жылдары ауыр өнеркәсіп дамыды.
Өскемен Қазақстанның батыс-шығыс бөлігінде Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан; көлемі 54,4мың га жерді алып жатыр.
Қазіргі Өскемен Қазақстандағы түсті металдар орталығының бірінен саналады. Аймақтың жетекші салалары - түсті металдар өндіру, машина жасау. Шағын және орта бизнес қамтылған.
7 жыл бұрын (2003) Алматыда «Балтика-Транзит» жүрдек контейнерлік пойызының таныстырылымы өтті.
Бұл пойыз Еуропа елдерінен Орталық Азия мемлекеттеріне қысқа мерзімде Балтық порттары арқылы жүк тасымалдайды.
Сібіраралық тасымалдаулар Халықаралық Басқарушы кеңесі және Темір жол көлігі кеңесі дирекциясы «Балтика-Транзит» жүрдек контейнер пойызын құрастырып Латвияның, Литваның, Эстонияның, Ресейдің, Қазақстанның және Өзбекстанның темір жолдарында енгізген.
7 жыл бұрын (2003) Алматыда қалалық Жастар үйі ашылды.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда «Президент және халық» жаңа апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді.
Республикалық қоғамдық-саяси газет қазақ және орыс тілдерінде шығады. Газеттің бас редакторы - белгілі журналист Марат Тоқашбаев. Газетке Елбасы қабылдаған шешімдер, еліміздің және шетелдердің негізгі оқиғалары, билік органдары қызметінің материалдары басып шығарылады.
Көлемі сегіз беттен тұратын баспаның алғашқы санының тиражы 10 мың дананы құрады.
3 жыл бұрын (2007) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер бетіндегі бейбітшілікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін АҚШ-тың «Нова» университеті бекіткен Халықаралық бейбітшілік сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды.
Сыйлықты АҚШ-тың Таяу Шығыс және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының хатшысы, аталған университеттің профессоры Сэм Барони табыс етті.
3 жыл бұрын (2007) Шымкентте «Абай» жаңа мәдени газетінің алғашқы саны жарық көрді.
Республикалық тарихи-танымдық, әдеби-көркем «Абай» атты газеті жұма сайын шығады, онда ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған мақалалар, оның және басқа да атақты қазақ авторларының шығармалары жарияланады.
1 жыл бұрын (2009) Өскеменде Абай мен Пушкинге ескерткіштері салтанатты түрде ашылды.
Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш Республика алаңында, ал Александр Сергеевич Пушкинге оның есімімен аталатын облыстық кітапхана ғимаратының алдында ескерткіш мүсіні орнатылды.
ЕСІМДЕР
100 жыл бұрын (1910-1985) Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО-ның халық сәулетшісі, сәулет докторы, КСРО Көркемсурет Академиясының мүшесі РУБАНЕНКО Борис Рафаилович дүниеге келді.
Самара қаласында туған. Санкт-Петербор қаласындағы коммуналдық құрылыс инженерлері институтын, Көркемсурет академиясын бітірген.
Алматыдағы бұрынғы қала әкімшілігі ғимаратының жобасын жасауға қатысқан. 1954 жылдан педагогикалық қызметпен (1968 жылдан - профессор) айналысты.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Ленин орденімен, Қазан Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.
35 жыл бұрын (1975) Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары ҚҰРМАНБЕКОВ Бақыт Бейсенбекұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туған. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген.
2000-2005 жылдары - Түркістан қаласы қаржы бөлімінің бас маманы. 2005-2006 жылдары - Түркістан қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сауда, туризмді дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бастығы. 2006-2007 жылдары - Түркістан қаласы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы, облыс әкімі аппараты сыртқы байланыстар бөлімінің бас маманы, облыс әкімі аппараты инфрақұрылымды және ауылдық аумақтарды дамыту мониторингі бөлімінің бас маманы. 2007-2008 жылдары - облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы. 2008-2009 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың желтоқсан айынан.