ҚазАқпарат-Анонс: Тамыздың 6-сы мен 8-і аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі
ҮКІМЕТ
Тамыздың 6-сында Сыртқы істер министрлігінде апталық брифинг болады.
ҚОҒАМ
Тамыз айында Ыстамбұлда Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы кеңесінің төртінші мәжілісі өтеді.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің әкімшілік полиция комитеті ағымдағы жылдың 26 шілдесі - 11 тамызы аралығында мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып, «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясын өткізеді.
Тамыздың 6-сынан бастап қазақстандық «Эйр Астана» әуе компаниясы «Алматы-Баку-Алматы» және кейін қарай ұшу бағытында қосымша қонусыз ұшатын рейс ашады.
Тамыздың 7-сінде Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасқан «Приозерный» демалыс және сауықтыру орталығында Жастардың ІІ инновациялық білім беру лагерінің үшінші ауысымы ашылады.
Тамыздың 9-ы мен қыркүйектің 9-ы аралығында Венадағы Палфи сарайында «Ұлы Жібек жолы» жобасының аясында қазақстандық реставратор-суретші Қырым Алтынбековтың археологиялық жаңартылған жәдігерлері мен шығармашылық туындылары, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі заманғы суретшілерінің көшпелі көрмесі таныстырылады.
АСТАНА
Маусымның 29-ы мен қыркүйектің 1-і аралығында ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Назарбаев және Қазақстан» атты көрме өтеді.
Тамыздың 1-інен бастап елордада заңды тұлғалар үшін судың тарифі жоғарылайды.
Тамыздың 6-сында Астанада Ақмола әскери гарнизонының ведомствоаралық кеңесі болады.
Тамыздың 6-сында «Байтерек» медиа-орталығында «Ата Заң -әрбір үйге» атты республикалық патриоттық акцияның басталуына арналған баспасөз мәслихаты болады.
Тамыздың 6-сында «Атамекен» картасы» кешенінде «Хиросима және Нагасакидегі қайғылы оқиғаға - 65 жыл» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысы болады.
Тамыздың 6-сында Ұлттық баспасөз клубында «Қазақстанды қамтуды дамыту мәселелері. 6 айдың қорытындысы» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтеді.
Тамыздың 7-сінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Астанадағы өкілдігінің ғимаратында жасөспірімдер мен жастардың жыныстық және репродукциялық денсаулығын жақсарту мәселелеріне арналған консультациялық мәжіліс өтеді.
АЛМАТЫ
Тамыздың 6-сында «Қазақконцертте» Құрылысшылар күні кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиналыс болады.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН
Шығыс Қазақстанның облыс орталығында тамыздың 1-інен бастап Өскемен қаласының ішкі істер басқармасы көші-қон полициясының үш бірдей бөлімі жұмыс істей бастайды. Өскеменге уақытша келіп жатқан шетелдік азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан да, адамдарды кезектерден құтқару үшін, қалада қосымша тағы екі көші-қон бөлімі ашылып отыр.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН
Тамыздың 6-сында Орал қаласындағы облыстық қазақ драма театрында «Қанатты әйел-3» атты әйелдер қолымен жасалған тауарлардың көрме-жәрмеңкесі өтеді.
Тамыздың 6-7-сінде Батыс Қазақстан облысында атақты әнші-композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Е.Хасанғалиевтің 70 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтіледі.
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН
Тамыздың 6-7-сі күндері Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит Мұқановтың 110 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шаралар өтеді.
ПАВЛОДАР
Тамыздың 5-8-і аралығында Павлодарда «Автомобилист» спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында кикбокстан Қазақстан Республикасының XXI чемпионаты өтеді.
ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР
ТАМЫЗДЫҢ 7-І, СЕНБІ
ОҚИҒАЛАР
15 жыл бұрын (1995) Алматы қаласындағы Кино үйінде «Абай» атты фильмнің тұсаукесер рәсімі өтіп, оған Президент Н.Ә.Назарбаев қатысты. Мұхтар Әуезовтың роман-эпопеясы бойынша түсірілген эпикалық драма қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдығына арналған. Абай рөлінде Ғабиден Тұрықбаев, Құнанбай рөлінде Тұңғышбай әл-Тарази және т.б. актерлер ойнады. Сценарийін Ләйлә Ақынжанова, Александр Баранов және Серік Апырымов жазған.
5 жыл бұрын (2005) Алматыда, Республика сарайында, Райымбек батырдың 300-жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыс өнерінің байқауы болып өтті.
Шараны ұйымдастырған «Жарылқап батыр» қоғамдық қоры, «Айсел Қазақстан» корпорациясы, Алматы қалалық мәдениет департаменті және Республика сарайының әкімшілігі.
Аталмыш шараға Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау және Орал қалаларының суырыпсалма ақындары қатысты. Ақын Тұманбай Молдағалиев бастаған қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Семейден келген Сара Тоқтамысова қанжығасына байлады. Бірінші орынды Талдықорғаннан келген Айтақын Бұлғақов жеңіп алды. Екінші орынды қарағандылық Аманжол Алтаев, елордалық айтыскер Дәулеткерей Кәпұлы және семейлік Ринат Заитов бөлісті.
3 жыл бұрын (2007) Мемлекет басшысы стратегиялық маңызға ие нысандарға мемлекеттік бақылаудың тиімді тетіктерін құруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің экономика саласындағы мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
1 жыл бұрын (2009) Павлодарда «Бибі-Ана» қоғамдық бірлестігі павлодарлық бөлімшесі мүшелерінің өз қолдарымен жасаған бұйымдарының көрмесі ашылды.
Онда әдемі ұлттық киімдер, тоқыма көйлектер мен жакеттер, құрақ көрпешелер мен шеберлердің қолынан шыққан басқа да бірегей бұйымдар қойылған.
Павлодарлық «Бибі-Ана» қоғамдық бірлестігін 1999 жылы мүгедек-әйелдер құрған болатын. «Бибі-Ана» мүшелерінің қолдарынан шыққан ұлттық киімдер халықтың үлкен сұранысына ие.
ЕСІМДЕР
40 жыл бұрын (1970) Астана қаласындағы Еуразиялық Даму банкі өкілділігінің басшысы БАЙДАУЛЕТ Ерлан Әлімжанұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Талғар қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, Санкт-Галлен қаласындағы (Швейцария) университетін бітірген.
1993-1995 жылдары - Талғар қаласы және Талғар ауданы әкімшілігі басшысының комекшісі, «Алемсистем» қаржы-инвестициялық компаниясы қаржы жобалау басқармасының бастығы. 1997-1998 жылдары - Швейцар-Қазақ экономикалық даму орталығының инвестиция жөніндегі вице-президенті. 1998-2001 жылдары - (UNOPS registered) PROFIT INVEST Ltd компаниясының аға кеңесші-әріптесі. 2001-2005 жылдары - Қазақстан Республикасының Астана қаласындағы Ислам даму банкінің уәкілі. 2005-2006 жылдары - «Инжиниринг және трансферт технологиясы орталығы» акционерлік қоғамының президенті қызметтерін атқараған. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдан.
ТАМЫЗДЫҢ 8-І, ЖЕКСЕНБІ
Құрылысшы күні.
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде атап өтіледі.
Болгарияда Әскери-теңіз флотының мерекесі. Тамыздың екінші жексебісінде атап өтіледі.
1879 жылғы 12 тамызда ресейдің «Опыт», «Взрыв», «Пордим» және «Горний Студен» атты төрт әскери кемесі Русь портына шынжырмен бекітілді, сол кезде болгарлардың туы көтеріліп, елдің сол уақыттағы әнұраны - «Шумит Мариц» әскери маршы ойнатылды. Бұл салтанатты рәсім болгарлардың әскери-теңіз флоты мерекесінің туған күнінің пайда болуына себеп болды.
ОҚИҒАЛАР
12 жыл бұрын (1998) Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің бас алаңына Шоқан Уәлихановтың мүсіні салтанаты түрде ашылды.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов - қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, публицист, ориенталист, фольклоршы, әдебиет зерттеушісі, этнограф, саяхатшы-географ, демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі. Қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде дүниеге келген. Абылайханның шөбересі. Ресей армиясы бас штабының барлау басқармасының офицері болған.
10 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана қаласының шекарасын өзгерту туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес елорданың жер көлемі 45195 гектарға ұлғайды.
5 жыл бұрын (2005) Ақордада Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бекизизве Уиздом Джила Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсырды.
Оңтүстік Африка Республикасы Африканың басқа елдерімен салыстырғанда саяси тұрақты, экономикалық инфрақұрылымы дамыған және алмас, алтын, хром, платина, ванадий, марганец және андалузиттің барланған ірі қоры бар ел. Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 5 наурызда орнатылған. 2003 жылдың желтоқсанында Алматыда Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы елшілігі ашылды.
3 жыл бұрын (2007) Алматыда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Экономика институтында Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, академик, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Экономика институтының директоры Оразәлі Сәбденге Ресей мен Қазақстан арасындағы ғылыми ынтымақтастық саласын күшейткен зор еңбегі үшін Ломоносов ордені тапсырылды.
Аталмыш шараға белгілі қазақстанның және ресейдің ғалымдары, экономистері қатысты.
Ломоносов орденін 2000 жылы Ресей Федерациясының Қауіпсіздік кеңесі бекіткен. Қауiпсiздiк, қорғаныс және құқықтық тәртiп мәселелерi академиясы жанындағы Ұлттық қоғамдық сыйлықтар комитетi тапсырады. Мемлекеттiк, өндiрiстiк, ғылыми-зерттеу, әлеуметтік, мәдениет, ғылым саласындағы қоғамдық және қайырымдылық қызметінің, әдебиет және өнердегі зор еңбектері үшін марапатталады.
1 жыл бұрын (2009) Шымкентте мүгедек балаларды оңалтуға арналған орталық ашылды.
Жобаның мақсаты психоневрологиялық патологиясы бар мүмкіндігі шектеулі балаларға үйреншікті әлеуметтік ортада тұруға арналған арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсыну болып табылады.
Орталық мүмкіндіктері шектеулі балаларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық және т.б. қызметтерді заңмен қарастырылған жеңілдіктерді алуға қолдау көрсетеді, тағы да орталықтың мамандары отбасыларында мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетеді. Арнайы әлеуметтiк қызмет көрсетуге 10-нан 18-ге дейінгі жас шамасындағы психоневрологиялық патологиясы бар мүмкіндігі шектеулі балалар ғана қабылданады. Балалардың орталықта тұру мерзімі - 1 ай, күніне 4 рет тамақтанады.
Орталық заманауи материалдық-техникалық қондырғылармен жабдықталған, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналған барлық әлеуметтік-психологиялық жағдайлар жасалған. Мұнда емдік шаралар, массаж, физиотерапевтикалық кабинеттер, және де кинезиотерапия, Монтессори, релаксация, эрготерапия, психотерапия, логопед, плантотерапия, ЭВМ, емдік-тренажер, сауықтыру кабинеттері жұмыс істейді.
ЕСІМДЕР
80 жыл бұрын (1930-2005) тіл білімі маманы, филология ғылымының кандидаты, доцент МУСИН Жағыпар Мұсаұлы дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген.
1954-1955 жылдары - Қызылжар қалалық оқытушылар институтының оқытушысы. 1955-1959 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының әдіскері. 1959-1962 жылдары - «Көкшетау правдасы» газетінің әдеби қызметкері. 1962 жылдан бастап Көкшетау педагогикалық институтының (қазіргі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті) аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Ғылыми жұмысының негізгі бағыты - лексика мен түркітануға арналған.
30 жыл бұрын (1980) спорт шебері, Қазақстанның теннистен абсолюттік чемпионы, КЕДРЮК Алексей Александрович дүниеге келді.
Алматы қаласында туған.
2000 жылы Тбилисиде өткен Халықаралық турнирдің, 2003 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы Президенті Кубогының жеңімпазы атанған. Бірнеше рет Қазақстанның теннистен өткен біріншіліктерінің чемпионы болған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі.