«ҚазАқпарат» БАҚ өкілдері арасындағы республикалық турнирде «Бес асықтан» бас жүлдені олжалады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Хан шатыр» ойын-сауық сауда орталығында БАҚ өкілдері арасында «Асық атудан» республикалық турнир өтті.
Ұлттық ойын түрінен өткен спорттық шараға республикалық 8 бұқаралық ақпарат құралының өкілдері қатысты. Тартысты өткен сайыс нәтижесінде қыздар арасындағы «Бес асық» ойынынан «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің қызметкері Саягүл Жарылқасын бас жүлдені жеңіп алды. Ал ерлер арасында өткен «Асық ату» сайысында бірінші орын "Астана телеарнасы" қызметкерлеріне бұйырды.
«Көшпенділердің көне ойыны - «Асық атудың» тарихы үш мың жылдан асып жығылады. Сондықтан да бүгінгі күні де бұл ұлттық ойынның өз өзектілігін жоймауы қуантады. Бұл ойынды барлығы, яғни еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі», - деді «Казконтент» АҚ басқармасының төрағасы, «Асық ату» республикалық қауымдастығының президенті Айдос Қыдырма.
Оның атап өтуінше, бүгінде өзі басқаратын қауымдастықтың еліміз бойынша жетпіске жуық үйірмесі жұмыс істейді.
«Біз жыл соңына дейін «Асық атудан» кемінде тоғыз республикалық және халықаралық турнир ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Астанада бүгінгі өтіп жатқан турнир осы спорт түрін дамытудағы алғашқы қадамымыз болмақ», - деді А.Қыдырма.
Айта кетейік, жарысқа «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» респубилкалық газеттері, «Астана», «Қазақстан» телеарналары, «Бас редакторлар клубы» ҚБ, «Қазконтент» АҚ, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі қызметкерлері қатысты.