«ҚазАқпарат» ХАА акциясына Қазақстан жастары белсенді қолдау білдіруде
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысымен бірге іске асырған әлеуметтік желілердегі аватарға арнайы фрейм орнату акциясы еліміздегі жастар ұйымының зор қолдауына ие болды.
Айта кетсек, Қазақстанда Жастар жылының ашылуына орай, әлеуметтік желілердегі аватарға арнайы фрейм орнату акциясы басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Осылайша, бүгіннен бастап, бұл фреймдерді акцияға қосылуды қалайтын кез келген азамат «ҚазАқпарат» ХАА-ның jastar.inform.kz қосымша сайт-саттелитінен жүктеу үстінде.
«ҚазАқпарат» ХАА мен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының бұл бастамасын еліміздің жас буыны белсенді түрде қолдауда. Мәселен, түстен бері 23 мыңға тарта адам әлеуметтік желілердегі аватарға арнайы фрейм орнатып үлгерген.
Еске сала кетсек, бүгін ЭКСПО-2017 көрме кешеніндегі «Нұр Әлем» павильонында «Тәуелсіздік ұрпақтары» тақырыбында Жастар жылының ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға Мемлекет басшысы, Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы органдар басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар, шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер және т.б. қатысты.