«ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Азия БАҚ-тары лидерлерінің саммитінде сөз сөйледі

САНЬЯ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА-ның бас директоры Асқар Умаров Боао Азия форумы (БАФ) аясында ашылған Азия елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары лидерлерінің саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

«ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Азия БАҚ-тары лидерлерінің саммитінде сөз сөйледі

«БАҚ, атап айтқанда, ақпарат агенттіктері бүгінде жаһанданған әлем жағдайында ақпарат көзі ғана емес, қоғамдық дипломатия құралдарына да айналып отыр. БАҚ-тың басты міндеті - фобия тудыратын сенімді ақпарат тапшылығын барынша азайтып, түрлі мәдениеттердің, өркениеттердің және даму модельдерінің өзара диалог орнатуына көмектесу», - деді ол «Азияның болашақ біріккен қоғамдастығын құрудағы ынтымақтастық пен БАҚ-тар арасындағы байланыс» атты панельдік сессияда.

А. Умаров Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының сабақтастығы, екі ел бұқаралық ақпарат құралдарының өзара ынтымақтастығы және «ҚазАқпарат» ХАА қызметі туралы айтып берді.

Медиасаммит барысында А. Умаров Иран ақпарат агенттігі «ИРНА», Қырғызстанның «Кабар» агенттігі басшылығымен, сондай-ақ Қытайдағы және басқа елдердегі серіктестермен кездесті.

Еске сала кетейік, медиасаммит «Азиядағы БАҚ-тар ынтымақтастығының жаңа дәуірі - сабақтастық пен инновациялық даму» тақырыбына арналды. Оны Боао Азия форумының хатшылығы, Қытай телерадио корпорациясы, Қытайдың жариялы дипломатиялық қауымдастығы ұйымдастырды.
3 

Іс-шараға Азия құрлығындағы 40-тан астам мемлекеттің 140-тан көп БАҚ өкілдері қатысып жатыр. Саммит кезінде: «Азияның болашақ біріккен қоғамдастығын құрудағы ынтымақтастық пен БАҚ-тар арасындағы байланыс»,  «Бір белдеу, бір жол» құрылысы мен халықаралық коммуникациялар үшін жаңа мүмкіндіктер», «Реформалар мен ашықтық саясатына 40 жыл: Қытайдың дамуы мен жаһандық мүмкіндіктері», «Азия мәдениетінің құбылуы: алмасулар мен өзара таным» атты 4 панельдік сессия өтеді.

Боао Азия форумы (БАФ) 8-11 сәуір аралығында ҚХР-дың Хайнань аралында өтіп жатыр. Оған әлемнің барлық елдерінен келген саяси, іскер және ғылыми саланың 2 мыңнан астам өкілдері қатысуда.

10 сәуір күні БАФ-2018 ресми ашылуына ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қатыспақ. 

2