«ҚазАқпарат» ХАА бас директоры «Егемен академиясында» дәріс оқыды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров «Егемен академиясында» дәріс оқыды. «Сапалы ақпарат өндірісі. Трендтер мен міндеттер» тақырыбында өткен дәріске Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің 40-қа жуық студенті қатысты. Әлеуметтік желі қолданушылары да сабақты онлайн қарауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚазАқпарат» ХАА бас директоры «Егемен академиясында» дәріс оқыды

Дәріс барысында агенттік басшысы, қазіргі журналистиканың өзгерістеріне, ақпаратты ұсыну ерекшеліктеріне тоқталып, қоғамдағы таза журналистиканың маңыздылығын атап өтті. Бұдан бөлек, ақпараттық трендтер, заманауи технологияларды пайдалану, сонымен қатар ақпарат ғасырындағы әлеуметтік желімен бәсекеге түсіп жатқан журналистиканың міндеттері туралы келелі әңгіме өрбіді. Сенімді ақпаратқа сұраныс, ақпаратқа тапшылықты болдырмау секілді мәселелерге талдау жасалды. Журналистік этика туралы да әңгіме айтылды.

«Ұтымды жаңалық жариялауда ең алдымен «Зиян тигізбе!» принципі басшылыққа алынуы тиіс. Яғни, қай заманда болмасын журналистің негізгі ұстанымы - қоғамға зиян келтірмеу болуы шарт. Осыны естен шығармайық», - деді Асқар Умаров.
null 

Дәріс сұрақ-жауап форматында өрбіді, студенттер бірқатар сауал қойып, белсенділік танытты.

Еске сала кетейік, «Егемен академиясы» - медиа қызметкерлеріне және студенттерге өз білімін шыңдауға, біліктілігін арттыруға және заманауи трендтермен танысуға мүмкіндік беретін оқу алаңы. Жобаның мақсаты - қазақтілді басылым мамандарының білімін арттырып, салалық журналистикаға бейімдеу, сондай-ақ өзекті тақырыптар төңірегінде талқылау алаңын кеңейту.

null