«ҚазАқпарат» ХАА «Kazakhstan: Wise Power» фотокөрмесін өткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 желтоқсан күні «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында «Kazakhstan: Wise Power» бірегей фотокөрмесі ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фотокөрмеде алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс барысы түсірілген фотосуреттер қойылады.
Фотокөрме неге «Kazakhstan: Wise Power» деп аталады? «Wise power» - даналық қуаты. Бұл - Қазақстанның және оның көшбасшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатына берілген анықтама.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығындағы Қазақстан тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа әлемдік трендтерін жасай отырып, бейбіт даму жолын таңдады.
Қазақстанның бүгінгі жаһандық имиджі бейбіт бастамаларға әрқашан қолдау білдіріп, жан-жақты көмек көрсетуге дайын ел ретінде қалыптасты. Ал Президент Назарбаев ұлтаралық келісімнің бірегей жүйесін жасап, жаһандық саясаттағы дипломатияның кемел, жаңа форматын жүзеге асырып келеді. Бұған қоғамдық сананы жаңғыртудың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жатқызуға болады, өйткені бәсекеге қабілетті Қазақстан халқы күллі әлемге өзінің кемелдігі мен даналығын көрсетіп отыр.
Kazakhstan: Wise Power фотокөрмесінің мақсаты - «ҚазАқпарат» ХАА тілшілерінің және қазақстандық ақпараттық агенттігінің серіктестері Ақорданың баспасөз қызметі, «Анадолы» (Түркия), «АЗЕРТАДЖ» (Әзербайжан), «БелТА» (Беларусь), «The Islamic Republic News Agency» (Иран), УзА (Өзбекстан), «Кабар» (Қырғызстан), «Ховар» (Тәжікстан) және «Укринформ» (Украина) фотокамераларының объективі арқылы жаңа әлемге жаңа Қазақстанның жаңа әлемдегі салиқалы белсенділігін таныту болып отыр.
Көрме Қазақстан Республикасының Ақпарат және байланыс министрлігі, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің ұйымдастыруымен «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының және «BI Group» құрылыс холдингінің атсалысуымен ұйымдастырылуда.
Көрмені желтоқсанның 1-10 аралығында сағат 10: 00-ден 23: 00-ге дейін тамашалауға болады. Кіру тегін.