«ҚазАқпарат» ХАА мен Trend Әзербайжан агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Trend халықаралық ақпарат агенттігі ынтымақтастық туралы жаңа меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бүгін Бакуде «ҚазАқпарат» ХАА мен Trend ХАА арасында ынтымақтастық туралы жаңа меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжатқа бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары қол қойды.

«Біздің үкіметтер, мемлекет басшыларымыз жоспарлаған жобаны есепке ала отырып, екі агенттік арасындағы ынтымақтастық өте қажет деп ойлаймын. Бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстандағы үдерістердің қалай жүріп жатқанын және осыдан Әзербайжанда не қолдануға болатынын қамтуы керек. Және керісінше біздің елде де сондай болуы тиіс», - деді «ҚазАқпарат» ХАА бас редакторы Бибинор Танельбаева қол қою рәсімінде.

Trend ХАА бас редакторы Илаха Мамедлидің сөзінше, ақпарат агенттіктері ұзақ уақыт бойы өзара ақпарат алмасып келеді. Оның пікірінше, жаңа келісім өзара әрекеттестіктің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

«Бұл ынтымақтастық ұзақ мерзімді және тиімді болады деп үміттенемін. Екі ел арасындағы саяси, экономикалық қарым-қатынастың дамып жатқанын ескере отырып, БАҚ арасындағы қатынастың дамуы да өте маңызды және пайдалы деп есептеймін», - деді Илаха Мамедли.

Ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум ақпарат алмасу саласындағы кәсіби ынтымақтасты нығайтады. Құжаттың басты мақсаты - достық қарым-қатынасты орнатып, жемісті ынтымақтастыққа қол жеткізу. 

Соңғы жаңалықтар