«ҚазАқпарат» ХАА шеф-редакторы Ризабек Нүсіпбек «Нұр Отан» партиясының «Отбасымның тарихы» байқауының жеңімпазы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының «Отбасымның тарихы» байқауының жеңімпаздары анықталды. "ҚазАқпарат" халықаралық ақпараттық агентігінің Араб-қытай редакциясының шеф-редакторы Нүсіпбек Ризабек Фейсбуктегі үздік жазбаның авторы болып танылды.

«ҚазАқпарат» ХАА шеф-редакторы Ризабек Нүсіпбек «Нұр Отан» партиясының «Отбасымның тарихы» байқауының жеңімпазы атанды

Қазылар алқасы сондай-ақ Вконтакте желісіндегі үздік жазбаның авторы Ирина Олейник және Инстаграмдағы үздік суреттің авторы оралдық Гордей Тришенков деген қорытындыға келді. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының сайтында жарияланды.

Жеңімпаздар CANON EOS 650D фотоаппаратына ие болмақ.

Айта кетейік, Отбасы күні мен партияның отбасы институты мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған «Бақытты отбасы» жобасы аясында қолға алынған конкурс тамыздың 26-нан бастап қыркүйектің 9-на дейінгі кезеңде өткізілді. Конкурсқа жолданған жазбалар мен суреттер арасынан 60 шығарма қарастырыла келе, әр номинация бойынша 5 автор ақтық кезеңге жіберілді. Қазылар алқасы осылардың арасынан жұмыстарын Фэйсбук, Вконтакте және Инстаграмда жариялаған үш авторды жеңімпаз деп тапты.

Байқау әлеуметтік желілерде қызу қолдауға ие болып, Қазақстанның түрлі қалаларының тұрғындары - түрлі маман иелері, түрлі жастағы адамдар Facebook, VKontakte, Instagram парақшаларында #otbasy хэштегімен жазбаларын жариялады. Қатысушылардың отбасылық тарихы press@nurotan.kz электронды поштасына да келіп түсті. Келіп түскен шығармалар жанрының алуандығы байқауға қызығушылықтың жоғары болғанын көрсетеді. Тақырыпқа қатысты дүниелер эссе, өлең, фоторепортаж, бейнероликтер түрінде жолданды.