«ҚазАқпарат» қызметкері «Kazsport» телеарнасының екі жылдығына орай өткен турнирде жеңімпаз атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазмедиа орталығы» ғимаратында «Kazsport» телеарнасының 2 жылдығына орай БАҚ қызметкерлері арасында үстел теннисінен турнир өткізілді.
Спорт додасында бақ сынаған ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі қызметкері Дәурен Мұхамеджанов бірінші орынды жеңіп алды. Тағы бір әріптесіміз Қанат Мақан үшінші орынды еншіледі. Жеңімпаздарға мадақтама және кубок табысталды. Айта кетейік, осыдан 2 жыл бұрын, яғни 2013 жылдың 1 шілдесінде «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының базасында тәулігіне 21 сағат хабар тарататын мемлекеттік «Kazsport» спорттық телеарнасы іске қосылған еді. Мамандандырылған арна Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ашылған болатын.
«Kazsport» бұл - «Eurosport», «Спорт 1», «Спорт+» және басқа да еуропалық және әлемдік спорттық телеарналардың деңгейінде хабар тарататын Орталық Азия аумағындағы жалғыз спорттық телеарна.