«ҚазАқпарат» қызметкерлері «Ақпарат саласының үздігі» белгісімен марапатталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев ақпарат және байланыс саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«ҚазАқпарат» қызметкерлері «Ақпарат саласының үздігі» белгісімен марапатталды (ФОТО)

«Сіздер билік пен халықтың арасындағы көпір болып есептелесіздер. Қарапайым халық сіздер арқылы өздерінің шешілмей жатқан мәселелерін билікке жеткізіп, шешеді. Сіздер экономикамыздың дамуына үлкен үлес қосасыздар. Өйткені қазіргі даму заманында ең қымбат, ең керек - ол мәлімет. Сіздер мемлекетке оның ішінде үкіметке тез, жылдам керекті мәліметтерді бересіздер. Сол сіздер берген мәліметтерді талдау мен зерттеудің нәтижесінде біздер өзіміздің жоспарымызға өзгерістер енгізіп, еліміздің экономикасының дамуына үлес қосқымыз келеді», - деді Б.Сапарбаев. Үкімет басшысының орынбасары өз сөзінде елімізде «Ақпараттық Қазақстан-2020» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, осы бағдарламаның арқасында еліміздегі ақпараттық жүйе жақсы дамып келеді. «Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингіне сәйкес, Қазақстандағы байланыс саласындағы ақпараттың дамуы алдыңғы қатарда. Оның ішінде ғаламтордың, ұялы байланыстың бағасы жылдан жылға төмендеп келеді. Қазіргі таңда Қазақстан ұялы байланыс тарифі бойынша әлемде 17-ші, ал ғаламтор бойынша 8-ші орындамыз», - деді ол. Осыдан кейін Б.Сапарбаев ақпарат және байланыс саласының қызметкерлеріне «Ақпарат саласының үздігі» белгісін табыс етті. Бұл ретте айта кетерлігі, шара барысында «ҚазАқпараттың» фототілшісі Мұхтар Холдорбеков, Қарағанды облысындағы тілшісі Валентина Елизарова және орыс редакциясының редакторы Жанар Мұхамедиярова ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің қолынан «Ақпарат саласының үздігі» белгісін алды.