«ҚазАқпарат» пен «Татар-информ» ынтымақтастық меморандумына қол қойды

None
None
ҚАЗАН. ҚазАқпарат  - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы Үкіметаралық комиссияның отырысында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен «Татар-информ» ақпарат агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің құжатқа қол қою рәсімі Татарстан астанасындағы Қазан ратушасында өтті. Меморандумға «ҚазАқпарат» ХАА Бас директоры Асқар Умаров пен «Татар-информ» АА Бас директоры Шәміл Садықов қол қойды. 

«Бұл меморандум Татарстан мен Қазақстанның бірлескен жобалары, татар және қазақ диаспораларының өмірі туралы жаңалықтарды жылдам таратуға мүмкіндік береді. Біздің мүдделеріміздің аясы саясат, экономика, ресми хроникамен ғана шектелмейді. Біз қос халықтың тыныс-тіршілігі, республика тұрғындарын толғандырып жүрген мәселелер жайында ақпарат тарататын боламыз», - деп атап өтті Шәміл Садықов.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасын көпке үлгі деді. Татарстанның Ресейдің маңызды өңірі екенін ескерсек, сіздің республикаңыздан келетін ақпарат қазақстандық аудитория үшін өте маңызды»,  - деді Асқар Умаров.

Оның айтуынша, «Татар-информ» АА-мен әріптестікті дамыта келе, «ҚазАқпарат» ХАА қос мемлекет игілігі үшін тағы бір мақсатты, яғни ақпарат алмасуды іске асырып отыр.

«Біз үшін Қазаннан сенімді ақпарат алу, сонымен бірге Астанадан сенімді ақпарат ұсыну өте маңызды», - деп атап өтті Асқар Умаров.

Қос ақпарат агенттігі қол қойған ынтымақтастық туралы меморандум кәсіби ынтымақтастықты нығайту және ақпарат алмасуға бағытталған. Атап айтсақ, тараптар тәжірибе алмасу және кәсібилікті арттыру үшін журналистер және фототілшілермен алмасуды жоспарлап отыр. Ақпарат агенттіктері өз мемлекеттерінің аумағында аккредиттелген журналистер мен фототілшілерге олардың кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде ұйымдастырушылық көмек көрсететін болады.

Еске сала кетейік, осы уақытқа дейін «ҚазАқпарат» ХАА екі ресейлік ақпарат агенттігі - ТАСС және «Башинформ» АА-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Қызмет жылдарында «ҚазАқпарат» ХАА әлемнің 42 ақпарат агенттігімен әріптестік орнатқан. Олардың арасында «Әзертадж» (Әзербайжан), «Анадолы» (Түркия), «Белта» (Беларусь), «IRNA» (Иран), «Кабар» (Қыргызстан), «Yonhap» (Оңтүстік Корея), «ӨзА» (Өзбекстан), «Арменпресс» (Армения), «Ховар» (Тәжікстан) және тағы басқалары бар.


Фото: www.tatar-inform.ru

Соңғы жаңалықтар