«ҚазАқпарат» республикалық «ЗачОт 2013» байқауында жеңімпаз атанды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР білім беру жүйесі туралы ақпарат таратқан БАҚ редакциялары мен авторлар арасында өткен V республикалық «ЗачОт-2013» байқауының қорытындысы шықты.

«ҚазАқпарат» республикалық «ЗачОт 2013» байқауында жеңімпаз атанды

Қазақ және орыс тілдерінде білім беру саласы жайлы жедел ақпарат таратқан «ҚазАқпарат» агенттігі үздік атанды. Сондай-ақ «5 жылдық ЗачОт» аталымында «ҚазАқпарат» ХАА 2009-2013 ж.ж «Білім беру жүйесі туралы жедел хабар тарату» номинациясында дипломға ие болды. Байқауға барлығы 24 автордың 146 жұмысы ұсынылды.

«Биыл «ЗачОт» алғашқы мерейтойын атап өтеді. Байқауды 5-ші жыл ұйымдастырып отырмыз. 2009 жылдан бастап жыл сайын ХБА «ЗачОт» байқауы шеңберінде 20 астам аталым бойынша үздіктерді анықтайды. Осы жылдары 39 автор мен 52 БАҚ, соның ішінде 10 арнаның жұмысы атап өтілді. Соңғы 4 жылда қазылар алқасы 562 жұмысты бағалады және қазақстандық баспасөз клубы жіберген 60 мыңнан астам бет сараптаманы қарады», - деді Халықаралық бизнес академиясының президенті Асылбек Қожахметов.

«ЗачОт» сынын Халықаралық бизнес академиясы ұйымдастырған. Байқау 5 жыл қатарынан Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі мәселелерге қоғам назарын аударып келеді.