«ҚазАқпарат» тілшісі «Болашақ кәсіп мамандары» байқауында үздік деп танылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Кәсіпқор» холдингі «Болашақ кәсіп мамандары» атты БАҚ арасындағы байқаудың жеңімпаздарын марапаттады.
Байқау Қазақстанның барлық салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін кадрларды даярлау мен кәсіби-техникалық білім беру мәселелеріне қоғамның назарын аударту мақсатында ұйымдастырылды.
Комиссия отырысының нәтижесінде Атырау қаласындағы қайта даярлау және біліктілікті арттыруға арналған өңіраралық кәсіби орталықтың, Астана мен Алматыдағы әлемдік деңгейдегі болашақ колледждердің қызметіне арналған байқаудың жеңімпаздарының есімдері анықталды. Осы орайда конкурста «Үздік ТВ материал» аталымы бойынша 1-орынды «24 kz» телеарнасының журналисі Айнұр Қуат иеленді.
«Баспа БАҚ беттеріндегі үздік материал» аталымында бірінші орынға «Айқын» газетінің тілшісі Айхан Шәріп лайық деп танылды.
Ал «Интернет БАҚ беттеріндегі үздік материал» аталымы бойынша 1-орынды «Айналайын» сайтынан Күлшат Хамитова алды. Сонымен қатар «Үздік радио материал» аталымында бірінші орын «1001 кәсіп» бағдарламасының жүргізушісі Мақпал Иманбаеваға тапсырылды.
Бұдан бөлек, «Қазақстандағы техникалық және кәсіби білім берудің қазіргі жағдайы мен техникалық, кәсіби білімді жаңартудағы Холдингтің рөлі туралы» байқауда «Баспа БАҚ беттеріндегі үздік материал» аталымында 1-орынды «Литер» газетінен Ольга Винокурова алды.
«Интернет БАҚ беттеріндегі үздік материал» аталымында бірінші орынды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қанат Тоқабаев иеленді. «Үздік радио материал» аталымында «Қазақ радиосының» журналисі Дәурен Ерболаттың жұмысы жоғары бағаланды.