ҚазАқпарат тілшісі спорт тақырыбындағы байқау жеңімпазы атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Теннис федерациясы ұйымдастырған байқауда ҚазАқпарат тілшісі үздік деп танылды. Байқау қорытындысы аталған федерация сайтында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚазАқпарат тілшісі спорт тақырыбындағы байқау жеңімпазы атанды

Айта кетерлігі, Қазақстан Теннис федерациясы 2020 жылдың 31 желтоқсаны мен 2021 жылдың 17 қаңтары аралығында қазақстандық теннис туралы өткен жылы жарияланған ең қызықты материалдар байқауына өтінім қабылдаған болатын. Байқауға кәсіби тілшілер мен жас журналистер, блогерлер мен теннис жанкүйерлері мәтіндік материалдарын, видеосюджеттерін, фоторепортаждарын жіберген.

Қорытындысында қазақ тіліндегі үздік материал аталымында ҚазАқпарат тілшісі Ғайсағали Сейтақ жеңімпаз болды. Ал орыс тілінде жарық көрген материалдар аталымында inbusiness.kz тілшісі Дмитрий Покидаев үздік деп танылды.

Орыс тіліндегі үздік видео сюжет сыйлығы «Хабар 24» пен «Qazaq TV» тілшісі Марат Тұқатовқа бұйырды.

Үздік фоторепортаж сыйлығы Андрей Ударцевке табысталды.

Байқаудың қалған қатысушыларына әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джоковичтің өмірбаяндық кітабы ынталандыру сыйлығы ретінде берілді.

Фото: facebook.com