«ҚазАқпараттың» төте жазу сайты бізді атажұрт жаңалықтарымен қауыштырды - Бейжің Ұлттар университетінің студенті

 АСТАНА. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат  /Ризабек Нүсіпбек/ - Қазақ ақпарат агенттігінің Қытай мен Иран еліндегі қазақ жұртына арнап А. Байтұрсынұлы  әліпбиімен төте жазу үлгісінде хабар таратып жатқанына бір айдың жүзі болып қалды. Содан беріде шеттегі қандастарымыз түрлі форумдарда осы игі жаңалыққа сүйініштерін білдіріп жатыр. Осындай хаттардың бірін Қытайдағы Қазақ жастары атынан Бейжің Ұлттар университетінің студенті Иманмәди Қайратұлы «ҚазАқпаратқа»  жолдапты.

 «ҚазАқпараттың»  төте жазу сайты бізді атажұрт  жаңалықтарымен қауыштырды - Бейжің  Ұлттар  университетінің   студенті

        «Құрметті Қазақ ақпарат агенттігі!

Өздеріңізге ең алдымен Қытай Халық Республикасының ішкері  Бейжің, Шаңхай секілді  қаларында оқып жатқан қазақ студент жастары атынан үлкен алғысымызды білдіреміз! Біз сіздердің төте жазумен ашқан сайттарыңыз арқылы  ата жұртымыздағы сан алуан жаңалықтарды көру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Қазақ мемлекетінің күнделікті болмысын нақты, жылдам біліп отыруымызға өте қолайлы болды. Бізді қазақ мемлекетінің экономикалық, қоғамдық, халықаралық қарым-қатынастары туралы жаңалықтары қызықтырады», деп жазған қандасымыз өз хатында ішкі Қытайдың дамыған қалаларында білім алып жатқан қазақ жастарының көпшілігі  оқуларын Қазақстанда жалғастырғылары келетінін айтыпты. Соған орай, сырттағы қазақ жастарының Қазақстанға барып оқуына қатысты тың мәліметтер жазылып тұрса деген тілегін де жеткізіпті.

Сондай-ақ Иран радиосының қазақ бағдарламаларының жетекшісі Жапарбай Шадкам мырза да электрондық поштамен жолдаған хатында «ҚазАқпараттың» төте жазу сайтындағы  ақпараттарды  өздерінің  хабарларында  кеңінен   пайдалана бастағандықтарын  айтыпты.

Еске сала кетейік, «ҚазАқпарат» төте жазу үлгісіндегі жаңалықтар сайтын қазан айының 20-сында ғаламторға қосқан болатын.