Қазақстанның ұлттық бренді — апорт алмасы қайта жаңғыртылмақ

АСТАНА. KAZINFORM –  ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет «Garden Day — Aport» атты бақша күнін өткізді. Іс-шара Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» аймақтық филиалының базасында ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі мәлім етті.

Апорт
Фото: Pixabay.com

Оған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, агробизнес өкілдері, Түркия, Польша және Болгариядан келген ғалымдар қатысты.

Апорт
Фото: ҚР АШМ

Президент тапсырмасы бойынша Қазақстанда ұлттық бренд — апортты қайта жаңғырту шаралары қабылданып жатыр.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев „Талғар“ филиалында 5 гектар жерге Алматы апорты мен Қан қызыл апорты сорттарының аналық көшеттері отырғызылғанын хабарлады. Көшеттер апорттың 115 клонынан дәмдік қасиеттері мен ауруға төзімділігіне қарай іріктелген. Сонымен қатар, генетикалық талдау арқылы апортпен үйлесімді Сиверс жабайы алмасы сорттары іріктеліп, тұқымдық бақ салынды», — делінген хабарламада. 

Ескерте кетейік, 2023 жылы Қазақстанда 251,5 мың тонна алма өсірілді, оның 98,5 мың тоннасы импортталған. Өнеркәсіптік бақтарда 194,1 мың тонна алма өсірілді. Тек осы жылдың алғашқы жартысында 94 мың тонна алма импортталған.

Апорт
Фото: ҚР АШМ

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков жеміс-жидек шаруашылығын дамытудың елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, бағбандарды қолдау шаралары туралы айтты.

Іс-шараға қатысушылар жеміс-жидек шаруашылығы саласын дамыту жоспарлары мен перспективалары, атап айтқанда, апортты қайта жаңғырту және сақтау туралы хабардар болды, сондай-ақ өнімнің экологиялық қауіпсіздігін және топырақ құнарлылығын қалпына келтіруді ескере отырып, жеміс-жидек дақылдарын өсірудің перспективалы технологиялары бойынша ғылыми-практикалық ұсыныстар алды.

Соңғы жаңалықтар