Қазақша күрестен IV әлем чемпионаты Минскте өтеді

ТАРАЗ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақша күрестен IV әлем чемпионаты Беларусь астанасы Минск қаласында өтеді, деп хабарлады Қазақстанның қазақша күрес бойынша федерациясының баспасөз қызметінде.
None
None

21-22 желтоқсан күндері Минскідегі «Стайки» олимпиадалық спорт кешенінде және А.Медведь атындағы Күрес сарайында 30 команда қатысатын қазақша күрес бойынша әлем чемпионаты өтеді.

Аға жаттықтырушы Жеңіс Биткөзов бастаған Қазақстан құрама командасы қазіргі уақытта Беларусь еліне келіп жетті және чемпионатқа соңғы дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Федерациядан хабарлағандай, Қазақстан намысын «Eurasia Barysy»-да чемпион атанған спортшылар қорғайды.

Ең жеңіл салмақ дәрежесінде боз кілемге Қазақстан чемпионы - Абзал Арыстанбеков шығады. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде талай жарыстан жүлделі қайтқан Ерлан Естек ел намысын қорғайды. 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Казақстан чемпионы Ерсін Мұхамеджанов таласқа түседі. Әлем кубогының иегері, қазақша күрес бойынша турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионы Мұхит Тұрсынов 90 келі салмақ дәрежесінде жүлдеге таласпақ. «Қазақстан Барысы» атағының қазіргі иегері, Азия чемпионы, Әлем кубогының иегері Айбек Нұғымаров 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өзінің екі дүркін әлем чемпионы атағын қайта қорғамақ.

21 желтоқсанда «Стайки» СК базасында іріктеу сындары өтеді. 22 желтоқсанда А.Медведь атындағы Күрес сарайында финалдық жекпе-жектер өтеді және осы спорт түрінен әлем чемпиондары анықталмақ.

Жарыстардың бас төрешісі - Бақыт Жаңбырбаев, деп хабарлады спорт қауымдастығының баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар