«Қазақша сөйлейтін оқу орны кіммнің мүддесіне қызмет етеді?» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, оңтүстік астанадағы бірнеше ірі кәсіпорындарға қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топтың мүшелерін құрықтау Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Ерлан Тұрғұмбаевтың жетекшілігімен өтті. Арнаулы операцияға ІІМ-нің «Сұңқар» және «Арлан» топтары мен жедел әрекет ету отряды қызметкерлері қатысты. Қарақшылық шабуылмен айналысқан қылмыстық топты тұтқындау іс-шарасы басталмас бұрын бұл үйлердің 162 тұрғыны қауіпсіз жерге орналастырылды. Содан соң қылмыскерлерден өз еріктерімен беріліп, қаруларын тастау талап етілді. Алайда, бұл ұсынысқа мойын бұрмай, қарсылық көрсеткен қарақшыларға қару қолданылып, алты қылмыскердің көзі жойылды. Ал жалға алынған бір бөлмелі пәтерді тінту барысында екі «Калашников» автоматы, бір аңшы мылтығы, екі тапанша, бір револьвер, оқ дәрілер табылды. Мақала «Қарулы қарақшылардың көзі жойылды» деген тақырыппен берілген.
***
Атыраулық элиталық мектептің біріне құқық қорғау органдары тарапынан тексеру жүргізіліп жатыр. Басты себеп, мектепте ел Президентінің беделіне нұқсан келтіретін кітаптар бар. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Қазақша сөйлейтін оқу орны кіммнің мүддесіне қызмет етеді?» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. «Әзірге бізге кітапқа байланысты сараптаманың нәтижесін күту және құқық қорғау органдары мен салаға тиісті құрылымдардың іс-әрекеттерін бағамдау қалып отыр. Бұл мектепте қазір 130 оқушы бар, жылына 37600 доллардан төлеген кезде жылына бес миллион доларға жуық табыстың мектеп салығын төлеп отыр ма екен?» деп жазады басылым.
***
«Өткен жылғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда Астанадағы жалпы бала туу көрсеткіші 8,7 пайызға артыпты. Бұл туралы мәліметтті қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары таратты», - деп жазада «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, шілде айында қалада жалпы саны 1855 бала дүние есігін ашқан. Оның 926-сы ұл, 929-ы қыз бала. 21-і егіз. Алдыңғы аймен салыстырғанда көрсеткіш 100-ден астам балаға артып отыр.
***
«Казахстанская правда» газетінде «Цена на хлеб останется стабильной» деген тақырыппен жарық көрген мақалада Алматы қаласының әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингі, Ұн тартушылар одағы арасында қол қойылған меморандум жайында баяндалған. Қаланың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Альфия Балованың атап өтуінше, меморандумға сәйкес салмағы 650 грамды құрайтын әлеуметтік нан бағасы көтерілмейді әрі бір бөлкесі 60 теңге болады. Ал 1-сұрыпты ұнның 1 келісі 61 теңге тұрады. Сондықтан да Қазақстанның астық өңірлеріндегі құрғақшылыққа қарамастан астық жеткізуде кедергілер болмайды әрі әлеуметтік нан бағасы көтерілмейді.
***
Ал «Литер» басылымында«Дожди запоздалые» деген тақырыппен жарық көрген мақалада тамыз айында Қостанай облысында нөсерлетіп жауған жауын өңірдегі астықтың шығымына оң әсер ете ме деген сауалға жауап іздеуге тырысқан. «Қостанай облысындағы құрғақшылық салдарын бағалауға келген Үкіметтік делегацияның сапарынан тура 1 апта өткен соң өңірде жауын-шашын көбейіп кетті. Мамандардың пікірлері ала-құла», - деп жазады басылым. Мәселен, «Каркен» ЖШС-нің директоры Сайран Буканов бұл жауын-шашының ендігі уақытта егін шығымына түк пайдасы жоқ деп санайды.