«Қазақша Википедиа» жобасындағы мақалалардың саны 117 мыңға жетті

АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Қазақша Википедиа» жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің патронажымен және ел Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қолдауымен жүзеге асырылуда, деп хабарлады «WikiBilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы Pm.kz сайтына берген сұхбатында.

«Қазақша Википедиа» жобасындағы мақалалардың саны 117 мыңға жетті

«Премьер-Министр қазақ тіліндегі контентті дамыту жобаларына өз қолдауын білдірді. Атап айтқанда, «Қазақша Википедиа» жобасын әрі қарай дамыту туралы сөз болып отыр», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Еркін контентті дамыту үшін ыңғайлы құқықтық инфрақұрылым құруға мүмкіндік беретін Creative Commons (CC) лицензияларын насихаттау туралы идея да Үкімет пен Премьер-Министрдің қолдауына ие болып отыр.

«CC лицензияларының негізінде біз Қазақстанның ашық онлайн кітапханасын жасай бастаймыз, сондай-ақ еркін білім видео-порталын құру жобасын да қолға алмақпыз», - деді Р. Кенжеханұлы.

«Қазақша Википедиа» ағымдағы жылдың маусым айынан бастап қолға алынды. Қордың жұмысына қазақстандық жоғары оқу орындары, «Қазақстан энциклопедиясы» редакциясы, сондай-ақ Интернеттегі қазақ тілі контентін дамытуға үлес қосып жүрген еріктілер көмектесуде.

«Википедиа энциклопедиясының қазақ тілді тарауындағы мақалалар саны 10 есеге өсіп, 100 мыңнан асты. Қазақша мақалалар жазатын және өңдейтін ерікті редакторлар саны сәуір айында 4 адам ғана болса, қазір 250 адамға жетті», -дейді жоба жетекшісі.

Осының арқасында қазақ тілі Википедиадағы тілдер рейтингісінде 125-орыннан 38-орынға дейін көтеріліп, мақала саны 100 мыңнан асатын "жетік" деп танылған 40 тілдің қатарына кірді.

Бұл жетістіктер халықаралық вики-қауымдастық тарапынан жоғары баға алды. Тамыздың 4-і мен 7-сі аралығында Израильдің Хайфа қаласында өткен «Wikimania-2011» конференциясының қорытындысы бойынша Қазақстандық «WikiBilim» қоры «2011 жылдың ғаламдық википедиашысы» атағын иеленіп (Global Wikipedian of the Year), Википедианың негізін қалаушы Джимми Уейлстің (Jimmy Wales) арнайы грантын жеңіп алды.

Жобаның негізгі мақсаты - интернеттегі қазақ тілді мазмұнды арттыру, қазақ тіліндегі интеллектуалды ортаны, вики қауымдастықты қалыптастыру.

Интернеттен қазақ тілінде ақпарат іздеген оқырман іздегенін таба алуы қажет.