«Қазақша Википедияға» 136 мыңнан астам мақала орналастырылды
АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің ұйытқы болуымен іске асырылып отырған "Қазақша Википедия" жобасына 136 мыңнан астам мақала орналастырылып, барлық қаралған беттердің саны 5 миллионға жетті, деп хабарлады «Wikibilim» қоғамдық қорынан pm.kz сайтына.
Қордың ақпараты бойынша, бүгінгі таңда қазақша Википедиадағы мақалалардың саны 136 мыңға жетіп, қаралған беттердің саны 5 миллионнан асты. Ерікті негізде мақала жазушы белсенді редакторлардың саны 250 адамды құрап отыр, жоба жаңадан қолға алынған кезде небәрі 4 редактор болатын.
Әлемнің 80-нан астам еліндегі вики-қоғамдастықтардың өкілдері қатысқан «Викимания-2012» халықаралық конференциясында «WikiBilim» жобасы ерекше аталып өтті.
«Конференцияға қатысушылар біздің жобаның дамуына қызығушылық білдірді. Көптеген тілдік бөлімдер үшін бұл аса өзекті мәселе, себебі оларда соңғы жылдары белсенді редакторлардың саны біртіндеп азайып келеді. Сондықтан да, көпшіліктің мойындауынша, Википедиялардың және басқа да вики-жобалардың әрі қарай өсуі мен дамуы көбіне қазақ тіліндегі сияқты тілдік бөлімдердің өсуімен байланысты»,- дейді «WikiBilim» қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы pm.kz сайтына берген сұхбатында.
Қор жетекшісінің айтуынша, «адамзаттың білім қорына еркін қол жеткізу» деген Википедияның жалпы ұраны «ана тіліндегі адамзаттың білім қорына еркін қол жеткізу» деп өзгеріп келеді.
Конференцияда сондай-ақ вики-тұғырнамаларды энциклопедиялық емес мақсаттарда қолданудың мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, американдық білім беру жүйесінде осындай тұғырнамалардың белсенді қолданыла бастағаны мысалға келтірілді.
«WikiBilim» басшысы сондай-ақ, мақалалар санының өсуі емес, оқырмандардың және мақалалар жазып, оларды редакциялайтын белсенді редакторлардың көбеюі маңызды мәселе екенін атап көрсетті. Студенттер мен университет қоғамдастықтарын энциклопедияның әлеуетті авторларына қатарына жатқызған Р.Кенжеханұлы: «Студенттердің рефераттары, курстық және димломдық жұмыстары тек студент пен оқытушының арасында ғана қалып қойып жатады, ал оларды бұқаралық деңгейге шығаруға әбден болады. Бұл бастама студенттің де, оқытушының да жауапкершілігін арттырады. Ал энциклопедия дамудың мол мүмкіндігіне ие болады», - деді.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақша Википедия» Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің ұйытқы болуымен 2011 жылдың маусым айында жүзеге асырыла бастады. «Викимания» (Wikimania-2011) халықаралық конференциясының қорытындысы бойынша «Қазақша Википедия» Жыл Википедиясы (Global Wikipedian - 2011) атанды.