Қазақстан 18 елмен қатар жеңіл атлетикадан Азия кеңесіне қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 16 қараша күні Иордания астанасы Амман қаласында Азия жеңіл атлетика қауымдастығының кеңесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жеңіл атлетика федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.
«Жиында бірқатар мәселелер көтерілетін болады. Оның ішінде келесі жылы өтетін құрлықтық жарыстар да қаралады», - деп атап өтілген хабарламада.
Әзірге 2018 жылғы Азия Гран-приі қайда өтетіні анықталмаған. Жыл сайын бұл Гран-при тұрақты түрде үш кезеңнен өткізіліп тұрады. Жазғы маусымды ашатын үш кезең - 28 сәуір және 2-інші, 5-інші мамыр күндеріне жоспарланған. Алайда қабылдайтын қалалар белгісіз. Бұған дейін бір кезеңін қабылдауға Филиппин жеңіл атлетика федерациясы құлшыныс білдірген еді. Ал қалған екеуін өткізу жөнінде Гонконг пен Макао федерацияларымен келіссөз жүргізілуде.
Одан бөлек наурыз айында өтетін кросстан Азия чемпионаты да қайда ұйымдастырылатыны шешілмеген. Осы кеңесте сондай-ақ 2018 жылы Аргентинада өтетін жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың іріктеу кезеңдерін қашан өткізу керектігі талқыланады.
Айта кетейік, Азия кеңесі жыл сайын екі реттен өтіп тұрады. Былтырғы жылы сары құрлық өкілдері Таиланд астанасы Бангкокта бас қосқан болатын. Кеңеске 18 ел мүше. Оның ішінде Қазақстанда бар.