Қазақстан 20 мамырды Дүниежүзілік метрология күні деп жариялау туралы шешімге бастамашы болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Халықаралық салмақ өлшеу бюросы 20 мамырды Дүниежүзілік метрология күні деп жариялау туралы шешімге бастамашылар болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің 215-сессиясында 20 мамырды Дүниежүзілік метрология күні деп жариялауды мақұлдау туралы шешім қабылданды. Бұл шешім Кеңестің күн тәртібіне Қазақстан мен Халықаралық салмақ өлшеу бюросы бастамасымен енгізілді.
Атқарушы кеңес бұл тармақты жыл сайын 20 мамырда Дүниежүзілік метрология күні деп жариялауды жоспарлап отырған Бас конференцияның 42-ші сессиясының күн тәртібіне енгізуді ұсынды.
Отырыста ЮНЕСКО жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігі Атқарушы кеңестің мүшелеріне қазақстандық ұсынысты қолдағаны үшін алғысын білдіріп, әлемдік метрологиялық қоғамдастық метрология саласында әлеуетті құрудың халықаралық үйлестірілген бағдарламалары бойынша ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықты жалғастыратынын атап өтті.
1999 жылы Халықаралық салмақ өлшеу комитеті 20 мамырды Дүниежүзілік метрология күні ретінде атап өтуге шешім қабылдады, ал Дүниежүзілік метрология күнінің алғашқы мерекесі 2000 жылы өтті. Содан бері жыл сайын Халықаралық салмақ өлшеу бюросы және бүкіл әлемдегі ұлттық метрологиялық институттар мен аймақтық метрологиялық ұйымдардың қатысуымен Халықаралық заңнамалық метрология ұйымы Дүниежүзілік метрология күнін ұйымдастырады және атап өтеді.
Фото: metrologi.madpo.ru