Қазақстан 2011 жылы транзиттік жүктен 1 млрд. долларға жуық табыс тапты - ҚР ККМ жауапты хатшысы
АЛМАТЫ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі 2014 жылға дейін 23 млрд. доллардың 61 инфрақұрылымдық жобасын жүзеге асырады.
Бұл туралы аталған министрліктің жауапты хатшысы Жеңіс Қасымбек бүгін Алматыда өз жұмысын аяқтаған Халықаралық сауда, саудаға жәрдемдесу және саудаға көмек мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жаһандық тақырыптық кездесуінде айтты.
«Көлік инфрақұрылымын дамыту өте салмақты үлкен жұмыс. Оған біздің экспорттық өнімдеріміздің ақырғы бағасы байланысты. Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы тауар мен коммуникация ағынының ортасында тұрғандықтан көлік тасымалының зор әлеуетіне ие. Біздің экономикалық саястымыздың негізгі міндеті осы әлеуетті жүзеге асыру. Қазір осы мақсатта автомобиль, темір жол мен әуе жолы бағыттарында транзиттік дамыған желі құрылып отыр», - деді Ж. Қасымбек.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда ел аумағы арқылы 5 жер, 4 халықаралық әуе дәлізі өтеді. Өткен жылы республика транзиттік жүктен 1 миллиард долларға жуық табыс тапты. Бұл елдің нақты әлеуетінен айтарлықтай көлемде аз. Сондықтан 2014 жылға дейінгі көлік инфрақұрлымын дамыту бағдарламасы бойынша жаңадан 1600 шақырымнан астам темір жол салынып, 20 мың шақырымдай автомобиль жолы және әуежайлар қайта құрылады.