Қазақстан 2016 жылы жиналған астықтың 8,5 млн тоннасын экспортқа бағыттайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 2016 жылы жиналған астықтың 8,5 млн тоннасын экспортқа бағыттауды жоспарлауда. Бұл туралы «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Қашқымбаев мәлім етті.
Оның сөзінше, Орталық Азияның дәстүрлі нарықтарына 4,2 млн тонна, Ауғанстан - 1,8 млн. тонна, Иран - 500 мың тонна, Әзербайжан мен Грузия - 200 мың тонна, Ресей - 900 мың тонна, Қытай - 500 мың тонна және әлемдік нарықтарға шамамен - 400 мың тонна бағытталады.
«Астықтың жоспарлы көлемі бізге ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетімізді жоғары деңгейде сақтап тұруға мүмкіндік береді», - деді ол Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифингте.
Еске сала кетейік, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда астықтың жалпы көлемі 22 млн. тоннаны құрайды деп болжауда.