Қазақстан 2026 жылы 20-ға жуық халықаралық жарысты қабылдайды
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы Қазақстан әлемдік және құрлықтық деңгейдегі 20-ға жуық ірі халықаралық спорттық жарысты өткізеді.
Халықаралық спорттық іс-шаралар Астана, Алматы және Түркістан қалаларында ұйымдастырылып, олимпиадалық, паралимпиадалық және инновациялық спорт түрлерін қамтиды.
«2026 жылы еліміз халықаралық спорт күнтізбесіндегі маңызды орталықтардың біріне айналады. Жылдың басты жарыстарының қатарында дзюдодан Гранд-слам, стенд атудан ISSF Әлем кубогы, пара каноэден Азия чемпионаты, боччадан Әлем кубогы, каратэден Азия чемпионаты және таеквондодан (WT) Финалдық Гран-при бар», – делінген хабарламада.
Ірі жарыстардың бірі – 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирі болмақ. Бұл жоба дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін фиджитал спорт түрлерін дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ жыл бойы елімізде велотректен Silk Way Series және Astana Open Series халықаралық жарыстары, жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосанов мемориалы, джиу-джитсудан Азия чемпионаты, үстел теннисінен Қазақстан Республикасы Президентінің Ашық кубогы, мәнерлеп сырғанаудан Denis Ten Memorial Challenge Series турнирі және басқа да беделді додалар ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, Астанада жүзуден Әлем кубогының кезеңі, голболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты және параспорт бағытындағы бірнеше халықаралық турнир өтеді.
Халықаралық жарыстарды өткізу елдің спорттық беделін арттырумен қатар, спорттық туризмді дамытуға, инвестиция тартуға және спорт инфрақұрылымын жетілдіруге мүмкіндік береді.
«2027 жыл да Қазақстан спорты үшін ерекше маңызды болмақ. Келер жылы елімізде 7 әлем чемпионаты, 2 Азия чемпионаты және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы футзалдан Еуропа чемпионатын өткізу жоспарланып отыр», – деп атап өтілді ақпаратта.
Биыл тамыз айында Астанада боччадан әлемдік рейтингтік турнир – Astana 2026 World Boccia Cup өтеді.
Айта кетейік, Артем Кучин Қазақстандағы ҚФФ Төрелік конвенциясының үйлестірушісі болып тағайындалды.