Қазақстан 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа қуаттарды іске қоспақ

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтайда Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комитеттің энергетика саласын дамыту мәселелері қаралған отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясындағы энергетика саласын дамыту мәселелері талқыланды.

п
Фото: Энергетика министрлігі

Отырысқа қатысқан Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов электр энергетикасы саласының қазіргі жағдайы, жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосу жоспарлары, сондай-ақ жаңартылатын және көмір энергетикасын дамытудың негізгі бағыттары туралы баяндама жасады.

Құрылтайда Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комитеттің энергетика саласын дамыту мәселелері қаралған отырысы өтті
Фото: Талғат Таныбаев

— Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында 2029 жылдың соңына дейін Қазақстанда 13,3 ГВт жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде 7,4 ГВт базалық генерацияға тиесілі. Жоспарланған жобаларды іске асыру халық пен экономиканың электр энергиясына деген болжамды қажеттілігін өтеуге, жасанды интеллект инфрақұрылымы мен ірі деректерді өңдеу орталықтарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ генерациялаушы қуаттардың 20 пайыздық профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

а
Фото: Талғат Таныбаев

2027 жылы жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосу есебінен электр энергиясының күтілетін профициті 1,3 млрд кВт·сағ құрайды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2035 жылға дейінгі Энергетикалық теңгерімді өзектендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да ерекше назар аударылды. Бүгінде электр энергиясын өндірудегі ЖЭК үлесі 8,5%-ға жетті. Басым бағыттардың бірі — күн энергетикасын дамыту. Қазіргі уақытта жалпы қуаты 900 МВт болатын ірі күн электр станциялары жобаларының пулы қалыптастырылды.

Құрылтайда Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комитеттің энергетика саласын дамыту мәселелері қаралған отырысы өтті
Фото: Талғат Таныбаев

Жалпы, 2035 жылдың соңына дейін кемінде 8,4 ГВт жаңа ЖЭК қуаттарын, оның ішінде шамамен 1,8 ГВт күн генерациясын іске қосу жоспарланып отыр.

Тағы бір стратегиялық бағыт — «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын іске асыру. Оның аясында шамамен 7,8 ГВт қуатты іске қосу және жаңарту көзделген. Атап айтқанда, сегіз жаңа станция салу және қолданыстағы 11 энергия көзін жаңғырту жоспарланып отыр.

Осы шараларды іске асыру генерациялаушы қуаттарды дамытуға, энергетикалық теңгерімді әртараптандыруға, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және елді ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясымен сенімді қамтамасыз етуге негіз болады.