Қазақстан 2030 жылға қарай кәсіби шеберлік пен шығармашылық өсудің жетекші халықаралық мектебіне айналуы тиіс - А.Мұхамедиұлы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 2030 жылға қарай кәсіби шеберлік пен шығармашылық өсудің жетекші халықаралық мектебіне айналуы тиіс. Бұл туралы бүгін театр, өнер қызметі және киноөндіріс бойынша көркемдік кеңестердің алғашқы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.
Оның атап өтуінше, шығармашылық ұйымдардың репертуралық саяси мәселелерін шешу, ол жөнінде ұсыныс енгізу, мәдени мекемелердің шығармашылық көрмелерін, шығармашылық ұжымдардың репертуарлық жоспарларын қарау, гастрольдік қызметті қалыптастыру сынды шаралар бойынша жұмыстар қолға алынған.
«Қала мен ауыл халқының театр өнеріне теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету, сонымен ірге қазақстандық үздік қойылымдарды халықаралық театр кеңістігіне ілгерілету мақсатында гастрольдік және фестивальдық қызметті ұйымдастыру тәсілі қажет. 2030 жылға қарай еліміз кәсіби шеберлік пен шығармашылық өсудің жетекші халықаралық мектебіне айналуы тиіс»,- деді А.Мұхамедиұлы.
Кеңес отырысы барысында шығармашылық зиялы қауым өкілдері репертуарды, гастрольдік қызметті қалыптастыру, кадр саясаты мәселелерін шешуге бағытталған шоғырландырылған тұғырнамасы бар мәдени саясатты іске асыру, сондай-ақ облыстық театрлар мен музыка ұйымдарының кадр саясаты мәселелерін шешу жолдарын талқылады.