Қазақстан 2,3 млн тонна астық экспорттады: Қытай мен Ауғанстанға жеткізілім күрт өсті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық астыққа шетел сұранысы артып келеді. 2026 жылдың қыркүйек–қазан айларында ел 2,26 млн тонна жаңа өнім астығын экспорттап, өткен жылғы көрсеткіштен 2%-ға асып түсті. Әсіресе Қытай мен Ауғанстанға жеткізілім күрт өскен. Ал қазақстандық бидай экспорты тоғыз айда 6,1 млн тоннаға жетті. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қыркүйек - қазан аралығында шетелге 2 млн 262 мың тонна астық жөнелтілді. Бұл өткен маусымның сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2%-ға жоғары.
АШм мәліметінше былтыр аталған мерзімде 2 млн 219 мың тонна астық экспортталған екен.
Экспорт көлемінің өсімі қалыптасқан өткізу нарықтарында да, жаңа бағыттарда да байқалады.
Мәселен, дәстүрлі экспорт нарықтарына астық жеткізу көлемі 1,2%-ға артып, 1 млн 430 мың тоннаны құрады. Атап айтқанда, Өзбекстанға жөнелтілген астық көлемі 1,3%-ға өсіп, 1 млн 63 мың тоннаға, Тәжікстанға жеткізілім 19%-ға артып, 351 мың тоннаға жетті.
Қытай мен Ауғанстан бағыттарында да айтарлықтай қарқын тіркелді. Қытайға астық экспорты 2,6 есеге артып, 145 мың тоннадан 373 мың тоннаға дейін, ал Ауғанстанға жеткізілім 1,9 есеге өсіп, 104 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін ұлғайды.
Қазақстандық бидай экспорты бойынша да өсім сақталып отыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында бидай экспортының көлемі 6,1 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға артты (5,3 млн тонна).
Қазақстандық бидайдың негізгі сатып алушылары қатарында Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан бар. Өзбекстанға экспорт 49%-ға өсіп, 3,8 млн тоннаны, Тәжікстанға жеткізілім 13,6%-ға артып, 1 млн тоннаны құрады. Ал Ауғанстанға бидай экспорты 3,4 есеге ұлғайып, 663 мың тоннаға жеткен.
Сонымен қатар қазақстандық бидай экспортталатын елдердің аумағы да кеңейіп келеді. Туниске 23,3 мың тонна, Францияға 6 мың тонна бидай жөнелтілді. Иранға экспорт көлемінің де едәуір өскені байқалады. Бұл елге жеткізілген бидай көлемі 67 мың тоннаны құрады.
Астық экспортының ұлғаюы қазақстандық астыққа деген тұрақты сұранысты және отандық өнімнің халықаралық нарықтардағы позициясының нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Айта кетейік, биылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша Қазақстанда 24,3 млн тонна астық жиналды. Бұл — соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы уақыт аралығында мұндай нәтижеден жоғары көрсеткіш тек екі рет тіркелген.