Қазақстан 236,9 млн доллардың балаларға арналған заттарын импорттады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың қаңтарынан бастап үстіміздені жылдың наурызына дейін Қазақстан 236,9 млн доллардың балаларға арналған ойыншықтары, жаялықтары, жөргектері, төсектер мен арбаларын импорттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан 236,9 млн доллардың балаларға арналған заттарын импорттады

ҚазАқпараттың ресми сауалына орай берілген еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің жауабында өткен жылы 71 млн долларға шетелден үшаяқты велесипедтер, кикскутерлер, педальді автомобильдер, қуыршаққа арналған арбалар, қуыршақтар және басқа да ойыншықтар сатып алынғандығы айтылған.  Импорттың басым бөлігі Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдердің үлесіне тиесілі. Балаларға арналған тауарлардың 55 проценті алыс шетелдерден, оның ішінде 52 проценті Қытайдан, ал 45 проценті ЕАЭО елдерінен импортталған.

Үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз аяғында елімізде 14,8 млн доллардың ойыншықтары жеткізілді. Бұл ретте импортталған өнімнің негізі үлесі, атап айтқанда 52 проценті ЕАЭО елдеріне тиесілі болды.  Оның ішінде 49 проценті Ресейден, 48 проценті алыс шет елдерден жеткізілген.

Жыл басынан бері Қазақстанға 119,5 млн доллардың жөргектері мен жаялықтары әкелінді. Импорттың басым бөлігі Ресейдің еншісінде. Шамамен тауардың 20 проценті Венгрия мен Польшадан импортталған.

2016 жылы 18,7 млн долларға 120 мың дана балалар төсегі елімізге әкелінсе, оның басым бөлігін, атап айтқанда 35,4 пайызын Ресей, 29,2 процентін Беларусь және 10,3 процентін Италия өнімдері құрап отыр. Осы жылдың ішінде ғана Ресей, Беларусь және Италиядан 3,9 млн доллардың 22,7 мың дана төсегі жеткізілді.

Мұнан бөлек, 2016 жылы Қытай (58,9 процент), Ресей (19,3) және Польшадан (15,8) 6,6 млн. долларға 214 мың балалар арбасы әкелінді. Ал осы жылдың басынан бері 2,4 млн долларға тағы да 76 мың арба импортталды. Бұл ретте елімізге жеткізілетін өнімнің басым бөлігі Қытайдан (66,1%), Польшадан (20,1%) және Ресейден  (11,6%) сатып алынған.