Қазақстан 28 елдің студенттеріне шәкіртақы, ғалымдарына грант беруге дайын
БАКУ. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК VII саммитінде 28 елдің студенттері мен ғалымдарына қолдау көрсетуді ұсынды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
— Бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын ұлы философ әрі ғалым әл-Фараби қоғамның қуаты оның халқының білімі мен адамгершілік қасиеттерінде екенін айтқан. Сондықтан Ұйымға мүше мемлекеттерді АӨСШК-нің адами капитал саласындағы әріптестік орнатуға шақырамын. Мақсат — жас ұрпақты технологиялық, экономикалық және геосаяси жаңғырулар екпінімен сәт сайын өзгеріп жатқан әлемге бейімдеу. Біз осы маңызды мәселені шешуге үлес қосу үшін сарапшылық тәжірибемізді, маңдайалды университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының әлеуетін ұсынуға дайынбыз. Келесі жылы қауіпсіздік пен сенімді нығайту саласындағы ғылыми зерттеуге арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылуы ықтимал. Қазақстан Ұйымға мүше 28 мемлекеттің студенттеріне шәкіртақы ұсынуға, сондай-ақ ғалымдарға зерттеу гранттарын беруге әзір, — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сөз соңында Әзербайжанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығын табысты жалғастыруына тілектес екенін жеткізді.
Сондай-ақ бүгін қабылданған Баку декларациясы алдағы жұмысқа берік негіз қалайтынына сенім білдірді.
Бұған дейін Тоқаев превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынды.