Қазақстан 3 айда 17,2 млрд текше метр газ өндірген

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында елдегі газ өндірісінің ахуалын баяндады.

Газ мамандары күзгі-жысқы жылыту маусымының сәтті өтуін қамтамасыз етті
Фото: QazaqGaz

— 2024 жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру 59 млрд текше метрге жеткен. 2025 жылға арналған өндіру жоспары — 62,8 млрд текше метр. 2025 жылдың I тоқсанында газ өндіру 17,2 млрд текше метр болды, — деді министр.

Оның айтуына қарағанда газ өндірудің негізгі өсімін Қарашығанақ, Теңіз және Қашаған сияқты ірі кен орындары есебінен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

— 2024 жылы тауарлық газ өндіру көлемі 28,7 млрд текше метр болды. 2025 жылға арналған өндіріс жоспары — 29,4 млрд текше метр. 2025 жылдың I тоқсанында 7,3 млрд текше метр өндірілді. 2024 жылы ішкі нарықтың қажеттіліктеріне 21,2 млрд текше метр газ жеткізілді. 2025 жылға арналған болжамды тұтыну көлемі шамамен 21,3 млрд текше метр болмақ. 2024 жылы сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 1,7 млн тоннаға жетті. 2025 жылға арналған жоспар — 1,7 млн тонна, — деді ол.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуін Үкіметтің өрескел олқылығы ретінде бағалаған еді. 

Соңғы жаңалықтар