Қазақстан 32 мемлекетпен және Еуропалық Одақпен балалар алиментін өндіріп алу бойынша ынтымақтасатын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 32 мемлекетпен және Еуропалық Одақпен балалар алиментін өндіріп алу бойынша ынтымақтасатын болады. Бұл туралы бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Онда депутаттар «Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын талқылаған болатын.
None
None

Конвенцияның мақсаты - балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың тиімді халықаралық тәртібін қамтамасыз ету, атап айтқанда Уағдаласушы мемлекеттердің органдары арасында өзара іс-қимылдың әмбебап жүйесін орнату болып табылады. Бұдан бөлек, құжат аясында алименттер туралы шешімдерге қатысты берілетін өтініштердің қолжетімділігі қамтылып, алименттер туралы шешімдерді дереу мәжбүрлеп орындату үшін тиімді шараларды айқындау көзделеді.

Әділет вице-министрі Эльвира Азимованың айтуынша, Қазақстан балалар құқын қорғауды басым бағыттардың бірі ретінде айқындаған. Сондықтан да, конвенцияны ратификациялау елімізде жүзеге асып жатқан саясатқа сәйкес келеді. «Заң жобасын қабылдау арқылы біз алименттерді өндіріп алу бойынша 32 мемлекетпен және Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты арттыратын боламыз. Сонымен қатар, құжатты қабылдау Конституцияға да, заңнамаларға да қайшы емес», - деді вице-министр.

Тұтастай алғанда, Конвенция нормалары 21 жасқа дейінгі бала - ата-ана арасындағы қатынастардан туындайтын алименттік міндеттемелерге, сондай-ақ, жұбайын күтіп-бағу туралы шешімді тануға және орындатуға қатысты қолданылады.

Бұдан бөлек, кез келген Уағдаласушы мемлекет 18 жасқа толмаған адамдарға Конвенцияның қолданылу аясын шектеу құқығын өзіне қалдыра алады. Осындай ескертуді жасаған Уағдаласушы мемлекеттің көрсетілген ескертумен жасы алып тасталған адамдарға Конвенцияның қолданылуын талап етуге құқығы болмайды.

Заң жобасы палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылатын болады.

Соңғы жаңалықтар