Қазақстан 36 мемлекетке балық өнімдерін экспорттайды
«Біздің еліміз өзінің бай әрі бірегей табиғатының арқасында айтарлықтай қуатты балық шаруашылығы қорына ие. Бұл бағытта экспорттық потенциал жоғары. Еліміздің балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құрады. Оның құрылымы келесідей: балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру – 7,4 мыңға жуық тонна, экспорт – 30 мың тонна, импорт – 43,5 мың тонна», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Министр балық өнімдерінің экспорты туралы айта келе, Қазақстан негізінен балықтың жон етін, кептіріліп-ысталған өнімдерді және балықтың тоңазытылған етін экспорттайтынын мәлім етті.
«Қазақстан мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар – майшабақ, скумбрия, асшаян, мидия және тағы басқалары. Импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық жағалауы елдеріне тиесілі.
Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын таяу және алыс шетелдің 36 еліне шамамен 60 млн АҚШ доллары сомасына 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды. Негізінен біз балықтың жон етін, кептіріліп-ысталған өнімдерді және балықтың тоңазытылған етін экспорттаймыз. Мысалы, көксеркенің жон еті Еуропалық одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып саналады. Ал кептіріліп-ысталған өнімдер Ресей, Украина, Литва, Қытай және басқа елдерге экспортталады», - дейді ол.