Қазақстан 3G-ден бас тартса, ескі телефондар жарамсыз бола ма
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G желісінен толық бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл шешім барлық ескі телефонды бірдей жарамсыз етпейді: 4G/LTE қолдамайтын құрылғылар мобильді интернетке қосыла алмайды. Ал қоңырау шалу мен SMS қызметі оператордың 2G желісін сақтауына және VoLTE технологиясын қолдануына байланысты болады.
3G өшкенде қандай телефондар байланыссыз қалады?
Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында Қазақстан 2027 жылдың соңына қарай 3G технологиясынан толық бас тартатынын мәлімдеді. Босайтын радиожиіліктер 4G желісінің қуатын арттыруға бағытталмақ.
Қарапайым абонентке мұның қандай қатысы бар? Егер құрылғы тек 3G желісімен жұмыс істесе, желі толық тоқтағаннан кейін мобильді интернетке қосыла алмайды. Ал 4G/LTE қолдайтын телефон мен сәйкес SIM-карта иелерінің басым бөлігі бұл өзгерісті байқамауы да мүмкін.
Қоңырау шалу мен SMS қызметінің жұмысы бөлек мәселе. Ол оператордың 2G желісін сақтауына және VoLTE технологиясын қолдануына байланысты. Үкімет жариялаған жоспарда 2G желісін толық тоқтату туралы мәлімет жоқ. Сондықтан 3G-дің өшуі барлық ескі телефон бірден қоңырау шала алмай қалады дегенді білдірмейді.
Ескі телефонды қазірден ауыстыруға асықпай, алдымен құрылғының LTE қолдайтынын және SIM-картаның осы желіде жұмыс істейтінін тексерген жөн. Дегенмен шешім нақты қабылданса, ұялы байланыс пен ұялы интернетсіз қалудың тәуекелін операторға жүгініп білген дұрыс.
Мұндай өзгеріс Қазақстанда басталып та кетті. Beeline 2026 жылғы 10 ақпаннан бастап 3G желісін кезең-кезеңімен өшіріп жатқанын хабарлаған. Компания 4G қолдайтын құрылғы мен заманауи SIM-картасы бар абоненттерге айтарлықтай өзгеріс болмайтынын, ескі SIM-картаны кеңселерінде тегін ауыстыруға болатынын жазды.
Tele2 2025 жылы Рудный мен Қостанай облысындағы бірнеше ауылда 3G желісін өшірген. Оператор 4G қолдамайтын телефон немесе SIM-карта болса, мобильді интернет жұмыс істемейтінін ескерткен.
3G-ден бас тарту не үшін қажет?
Үкіметтің жоспары бойынша, ескі желіге бөлінген жиіліктер LTE стандартына қайта бағытталып, базалық стансалардың өткізу қабілеті артуы мүмкін. Бұл мобильді интернеттің жылдамдығы мен тұрақтылығын жақсартуға мүмкіндік береді. Бірақ жиілікті қайта бөлу шалғай ауылдағы байланысты автоматты түрде жақсартпайды. Ол үшін жаңа базалық стансалар, талшықты желі, электр қуаты және тиісті инфрақұрылым қажет.
— Бұл операторларға мобильді байланыс желісін тезірек кеңейтуге мүмкіндік береді. Алдағы міндет — республикалық жəне облыстық маңызы бар жолдардың 40 мың шақырымын мобильді байланыспен қамту. Ол үшін антенна орнатылатын 500-ден астам мұнара салу қажет. Əзірге құрылыс баяу жүріп жатыр. Жобаның инвесторы «Транстелеком» құрылысты жеделдетіп, нысандарды 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беруі тиіс, — деді Жаслан Мәдиев.
Жаслан Мәдиевтің дерегінше, қазір ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет бар. 2027 жылдың соңына дейін 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы керек. Нәтижесінде елдегі ауылдардың 92 пайызында мобильді интернет болады деген сөз.
Министрлік келтірген тағы бір көрсеткіш бойынша, елдегі 6 060 ауылдың 3 704-іне 2026 жылдың соңына дейін оптикалық желі тартылу керек. Бұл — ауылдардың шамамен 61 пайызы. 2027 жылы тағы 1 863 ауылды талшықты желіге қосу жоспарланған. Қалған 8 пайызына спутниктік байланыс жеткізу көзделген.
Ауылдардағы байланыс сапасы қашан жақсарады?
Үкіметтің есебінде 2024-2025 жылдары байланыс сапасы нашар 1 052 аумақ анықталған. Соның 213-інде мәселе әлі шешілмеген. Бұған қоса, 2026 жылғы жоспарлы тексерулер тағы 289 проблемалы аумақты тауып, 70-інде байланыс сапасын жақсартқан.
2027 жылдың қаңтарынан бастап барлық ауылда мобильді байланыс сапасын тексеру жоспарланған. Үкіметтің тапсырмасы бойынша, проблемалы аумақты бақылаудан шығару үшін қайта өлшеу кезінде байланыстың тұрақты екені расталу керек.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, 2026 жылдың аяғына дейін телекоммуникация саласына кемінде 500 млрд теңге инвестиция салыну керек болған. Соңғы үш жылдағы жиынтық инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асқан. Ал осы үш жылда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 73,6 мегабиттен 93,4 мегабитке дейін өскен.
3G өшеді, тариф өседі
Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде үш ірі оператордың басшылары тариф саясатына қатысты мәлімдеме жасады. Beeline тарифтердің орта есеппен 10 пайыз, Kcell мен Activ-те орташа өсім 10-12 пайыз болатыны айтылды. Tele2 Altel кейбір тарифтердің 10-15 пайыз аралығындағы өсетінін айтты.
Мысалы, Kcell брендімен жұмыс істейтін activ-тің ресми сайтында кейбір отбасылық тарифтердің жаңа бағасы қанша болатыны нақты көрсетілген.
Министр Жаслан Мәдиев Қазақстандағы мобильді байланыстың орташа тарифін айына шамамен 10 доллар, әлемдік орташа көрсеткіш 27 доллар деген уәж айтып жүр.
Finprom ресурсының сараптамасында Қазақстандағы мобильді интернеттің бағасы салыстырмалы түрде қол жетерлік екені айтылған. Нақты айтсақ, бір гигабайт деректің орташа бағасы 0,3 доллар, ал әлемдік орташа көрсеткіш 1,23 доллар деп берілген.
Сол зерттеуде Қазақстанда бір абонентке шаққандағы айлық трафик 23,6 гигабайтқа, ал әлемдік салыстырмалы көрсеткіш 15,3 гигабайтқа жеткені жазылған. Яғни Қазақстанда мобильді интернетті пайдалану көлемі тым жоғары.
Операторлар осы деректі алға тартып, трафик көлемі артқан сайын желіні жаңартып, инфрақұрылымды жетілдіруге көбірек шығынданып жатқандарын айтып жүр. Оның сыртында инфляция, коммуналдық қызметтің қымбаттауы, салықтың артуы исяқты баршаға ортақ шығындар және бар.
Finprom дерегі бойынша, 2020 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін мобильді тарифтердің атаулы бағасы 58,4 пайыз өскен. Ал инфляция 86,8 пайыз болған.