Қазақстан 41 елмен автомобиль байланысы бойынша келісім жасады - ИДМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісі Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялауды мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның географиялық орналасуын ескере отырып, еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мен Орталық Азиядағы ірі логистикалық хаб құру мақсатында жүк ағымын тарту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі күні 41 шет мемлекетпен автомобиль байланысын жандандыру жөніндегі келісім бекітілді және бұл жұмыс одан ары жалғасуда», - деді Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырған еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, 2016 жылы автокөлікпен жүк тасымалдау Қазақстан мен Әзербайжан арасында 16 пайызға артып, 6,2 мың тоннаны құраған.
«Сіздердің назарларыңызға ұсынылған келісімде екі ел арасында автокөлік тасымалдарын жүзеге асырудың құқықтық нормалары белгіленген. Авто тасымалдау түрлері мен рұқсат формаларын алмастыру квоталарын белгілеу тәртібі реттелген. Бұл келісімнің жүзеге асырылуы екі ел арасындағы автокөлік тасымалын одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Әзербайжанның сауда-экономикалық ынтымақтастығына ықпал етеді деп сенеміз. Келісімді ратификациялау бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді», - деді ол.
Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын талқылағаннан кейін бірауыздан мақұлдады.