Қазақстан 7 айда 37,5 млрд доллардың шикізат емес тауарын экспорттаған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның экспорттаушылары 7 айдың ішінде 37,5 млрд доллардың шикізат емес тауарын экспорттаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Экспортты ілгерілету департаментінің директоры Өмірбек Баштай мәлім етті.

«Сыртқы нарыққа шикізат емес тауарлардың экспортын ілгерілету еліміз үшін басым бағыт болып есептеледі. Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына 2025 жылға дейін шикізат емес тауарлар мен қызметтердің экспорт көлемін 41 млрд долларға жеткізу міндетін қойып отыр.

Ол үшін тұтас экожүйе қалыптастырылған. Қаржылай да, қаржылай емес те тетіктер қарастырылған. Қазақстан экспортының әлемдік нарықта ілгерілеуі туралы айтсақ, көрсеткіштеріміз өте жақсы. 7 айдың қорытындысы бойынша шикізат емес тауар айналымы 37,5 млрд доллар болды. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 21 пайыз жоғары. Мұндай өсім сақталса, межеленген көрсеткішті асыра орындауға болады. Яғни, жақсы қарқынмен келе жатырмыз. Қойылған міндетті орындауымыз керек», - деді ол экспортаушыларды оқыту бағдарламасының таныстырылымында.

Айтуынша, кейінгі жылдары Қазақстанның шикізат емес тауар экспорттау картасы кеңейген.

«Сондай-ақ, экспорттың бағдары өзгергенін көріп отырмыз. Бұрын негізінен іргелес елдерге өткізетін болсақ, бүгінде шалғай шетелге де шығып жатырмыз. Ол үшін бүкіл жағдай жасалған.

2020 жылы Сауда министрлігі «QazTrade» акицонерлік қоғамымен бірге «Экспорттық акселерация» бағдарламасын іске қостық. Екі жылдың қорытындысы бойынша, осы бағдарлама арқылы жасалған экспорттың көлемі 150 млн доллар болды. Оқытуға 3,6 млн доллар жұмсасақ, қайтарымы қандай болғанын көруге болады.

Бізде экспорт шығынының бір бөлігін өтеп беруге бағытталған дағдарысқа қарсы бағдарлама бар. Қазіргі геосаяси проблемаларға байланысты бұл тетікті өте көп кәсіпкер пайдаланады.

Шетелде көрме шараларын ұйымдастыру да жолған қойылған. Жыл басында алғаш рет Ресей Федерациясында өткен «Продэкспо» көрмесіне ұлттық стенд апарып қойды. Ол көрмеде 105 млн доллардың келісімшарты жасалды. Бұл – Қазақстанның Ресей нарығына шығарған тамақ өнімдері экспортының 30 пайызы деген сөз. Биыл «Alibaba» электронды сауда алаңында ұлттық павильонымыз ашылды. Осы нарықтағы 18 елдің бірі болып отырмыз», - деді Өмірбек Баштай.


Соңғы жаңалықтар