Қазақстан 7 жылда өндіріс саласында қандай нәтижеге қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — 2019-2026 жылдар аралығында Қазақстанда ірі өндіріс орындары ашылып, мыңдаған жұмыс орны құрылды. Жылына 190 мың автомобиль шығаратын өндіріс іске қосылды. Сонымен қатар жаңа зауыттар 106 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыды.
8,7 трлн теңгеге 1 226 өнеркәсіптік жоба іске асырылды
2019 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 8,7 трлн теңгені құрайтын 1 226 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 106,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.
Машина жасау, мұнай-газ химиясы, металлургия, тамақ және химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және басқа да салаларда жаңа өндірістік қуаттар іске қосылды. Елде автомобильдер мен автокомпоненттер, полипропилен, автомобиль шиналары, шыны парақтары, ферроқорытпалар және тұрмыстық техника шығару жолға қойылды.
Машина жасау: 187 жаңа жоба және 25 мыңнан астам жұмыс орны
2019-2026 жылдар аралығында машина жасау саласында 187 жоба жүзеге асырылып, 25 603 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Еліміздің әр аймағында қуат трансформаторларын, тракторларды, автобустарды, карьер және жол құрылысы техникаларын өндіру қуаттылықтары енгізілді. Автомобиль жасауды дамыту және автокомпоненттер шығарумен байланысты жеке бағыт бар. Жүзеге асырылған жобалар машина жасаудың әртүрлі сегменттерін қамтиды — электр-техникалық жабдықтардан бастап көлік техникаларына дейін.
Бес мыңнан астам жұмыс орнын құрумен жаңа автомобиль өндірістері іске қосылды
2025 жылы Алматыда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында Chery, Changan және Haval автомобильдерін шығару жобасы жүзеге асырылды. Инвестиция көлемі 182 млрд теңгені құрады, 3,6 мың жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 120 мың автомобильге жетеді.
Сондай-ақ, Қостанай облысында KIA Qazaqstan зауыты іске қосылып, ірі жоба жүзеге асырылды. Инвестиция көлемі 131,5 млрд теңгені құрады, 1,5 мың жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын жылына 70 мың автокөлік шығаруға арналған.
Екі жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 313,5 млрд теңгені құрады. Олардың өндірістік қуаттылықтары жылына 190 мыңға дейін автомобиль шығаруға мүмкіндік береді. Жобаларды жүзеге асыру аясында 5,1 мың жұмыс орны қарастырылған. Екі кәсіпорын да Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамыту жөніндегі жүзеге асырылған бастамалар қатарына енді.
2026 жылы елде 1,7 трлн теңгеге 200 өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланған
Ағымдағы жылы Қазақстанда жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн теңге болатын 200 өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 17,3 мың тұрақты жұмыс орнын құру күтілуде.
Анықтама деректеріне сәйкес, 2026 жылы 100 өнеркәсіптік жоба іске қосылып, оның аясында 7 029 жұмыс орны ашылған. Жоспарланған бастамаларды жүзеге асыру өндірістік қуаттарды одан әрі іске қосуды және тұрақты жұмыс орындарын құруды көздейді.
Қазақстандық АЭА 16 трлн теңгеге жуық өнім шығарды
Қазақстанда 2025-2026 жылдары құрылған төрт жаңа алаңды қоса алғанда, 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бизнеске ұсынылатын жағдайлар, инженерлік инфрақұрылым және мемлекеттік қолдау шаралары ауқымды жобаларды жүзеге асыруға және бәсекеге қабілетті отандық өнім шығаруға мүмкіндік берді.
Мемлекет бизнеске өндірістерді іске қосуды жеделдетуге, заманауи технологияларды енгізуге және экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге көмектеседі. АЭА аумақтарында барлығы 561 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 11,5 трлн теңгені құрады, 38 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Өнімдерді өндіру 15,9 трлн теңгеге жетті, оның 1,1 трлн теңгесі экспортқа тиесілі.
Елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін ірі жобалар арасында:
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС — бұл Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы аумағында іске қосылған елдегі алғашқы газ-химия кешені. Кешен елдің мұнай-газ химия кластерін қалыптастырудағы маңызды кезең болды. KPI жобалық қуаты жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайды, бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге және республиканың экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 366,2 млрд теңгеге өнім өндірілді.
«Тау-Кен Алтын» ЖШС — бұл жылына 25 тонна аффинаждалған алтын және 50 тонна күміс өндіретін «Астана — жаңа қала» АЭА негізгі жобаларының бірі. Жобаны іске асыру Қазақстан аумағында қымбат металдарды өңдеудің толық циклін қамтамасыз етуге және металлургия саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде зауытта 8,8 трлн теңгеден астам өнім өндірілді.
«СМИТ Орталық Азия» ЖШС «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы аумағында мұнай-газ, коммуналдық және энергетика салаларына арналған құбырлар мен фасонды бұйымдардың жетекші өндірушілерінің бірі болып табылады. Кәсіпорынның қуаты — жылына 30 мың тонна өнім. Мұнда халықаралық сапа талаптарына сәйкес келетін жылу оқшауланған құбыр жүйелері шығарылады. Өндірілген өнімнің көлемі 33,64 млрд теңгеге жетті.
«Түркістан тоқыма» ЖШС (Lihua Group) Түркістан облысындағы «Тұран» АЭА аумағында мақта-мата кешенін дамытуда. 2025 жылдың желтоқсанында өндірістің бірінші кезеңі іске қосылып, 430 жұмыс орны ашылды. Кешен толық қуатқа шыққаннан кейін жылына 11,4 мың тонна жіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек жаймасы мен 4 млн көрпе шығару жоспарлануда. Өндірісті дамыту отандық мақтадан дайын тоқыма өнімдерін өңдеуге және экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жамбыл облысындағы «Jibek Joly» АЭА-да «Shengtai Biotech» ЖШС (Fufeng Group) жүгеріні терең өңдеу зауытының бірінші кезеңі іске қосылды. Бірінші кезектегі қуаттылық — жылына 500 мың тонна жүгері. Жоба крахмал, амин қышқылдары және жемшөп қоспаларын шығаруды көздейді. Кешенді дамыту ауылшаруашылық шикізатын өңдеу тереңдігін және жоғары қосымша құны бар өнімдерді шетелдік нарықтарға жеткізуді арттыруға мүмкіндік береді. Барлық кезеңдерді іске асыру шамамен 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруды қарастырады.
Осылайша, арнайы экономикалық аймақтар ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға және Қазақстан экономикасын дамытуға кең мүмкіндіктер ашады. АЭА және индустриалды аймақтардың қызметін QazIndustry үйлестіреді.
Бұған дейін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында энергетика, өнеркәсіп саласындағы бірқатар құжатқа қол қойылғаны белгілі болды.