Қазақстан 85 елдің жас физиктерінің басын сәтті біріктіре білді - австралиялық қатысушы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 45-ші Халықаралық физика олимпиадасына (Iрho) қатысуға келген 85 елдің өкілдерінің басын біріктіргенін мақтан тұта алады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Австралия өкілі Александр Риттер мәлім етті.
А.Риттердің сөзіне қарағанда, бұл оның қатысып отырған екінші олимпиадасы. Ол осыған дейін, яғни, биыл Сингапурде өткен физика пәні бойынша Азия олимпиадасына да қатысқан көрінеді. Алайда, оған олимпиаданы өткізудегі қазақстандық нұсқа өте ұнаған екен.
"Осындай ауқымды іс-шараны өткізу үшін үлкен жауапкершілік пен нақты ұйымдастыру қажет етеді. Олимпиаданы ұйымдастырудан бөлек, оның қатысушыларының бойында жақсы бір әсер қалатындай етудің өзі үлкен шаруа. Осы тұрғыда қазақстандықтар алға қойған мақсаттарына қол жеткізе алды", - дейді А.Риттер.
"Осыған дейін мен Қазақстан туралы сырттан, әлеуметтік желілерден білетін едім. IPho арқасында осындай бір керемет елдің халқы және мәдениетімен жақын танысуға мүмкіндік алдым", - деп сөзін жалғастырды Австралия өкілі.
"Маған әсіресе, өзінің теңдесіз және әсем сәулетімен Астана қаласы, ұлттық нақыштағы киімдеріңіз бен әндеріңіз және қазақстандықтардың қонақжайлылығы ұнады", - дейді ол.
Австралиялық қатысушының айтуынша, Қазақстан өзінің заманауи әсем Астанасымен және оның қонақжай тұрғындарымен әрбір қатысушының есінде ұзақ уақыт сақтылатын болады.