Қазақстан ӘӘК ұшқыштары түнгі оқу-жаттығу ұшуларын өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Әскери-әуе күштеріндегі армиялық авиацияның ұшқыштары Ми-17 және Ми-24 тікұшақтарымен жауынгерлік атыстарды қолдана отырып, түнгі оқу-жаттығу ұшуларын жүргізді, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақстан ӘӘК ұшқыштары түнгі оқу-жаттығу ұшуларын өткізді

Ми-17 және Ми-24 тікұшақтарының экипаждары ұшу тапсырмаларының кезекті кезеңі аясында белгіленген орынға шығу, ауада барлау жүргізу және шартты қарсыластың позициясын анықтау сынды жауынгерлік даярлықтарды қиын жағдайларда орындады. Алматы облысында орналасқан Іле өзені ауданына қарасты «Қазақстан» полигонындағы жауынгерлік атыс барысында ұшқыштар ФАБ-100, ФАБ-120 авиациялық құралдарымен бомбалады. Сондай-ақ, калибрі 12,7 миллиметрлік қару-жарақпен және С-8 басқарылмайтын авиациялық зымырандармен шартты қарсыласқа оқ атты.

Шартты қарсыластың нысанасы 2,5 шақырым қашықтықта орналасты. 100-ге жуық бүркемеленген нысаналар және жауынгерлік бронды техника макеттері жойылды. Оқу-жаттығу ұшуларына 100-ге тарта әскери қызметші, оның ішінде армиялық авиацияның 5 экипажы қатысты. Ұшқыштар барлығы 200 жауынгерлік оқу-жаттығу ұшуларын орындады. Атулар түн жағдайында жүргізілгендіктен, экипаждардың тапсырмаларын қиындатылды. Жүргізілген оқу-жаттығулар барысында жас ұшқыштар баға жетпес тәжірибеге қол жеткізді деуге болады. Аға лейтенанттар Сергей Бикетов пен Ақжан Айтбаев алғаш рет жою құралдарын қолдана отырып, түнгі ұшуларға шығып отыр. «Әр түрлі оқу-жаттығу ұшуларын орындау арқылы ұшқыштарымыздың кәсіби деңгейін арттыру кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді. Ұшулар даярлығы бағдарламасы экипаждардың ұшу шеберлігін шыңдауға бағытталған», - деп атап өтті ӘҚК Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы полковник Дәурен Қосанов. Ұшуларға 55652, 19132 және 54835 авиациялық бөлімдерінің жеке құрамы қатыстырылды. Түнгі ұшулар жауынгерлік жағдайларда болатын толық экипаждар құрамында жүргізілді.