Қазақстан Абайдың «ғылым таппай мақтанба» деген ұлағатына лайықты еңбегімен жетті — Джон Гилл

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, Орталық Азияның білім беру және инновация орталығына айналу бағытында маңызды қадамдар жасап келеді. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындары әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштерін жақсартып, шетелдік университеттермен серіктестігін нығайтып жатыр. III Стратегиялық серіктестер форумында шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары еліміздің білім беру саласындағы жетістіктерін жоғары бағалап, қазақстандық тәжірибенің бүкіл түркі әлемі мен Орталық Азия үшін маңызын атап өтті.

Джон Гилл
Фото: Ақорда

Дарынды шетелдік жастар Қазақстанды таңдап отыр

Times Higher Education бас атқарушы директоры Джон Гиллдің айтуынша, ұйымның World University Rankings рейтингі бүгінде зерттеу университеттерін бағалайтын ең ірі жүйеге айналып отыр. Оған 118 ел мен аумақтан 2 297 жоғары оқу орны кіреді. 2021 жылы бұл рейтингке Қазақстанның 3 университеті ғана болса, ббиыл олардың саны 10-ға жетті.

— Көш басында — Назарбаев Университеті. Ол 2024 жылы әлемдегі зерттеу университеттерінің үздік 30 пайызының қатарына енген болатын. Екі жыл өткен соң 200 сатыға жоғарылады. Бұл — Қазақстан университеттері арасындағы ең үздік нәтиже және Орталық Азиядағы жетекші университет көрсеткіші. Мұндай нәтижелер көп жылдар бұрын қабылданған дұрыс шешімдер мен соларды табандылықпен іске асырудың арқасында келеді. Сіздер ғылым мен жоғары білімді ұлттық басымдыққа айналдырып, енді ол Конституцияда да бекітілді. Ғылым мен жоғары білімге салынатын инвестиция 5 жылда алты есе өсті. Ал ең жоғары деңгейден берілген бағдар өзгеріссіз қалды: Қазақстан университеттері әлемнің ең үздік оқу орындарымен бәсекеге түсуі тиіс, — деді мәртебелі мейман.

Оның мәліметінше. Қазақстан университеттері Times Higher Education рейтингінде барлық бес бағыт бойынша жақсарды және олардың орташа балы әлемдік орташа көрсеткіштен үш есеге жуық жылдам өсті. Ең үлкен өсім ғылыми зерттеулер саласында байқалып, зерттеу әлеуеті бір жылдың ішінде 12 балға артты.

— Бұл біздің барлық өлшемдеріміз бойынша ең ірі серпіліс, — деді Джон Гилл.

Мәртебелі мейман қазір Қазақстанда шетелдік университеттердің 33 филиалы жұмыс істейтінін, оларда 40 мыңға жуық шетелдік студент білім алып жатқанын атап өтті. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға жеткізу жоспарланғанына назар аударды.

— Біздің деректеріміз осы дамудың нақты әсерін көрсетіп отыр. Қазақстан халықаралық ықпалдастық көрсеткіші бойынша әлемдік те, азиялық та орташа деңгейден жоғары тұр және биыл қазақстандық кампустарда шетелдік оқытушылар мен шетелдік студенттер санының артуына байланысты бұл басымдық тағы да күшейді. Дарынды жастар Қазақстанды таңдауда, ал рейтингтер мұны айқын көрсете бастады. Қазақтың ұлы ағартушысы әрі философы Абай «ғылым таппай мақтанбауға» шақырған еді. Бүгінде Қазақстан бұл жетістікке лайықты еңбекпен жетті, — деді ол.

Қазақстанның білім саласындағы тәжірибесі түркі әлеміне үлгі

Шетелік беделді жоғары оқу орындарының бірі — Түркияның Гази университеті. Бұл білім ордасы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде филиалын ашып, жұмыс істеп жатыр. Форумға арнайы қатысқан Гази университетінің ректоры Угур Үнал екі ел арасындағы мұндай ынтымақтастық білім беру саласына және жастарға оң ықпалын тигізетінін айтады.

Ғылым
Фото: Ақорда

— Қазақстанның осы саладағы тәжірибесі мен атқарып жатқан жұмыстары түркі дүниесіне де үлгі болып отыр. Әсіресе, жүзеге асырылып жатқан Жасанды интеллект жөніндегі ұлттық бағдарлама жастарымызды жасанды интеллект туралы тек хабардар болып қана қоймай, оны дамытатын және жасайтын буын ретінде қалыптастырып жатыр, — деді ол.

Түркиялық ғалым Қазақстандағы бұл жобаны бірегей жүйе ретінде атап өтті.

— Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллектің болашақ мұғалімдерге тигізер әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, жаңа буынның осы саладағы құзыреттілігін арттыруда жасанды интеллект бағытындағы зерттеулер үлкен нәтиже беретіні анық. Ал сіздердің жасанды интеллект бағдарламаларыңыз бүкіл түркі әлемі үшін де маңызды үлгі, — деді ол.

Қазақстандық студенттер Гонконг университетінде ең жоғары орташа балл жинап жүр

ғылым
Фото: Ақорда

Гонконг қалалық университеті Қазақстанда өз өкілдігін ашып, Сәтбаев университетінің жанынан Зерттеу және инновация институтын құрған гонконгтық ең алғашқы университет болды. Аталған университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Нгай форум барысында Қазақстанның инновациялар мен адами капиталды дамыту жөніндегі ауқымды ұлттық іске асыру жолында серіктес болуды мәртебе санайтынын жеткізді.

— Қазақстан үшін біздің құндылығымыз тек рейтингтерде ғана емес. Басты құндылығымыз — бөлісе алатын мүмкіндіктерімізде: халықаралық тәжірибе, зерттеу әлеуеті, инновациялық платформалар, сондай-ақ студенттер мен ғалымдардың нақты нәтиже беретін жаһандық байланыстарға шығу жолдары. Қазақстанмен ынтымақтастығымыз қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп жатыр. 2026–2027 оқу жылында CityU Hong Kong-та 216 қазақстандық студент білім алып жатыр. Университетіміздің студенттері әлемнің 100 түрлі елінен келген. Ал қазақстандық студенттеріміз CityU Hong Kong-та емтихан нәтижелері бойынша ең жоғары орташа балл жинап жүргеніне өте қуаныштымыз, — деді ол.

Оның пайымынша, білім мен технологияға тұрақты инвестиция салу арқылы Қазақстан инновацияларды жеделдетеді, жаһандық серіктестерді тартып, жас таланттарға нақты міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Майкл Нгай
Фото: Kazinform

— Алдағы жоспарларға келсек, CityU Hong Kong Гонконг үкіметінің бастамасы болып табылатын және Гонконг экономикасының өсу драйвері саналатын «Солтүстік мегаполис» жобасы аясында жаһандық кампус салуды жоспарлап отыр. Ол білім беру, ғылыми зерттеулер, дата-орталықтар, инновациялық хабтар, студенттік қауымдастықтар мен халықаралық серіктестерді біріктіретін әлемдік деңгейдегі инновациялық әрі тұрақты университет экожүйесі ретінде жобаланған. Біз Қазақстан осы болашақты бірге қалыптастыруда маңызды серіктес бола алады деп сенеміз, — деді Майкл Нгай.

Қазақстан Орталық Азияның білім мен инновация хабына айнала алады — Heriot-Watt басшысы

Heriot-Watt университеті 1821 жылы Эдинбургте әлемдегі алғашқы механика институты ретінде құрылған. Екі ғасырдан соң дәл осы идея Батыс Қазақстандағы Ақтөбе қаласында жалғасын тапты. Онда 2023 жылы Президент бастамасымен университет кампусы ашылды. Қазір онда 600-ден астам — нақтырақ айтқанда, 623 студент қазақстандық және британдық қос диплом бойынша білім алып жатыр. Биыл қыркүйекте аталған 2 ғасырлық тарихы бар білім ордасының басшысы болып алғаш рет әйел адам — профессор Нола Хьюитт-Дандас тағайындалған еді.

Нола Хьюитт-Дандас
Фото: Ақорда

— Қазақстан өзін Орталық Азияның білім беру және зерттеу хабы ретінде барған сайын айқын танытып келеді. Біз осы өршіл мақсатқа үлес қосуды мақтан тұтамыз. Ақтөбедегі Жұбанов университетімен серіктестігіміз — халықаралық ынтымақтастықтың айқын үлгісі. Бағдарламаларымыз тек Қазақстан студенттері үшін ғана емес, көршілес елдердің жастары үшін де жаңа мүмкіндіктер ашып отыр, — деді халықаралық форумда сөз сөйлеген Нола Хьюитт-Дандас.

Оның айтуынша, екі елдің жоғары оқу орындары серіктестігінің үш маңызды бағытын бар. Біріншісі — халықаралық білімді студенттерге жақындату. Екіншісі — жергілікті университеттерді трансформациялау. Үшіншісі — зерттеулер мен инновацияларды ілгерілету.

— Осы үш бағыттан бөлек, серіктестігіміздің келесі кезеңі неғұрлым терең әрі тұрақты академиялық байланыстар құруға бағытталуы тиіс деп санаймыз. Мәселен, біз үшін басым бағыт — оқытушылар мен зерттеушілер арасындағы тығыз ынтымақтастықты дамыту. Профессор-оқытушылар алмасуы, бірлескен академиялық бастамалар және кәсіби даму мүмкіндіктері — мұның бәрі қазақстандық және халықаралық академиялық қауымдастықтардың халықаралық тәжірибесін нығайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар біз ынтымақтастықтың екі оқу орнына да пайда әкелуін қамтамасыз ете отырып, білім мен тәжірибе алмасуды қолдауға дайынбыз, — деді ол.

ғылым
Фото: Ақорда

Британдық ғалымның пайымынша, Қазақстанның қарқынды экономикалық және технологиялық дамуы университеттерге бизнеспен, зерттеу ұйымдарымен және мемлекеттік мекемелермен бұрынғыдан да тығыз жұмыс істеуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

— Біз Қазақстанды бүкіл Орталық Азиядағы академиялық өзара іс-қимылды кеңейтетін маңызды платформа ретінде қарастырамыз. Елдің артып келе жатқан халықаралық беделі, стратегиялық орналасуы және жоғары білімді дамытуға деген берік ұстанымы неғұрлым мықты өңірлік академиялық желілер құруға қолайлы жағдай жасайды. Біз оқу орындарын, зерттеушілер мен студенттерді шекарадан тыс байланыстыру арқылы осы үдеріске үлес қосу мүмкіндігін қуана қолдар едік. Қазақстанда халықаралық білім, ғылым және инновация тоғысып, бүкіл Орталық Азия өңіріне қызмет ететін орталыққа айналудың бірегей мүмкіндігі бар. Осы жолда Heriot-Watt университеті сіздердің ұзақ мерзімді серіктестеріңіз болып қала беретінін тағы да растағым келеді, — деді Нола Хьюитт-Дандас.