Қазақстан AI & Digital Bridge форумын өткізуге қанша қаржы жұмсады

АСТАНА. KAZINFORM – Astana Hub ұйымдастыратын ірі іс-шараларды қаржыландырудың негізгі көздері – демеушілер, жарнама келісімдері және IT-компаниялардың инвестициясы. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев Үкіметтегі брифингте AI & Digital Bridge форумына қатысты журналистердің сұрағына жауап бере отырып айтты.

Новые ИИ-решения для нефтегаза, госуслуг и робототехники представили на AI & Digital Bridge 2026
Фото: Үкімет

Журналистер форумды өткізуге қанша қаражат жұмсалатынын және оның қандай көздерден қаржыландырылатынын сұрады.

Бахтияр Мұхаметқалиевтің айтуынша, мұндай іс-шараларды қаржыландырудың әлемде қалыптасқан моделі бар. Оның аясында компаниялар форум алаңында өз өнімдерін таныстыру үшін стендтер орналастырады, сондай-ақ жарнамалық келісімдер жасалады.

– Компания форумға келіп, өз өнімін көрсете алады. Оның стенді неғұрлым үлкен болса, алатын кеңістігі де соғұрлым көп болады және сәйкесінше оның құны өзгереді. Бұдан бөлек, жарнамалық келісімдер бар. Ірі IT-компаниялар да белсенді түрде қаржы салады, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, форумдағы жарнамалар, бейнероликтер мен ірі стендтерді компаниялардың өздері қаржыландырады.

Вице-министр AI & Digital Bridge форумын ұйымдастыруға жұмсалған нақты соманы айта алмайтынын атап өтті.

– Қазір нақты қанша тұратынын айта алмаймын. Шынын айтқанда, білмеймін. Мұндай іс-шараны жоғары деңгейде өткізу үшін қомақты қаражат қажет. Бірақ, меніңше, ол нақты келісімшарттар арқылы өтеледі, – деді ол.

Бахтияр Мұхаметқалиевтің айтуынша, Astana Hub мемлекеттік орган емес. Сонымен қатар қазір ұйым өзін-өзі ақтау деңгейіне жетіп, министрліктен іс жүзінде қаржы алмайды.

– Astana Hub инвесторлар мен жарнама берушілерді тартып, осындай ірі іс-шараларды ұйымдастырады. Бұл шараларға азаматтар мен жастар қатысады, түрлі байқаулар өткізіледі, – деді вице-министр.

Ол мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты Қазақстандағы стартаптар экожүйесін және адами капиталды дамыту екенін атап өтті.

Айта кетейік, AI & Digital Bridge форумында қандай келісімдер мен меморандумдарға қол қойылғанын жазғанбыз.